Жуырда сән әлемінің астанасы – Миланда өткен сән апталығында дүниежүзін мойындатқан ірі брендтер көз сүйсіндірер ерекше топтамаларын көрерменге паш етті. Әлем асыға күтетін олардың коллекцияларын подиумға алып шыққан модельдердің қатарында біздің отандастарымыз да бар.
Милан төрінде Ертай Әбдібеков Emporio Armani, Рахат Көшкінбаев Balenciaga, ал Нұрсұлтан Оңдас JW Anderson брендінің киімін көпшілікке таныстырды. Бұл іске Рахат пен Нұрсұлтаннан ерте араласқан Ертай модель болуды тіпті де армандамағанын, бірақ уақыт өте келе сүйікті ісіне айналғанын айтады. Миланнан Парижге оралған Ертайға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Ертай, модель болуды бұрыннан мақсат тұттың ба? Әлде бәрі кездейсоқ болды ма?
– Жоқ, модель болуды армандаған емеспін. Танымал болуды да мақсат тұтпадым. Мен Алматы қаласында тудым, бірақ тоғыз жасымда отбасыммен бірге Алматының шетінде орналасқан Қаскелең қаласына көшіп келдік. Бастапқыда гимназияда, сосын орта мектепте білім алдым. «Кім болуды армандадың?» дегіңіз келсе, басында аспаз болғым келетін. Өйткені мен тамақ әзірлегенді ұнатамын. Одан кейін ұшқыш болуды армандадым. Бірақ көлікке мінсем басым айналатын болғандықтан, бұл арманымнан бас тартуға тура келді. Қаскелеңде орта мектепті бітірген соң, таңдауым диджитал маркетолог мамандығына түсіп, Сулейман Демирел атындағы университеттің экономика факультетіне оқуға түстім. Қазір сонда 3-курста оқимын.
– Ал сән индустриясына қалай келдің?
– Мектеп бітірген кезде сол уақытта көңіл жарастырып жүрген қызым Алматыдағы Bacca models агенттігінің кастингіне қатысып, бағымды сынап көру туралы ұсыныс айтты.
«Қатыса салайын, бәрібір мені ешкім алмайды» деп немқұрайлы қарап, бара салдым. Кейін агенттік жетекшілері ол кастингке жүзге жуық адам қатысқанын, бірақ олардың арасынан мені ғана таңдап алғанын айтты. Басында «шок» болдым. Ата-анам да қатты таңғалды. Бірақ бірте-бірте модель болуға лайық екенімді түсініп, аталған индустрияға бас сұға бастадым.
Мен шетелге шығуды, келісімшарттар жасасуды жуырда ғана бастадым. Бұл – мен қатысып тұрған екінші маусым. Мен сән әлеміндегі алғашқы қадамым Париж қаласынан басталды. Тура бір жыл бұрын онда өткен сән апталығында Alyx Studio мен Amiri брендтерінің көрсетіліміне модель ретінде қатысқанмын. Бастықтарымның айтуынша, сол кезде Еуропада бірінші рет шоу жасаған қазақ ер адам мен екенмін.
Біздің қыздар ондай үлкен подиумға жиі шығып жүр ғой. Ал ерлерден мен бірінші бастадым. Париждегі подиумға шығуым Қазақстан моделлингі үшін үлкен жаңалық болды. Оған қатысқан бірінші қазақ болғандықтан, сол көрсетілім кезінде Қазақстанда модель ісімен айналысатындар мені бақылап отырды десем артық айтпаймын.
Негізі, мені ол көрсетілімдерге көп уақыт бойы дайындады. Сол үшін уақыт өте келе өз-өзіме сенімім молая түсті.
Осы ретте айта кететін жайт, Анна Лесовая жетекшілік ететін біздің агенттік бүгінде Қазақстанды, соның ішінде қазақ модельдерін танытуға барын салып жатыр.
– Иә. Анна сұхбатқа келісу кезінде елде бизнесті нөлден бастағанын, модель бола алатын келбетті қазақтар бар екенін әлемге танытқысы келетінін айтқан еді.
– Иә. Расында Миланға Қазақстан құрамасы болып ұшып келдік қой (күліп). Ол апталыққа қазақтардан менен бөлек, Рахат Көшкінбаев пен Нұрсұлтан Оңдас қатысты. Рахатты елдегі көпшілік білуге тиіс. Өйткені ол туралы біраз ақпарат агенттіктері жарыса жазды.
Миланда өткен апталықта мен Emporio Armani-дің екі киім үлгісін таныстырдым. Рахат Balenciaga брендінің киімін, ал Нұрсұлтан дебют жасап, әлемге әйгілі JW Anderson брендінің киімдерін көрсетті. Біз үшеуіміз де Bacca models агенттігінде жұмыс істейміз. Мен агенттікке бірінші болып жұмысқа тұрдым. Рахат қатарымызға былтыр қыста, ал Нұрсұлтан жақында қосылды.
