Жақында Түркияның мәдени астанасы – Ыстамбұл қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Түркия театрлар қауымдастығы және Түркияда шығатын «Театр» газетінің ұйымдастыруымен түркі елдерінің театр қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Бұл салтанатты жиынға дүниенің түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар мен Түркияның белді театр саңлақтары жиналды. Театр өнерінің әр саласы бойынша үздіктер анықталып, оларға арнайы жүлделер табысталды.
Осы мәртебелі халықаралық байқаудың қазылар алқасының шешімімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан «Түркі әлемінің ең үздік драматургі» атағын иеленді.
Салтанатты шарада марапатты халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, әйгілі жазушы-драматург Сұлтан Раев және «Театр» еларалық басылымының бас редакторы, атақты театр сыншысы Нұрхан Услу табыстады.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Думан Рамазанның бұл жоғары марапатқа лайық екенін былайша түсіндірді:
– Думан Рамазан бауырымның драмаларымен бұрыннан таныспын. Ол драманың қыр-сырын жетік білетін, ой-орамын тереңдеткен мықты драматург. Тарихи тақырыпта да, қазіргі заман туралы да әбден зерттеп, біліп жазады. Оның ішкі қарама-қайшылық пен эпикалық шиеленісті ерекше бір жүйелі стильде баяндайтын айқын артықшылығы бар.
Думан – қазақ драматургиясындағы ерекше құбылыс, эстетикалық жаңалық, жаңа белес. Оның соңғы жылдары ұлттық сахнада жасаған тарихи полотнолары бүгінгі театрдың биігіне сай. «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Жошы хан» және басқа да тарихи драмаларында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге деген тарихи көзқарасты қапысыз бейнелеген.
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық драма театрының сахнасында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы – қазақ мәдениетіндегі жаңа кезеңнің басталғанының айқын белгісі, – деп жоғары баға берді.
«Қазақ әдебиеті» газеті жазушы-драматург Думан Әмірғалиұлын «Түркі әлемінің ең үздік драматургі» атағын иеленуімен шын жүректен құттықтайды!
Дереккөз: Qazaqadebieti