Токиода қазақ диаспорасымен кездесу өтті

26 Қараша 2024
  • 2024 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров бастаған делегация Токио қаласындағы отандастарымызбен  кездесу өтті. Жиынға Жапонияда тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының арасынан шыққан дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
  •  
  • Кездесу барысында қазақ диаспорасының өкілдері өздерінің жетістіктері мен бастамаларын ортаға салып, Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени және әлеуметтік байланыстарды нығайту жолдарын талқылады.

  • Васеда университетінің оқытушысы Марал Андасова жапон және қазақ мәдениеттерін екі елде насихаттайтын ұйым құрғанын және ғылыми кітаптар шығару ісімен айналысатынын мәлімдеді. Ол екі елдің рухани құндылықтарын жақындастырып, мәдениет пен білім саласында әріптестікті нығайту қажеттігін атап өтті.
  •  
  • Ринги акционерлік қоғамының директоры Ержан Қаратаев Қазақстанды Жапонияда танытуға арналған шараларды өткізуге бағытталған идеяларымен бөлісіп, бұл шаралардың қазақ мәдениеті мен дәстүрін жапон жұртшылығына кеңінен танытуға үлес қосатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, Қазақстанның мәдениетін дәріптеу мақсатында екі ел арасындағы іскерлік және қоғамдық байланыстарды одан әрі дамыту маңызды.

  • Жапонияда танымал қазақ дәрігері Әбдібек Қалибек тұрақты түрде Наурыз және басқа да ұлттық мерекелерді ұйымдастырып, қазақ диаспорасы өкілдері арасындағы бірлікті нығайтуда ерекше рөл атқарып келеді. Оның Қазақстанның мәдени мұрасын Жапония мен әлем деңгейінде насихаттауға қосқан үлесі үшін Отандастар қоры атынан Алғыс хат табысталды.
  •  
  • Мицубиши Фусо компаниясының қызметкері Жасұлан Мамбаев Жапонияда жастар бірлестігін құру туралы маңызды ұсыныс көтерді. Бұл бастама шетелде тұратын қазақ жастарының белсенділігін арттырып, олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға бағытталған.

  • Қоғам президенті Данияр Қадыров шетелде тұратын қазақтардың жетістіктері мен белсенділігін жоғары бағалап, олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға бағытталған жобалармен бөлісті. Ол қазақ диаспорасының мәдени және кәсіби жетістіктері Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға үлес қосатынын атап өтті.
  •  
  • Кездесу ашық әрі жылы шырайлы форматта өтіп, диаспора өкілдері арасындағы тығыз байланыстарды орнатуға, өзара тәжірибе алмасуға және серіктестік қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға берік негіз қалады.
Токиода қазақ диаспорасымен кездесу өтті