Расында да әлемдік деңгейдегі подуимға шығатын отандастар қатары бірте-бірте көбейіп жатыр.
– Ата-анаң болашағыңды модель ісімен байланыстырамын деген шешіміңді қалай қабылдады?
– Бастапқыда қуанды. Содан соң келісімшарт жасасу кезінде бұл таңдауыма біраз күдікпен қарады. Елдегі көпшіліктің сән индустриясынан онша хабары жоқ екенін білесіз ғой. Сондықтан олар байыбына жетіп түсініп, ақ-қарасын ажыратып алу үшін бірнеше заңгер жалдап, келісімшартты егжей-тегжейлі тексерткізді. Кейін бәрі таза, агенттік өкілдеріне сенім артуға болатынына көз жеткізген соң, райынан қайтып, менің шешімімді құптады.
– Кейбіреулер кездейсоқ кастингке қатысса да, бұл істі әрмен қарай іліп әкете алмай жатады. Ал енді біреуі кішкене күнінен түрлі агенттіктің кастингіне қатысып, саналы түрде дайындалады. Бұл іс саған бірден ұнады ма? Әлде жүре келе ұнаттың ба?
– Маған әпкем «Сен модель бола аласың. Агенттікке барып көрсеңші» деп үнемі айтатын. Екеуіміз бала кезде America’s Next Top Model бағдарламасын жиі тамашалайтынбыз. Ол кезде кішкентаймын ғой. Тек әдемілікке қызығатынмын. Өсе келе де сән әлеміне асқан бір қызығушылық болмады. Бірақ бір жыл бұрын сән әлеміне бір кірген соң, бұл индустрияның сан қырлы, сырға толы екенін түсіндім. Қазір бұл іс өзіме қатты ұнайды.
Өткен аптада Миланда өткен көрсетілімнен кейін екі езуімді әлі жия алмай жүрмін. Мен туралы жиі жаза бастаған соң, ата-анам, дос-туыстарым мақтан тұтатынын айтып, ыстық лебіздерін жеткізіп жатыр. Төбеңді көкке жеткізетін мұндай сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін!
Мысалы, бүгін әлемге спорт киімдерімен танымал Asics брендінің спорттық аяқкиімін жарнамалайтын түсірілімге қатысып, жұмыс процесінен ерекше ләззат алып қайттым.
Жалпы, көрсетілімге шығу, суретке түсу бір басқа. Ал кадр сыртындағы жұмыстан алар әсерім тіптен бөлек. Қалай айтсам болады екен? Қараңыз, ұнағаны сонша, тіпті сөзбен сипаттай алмаймын. Түсірілім кезінде фотограф, мейкапер, стилист, дизайнермен достық қарым-қатынас орнатып, жайлы атмосфера орнаған әлемге еніп кетесің.
Мен модель болғанға дейін сәнді киіне де алмайтынмын. Модельдердің көбі солай ғой. Біреуін көшеден, біреуін автобустан көріп қалып, жұмысқа шақырады. Енді бірі мен секілді кастингтен өтеді. Маған сәнді киінуді менен ақылын аямайтын агентім Алекс пен латвиялық досым үйретті. Emporio Armani көрсетілімі кезінде.
– Сән апталығы сайын күллі әлемді таңғалдырып жүрген Emporio Armani-дің киім үлгісін көрсетуге қалай шақырылдың?
– Әлбетте, басында таң-тамаша болдым. Деңгейі басқа. Атмосферасы өзгеше. Алдымен олардың кастингіне қатыстым. Әлгі кастингке мыңнан астам модель қатысты. Кастинг барысында брендтің негізін қалаушы, дизайнер және кастинг директор сенің жүру стиліңе ерекше мән береді. Әрі киіну стиліңе де баса назар аударады.
Мен Emporio Armani-дің кастингіне түрлі стильді біріктіріп, киініп бардым. Біле білсеңіз, әр брендті өзіндік жүру стилі арқылы таныстыру қажет. Мысалы, Balenciaga көрсетілімдеріне байсалды түрмен шығуың керек. Ал Yves Saint Laurent сән үйінің өкілдері өте арық модельдерді іріктеп алады.
