Ү.ж. 25 қарашасында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров бастаған Қоғам делегациясы Жапонияда бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Токиода делегация JICA ұйымның (Japan International Cooperation Agency) Латын Америка бөлімінің Этникалық жапондармен ынтымақтастық жөніндегі басқарма басшысы Кондо Нобутакамен кездесті. Кездесу барысында этникалық жапондармен жұмыс істеудің үздік тәжірибелері, мәдени және гуманитарлық жобаларды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, Отандастар қоры мен JICA арасында тәжірибе алмасу және болашақта бірлескен жобалар ұйымдастыру перспективалары қарастырылды.
Иокогама қаласында делегация Жапон диаспорасы қауымдастығының төрағасы Катсуюку Танакамен кездесу өткізді. Оның барысында қазақ диаспорасының Жапониядағы мәдени және әлеуметтік өмірін қолдау, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Қоғам президенті жапон тарапынан көрсетілген қонақжайлық пен өзара ынтымақтастыққа деген қызығушылықты жоғары бағалады. Ол Жапонияның диаспорамен жұмыс істеу тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды екенін және осы бағытта тәжірибе алмасудың екі жаққа да тиімді болатынын атап өтті.
Бұл кездесулер Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, этникалық байланыстарды нығайтуға серпін беретіні сөзсіз.