2024 жылдың 30 қарашасында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров Сеул қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шара шетелдегі қазақтардың ұлттық құндылықтарын сақтау және Қазақстанмен байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында сөз сөйлеген «Qazaq Nomad» ұйымының төрайымы Жанат Қадырова 2025 жылдың сәуір айында Сеулде Азия елдері қазақтарының құрылтайын ұйымдастыру ниетін білдірді. Бұл бастама қазақ диаспорасы өкілдері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Іс-шара аясында «Отандастар қоры» атынан «Qazaq Nomad» ұйымының төрайымы Жанат Қадыроваға, «Томирис» ұйымының басшысы Назгүл Қарабаеваға және ұйым белсенділеріне алғыс хаттар табыс етілді. Бұл марапаттар олардың шетелдегі қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттау, жастарды қолдау және диаспораның рухани байланыстарын нығайту бағытындағы еңбектерін жоғары бағалаудың белгісі ретінде табысталды.
Кездесу барысында қазақ диаспорасы өкілдері мәдени іс-шараларды жиі өткізу, жастарды қолдау және Қазақстанмен мәдени, білім және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, шетелде тұратын қазақтардың кәсіби жетістіктерін пайдалана отырып, екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Кездесу ашық және достық форматта өтіп, диаспора өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін берді.