Айтпақшы, кастинг барысында түсірген видеомды әлеуметтік желіге жүктеп салғанымда, кейбіреулер «Егер сені онда модель ретінде мақұлдаса, күлер едім» дегендей пікірлер жазып, мұны болмашы жайтқа теңеді. Кейін маған хабарласып фиттинг, яғни киім өлшеу процесі басталғанын айтты. Бұл дегеніміз – мені модель ретінде жартылай бекітті деген сөз. Ақырында мені түбегейлі бекітіп, жұмысқа шақырған кезде әлгі маған «күлер едім» дегендердің хабарламасын оқып отырып мен күлдім.
Айтпақшы, Emporio Armani брендінің негізін қалаушы Джорджо Арманимен аз-маз сөйлесіп, суретке түстім. Сексен сегіз жастағы дизайнердің өте қарапайым, ашық кісі екенін байқап, таңғалдым. Джорджио Арманимен бірге
– TikTok-тағы жеке парақшаңда Emporio Armani-ден сыйлық алғаныңды жазған едің.
– Ол жазбам үлкен аудиторияға таралатынын білгенде, салмас едім дейді күлімсіреп. Олардың берген сыйлығы ұнады. Ол көрсетілімде елуге жуық модель подиумға шықты. Ірі брендтердің көрсетілім аяқталған соң модельдерге сыйлық беретін дәстүрі бар. Осы жолы маған Emporio Armani өкілдері спорт киім жиынтығын сыйлады.
Бұрын Emporio Armani-дің көрсетілімін қарап отырып, бір күні мен де осылай подиумға шығамын деп тіпті армандамағанмын. Бірақ сәтін салып, екінші маусымда осындай ірі брендтің киім үлгісін таныстыруға лайық модель деп танылғаныма қуаныштымын.
– Бұл сен жұмыс істеген бірінші үлкен бренд шығар?
– Жоқ. Оңтүстік Кореяға шақырылып, Samsung-тің Galaxy S23 Ultra телефоны таныстырылған жарнамаға түстім. Оны Кореяның ең үлкен билбордынан көрсетті. YouTube-тан, жалпы барлық әлеуметтік желіден де таратылды. Қазақстанға да таралуын күткен едім, бірақ шықпай қалды. Осы жарнамадан соң көпшілік мені тани бастады.
Бірде кафеде отырған кезде егде жастағы ерлі-зайыптылар мені теледидардан көргенін айтып, бірге суретке түсуімді өтінді.
Сосын Dolce & Gabbana сән үйі өкілдерінің Таиландта өткізген жабық көрсетіліміне қатыстым. Онда Dolce & Gabbana сән үйінің негізін қалаушы дизайнерлердің кезінде өз қолдарымен тіккен, қазір мұражайда тұрған эксклюзив киімдерін таныстырдық. Сол кезде ұйымдастырушылар мені Таиландтың бір әртісіне ұқсатып, көрсетілімге шақырғанын айтқан еді.
– Сені ол жақта басқа Азия халықтарымен шатастырмады ма?- деп сұрағалы отырмын. Бірақ сен, Рахат, Нұрсұлтан үшеуің Париж, Миландағы сән апталықтарына қатыса бастағалы бері көпшілік қазақ екендеріңді ажыратып, айнымай тани бастаған секілді.
– Иә, өйткені бұл индустрия бізде енді дамып келеді. Қазақстанда модель агенттігі жетерлік. Бірақ олар әлемдік нарыққа шығудың жолын білмейді. Ал мұны сәтті іске асырып жатқан, «Қазақ модельдер осындай болады» деп бізді таныстырып жүрген біздің агенттік қана. Бұл бір жағынан, әлбетте, қуантарлық жағдай. Бірақ екінші жағынан шынында қынжылтатын жағдайлар да бар. Себебі елде әлемдік деңгейге шығу керек екенін ешкім айта бермейді, жарнама дұрыс жасалмайды. Жас модельдер шетелдегі көрсетілімдерге қатысып, Қазақстанды танытуға барынша тырысып жүр.
Мақтамай-ақ қояйын, бірақ біздің директор бастаған топ көп модельді тауып, жаттықтырып, үйретуге барын салып жатыр. Мұндай қарқынмен жұмыс істей беруді жалғастырсақ, жуырда Еуропа жұрты Қазақстаннан екенімізді айтқызбай-ақ танитындай деңгейге жетеміз деп ойлаймын.
Жаңа сіз Азияның басқа халықтарымен шатастыруды сөз еттіңіз ғой. Мен бір жыл бұрын қырыққа жуық кастингке қатыстым. Айналамдағылардың «Қайдансың?» деген сұрағына «Қазақстаннанмын» деп жауап берсем, «Ол қайда?» деп таңдана сұрайды.
Оңтүстік Корея мен Таиландта келісімшартпен жұмыс істеген кезде менің біресе кәріс, біресе тай деп ойлап, жақын тартады. Кей жағдайда ата-анам екі ұлт өкілі деп топшыласа керек. Бірақ үнемі қайдан, қай ұлттан тарайтынымды айтып жүрген соң, қазір кастингтерге қатысқанда бәрі қазақ екенімді, Қазақстаннан екенімді жақсы біледі.
Қазір сіз атап өткендей, әлемдік деңгейдегі көрсетілімдерге жиі шығатын қазақстандық модельдер саны арта бастаған соң, көпшілік біздің елде де модель болуға лайық келбетті жандар барын біледі. Қазақ модельдің бет-әлпеті қандай болатынын ажырата алады. Азиаттар тобына жатсақ та, кәрістер, жапондардан айырмашылығымыз бар екенін біледі. Сондықтан мен өзімді подиумда тек брендті емес, ұлтты, елді таныстырып жүрмін деп ойлаймын.
– Ендігі жоспар қандай? «Мына брендтің киім үлгісін таныстырсам ғой», «Мына компанияның жарнама ролигіне түссем ғой» деген арманың бар ма?
– Алдағы уақытта Prada сән үйінің көрсетіліміне қатысқым келеді. Сосын, әлбетте әлемдік брендтердің бет-бейнесі атануды армандаймын. Жалпы Париж бен Миланда өтетін көрсетілімдерде жаңа маусымның ашылуы, жаңа коллекциялардың таныстырылымы болады. Ал басқа кезде модельдер көбіне Нью-Йоркте немесе Лондонда орналасқан түрлі брендтермен жұмыс істейді. Сол секілді мен де сол екі ірі қалада жұмыс істеп қайтуды көздеп отырмын.
Қазір Америкамен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал Лондондағы агенттікпен келісімшарт жасасқан. Парижден соң Қытайға жол жүргелі отырмын. Сосын Нью-Йорк немесе Лондонға жұмыс істеуге барамын.
– Түсірілім немесе көрсетілімге қатысу кезінде көп жағдайда қабағын түйіп алатынын бағамдап, «Осы модельдер табиғатынан тұйық па, қалай?» деп ойлайсың. Ал сен қандайсың? Модель болғалы бері мінезіңде өзгеріс байқалды ма?
– Бұл істі қолға алғалы бері жақсы жаққа өзгергенімді байқаймын. Көкжиегім кеңейіп, айналама мүлде басқа көзқараспен қарай бастадым. Бұрын сөйлесуге онша жоқ едім. Ал қазір көп адаммен араласамын. Күн сайын жаңа дос табамын. Өз-өзімді дамытып, білімімді жетілдіріп жүрмін. Ағылшыншам жақсарды. Француз тілін де түсіне бастадым. Кореяда жұмыс істегенде кәріс, Таиландта жүргенде тай тілін де біраз үйреніп алдым.
Қалыптасқан тағы бір жақсы әдет, елдің айтқанын елемейтін болдым. Ресей, Қазақстанда тұратын көпшілік егер ер адам модель болып жұмыс істесе, оның ориентациясы басқа деген ой түйеді. Менің айтарым – бұл тіпті де олай емес!
Жалпы, модель болғаным үшін келемеждейтіндер баршылық. Бірақ мен олардың айтқанына құлақ аспаймын.
– Олай айтатындарға жауабың дайын ғой. Өзің айтқандай, сен подиумда қазақ ұлтын, қазақтың келбетін таныстырып жүрсің.
– Рахмет! Енді пиғылы жаман адамдарға қалай жауап беру керек екенін білемін! Осы ретте сүйікті ісімен айналысқысы келіп жүргендерге әсіресе, мен секілді модель болғысы келетіндерге айтарым әлдебіреулердің сөзін жүрекке жақын қабылдамаңдар.
Сын көп естігендердің бірі менмін. Бірақ менің сағым сынған жоқ. Ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Патша көңілің қалаған істі қолға ал. Сен шын қаласаң, бәріне де қол жеткізесің. Кейде қаламасаң да, шыңға шығарып жібереді. Сондықтан өз ісіңе адал болуға тиіссің. Түбі нәтижесін беретіні анық.
– Бос уақытыңда немен айналысасың? Қандай хоббиің бар?
– Таза ауада қыдырғанды ұнатамын. Сосын аниме қараған ұнайды. Компьютер ойындарын ойнаймын. Бос уақытта ата-анама көмектесуге тырысамын.
Анам Қаскелеңде кондитерлік іспен айналысады. Түрлі бәліш, кекс пен тоқаш пісіреді. Жоғарыда айтып өткендей, мен тағам әзірлегенді ұнатамын. Сондықтан анамның көмекшісімін десем болады.
– Әңгімеңе рахмет! Ойлағаның іске ассын!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Фото: Ертай Әбдібековтің жеке мұрағатынан