Миллион лайық іс атқарған қазақ арулары

15 Қыркүйек 2025

2025 жылғы 6 қыркүйекте Астанада Дүниежүзі қазақтың «Мықты әйелдер» форумы өтті. Форумға әлемнің 12 елінен өз саласында биік жетістікке жеткен қазақ қыздары мен халықаралық сарапшылар жиналды. Әр спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, шетелде жүрсе де қазақы болмысын сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жолдарын айтты. Осы іс-шараға қатысып, қазақ диаспорасының өкілдері мен сарапшыларымен сұхбаттасудың бізге де сәті түсті.

«Әйел әрқашан ізденісте болуы тиіс»

Үміт Дауленова – форумның ұйымдастырушысы, Испаниядағы «Мөлдір үміт» қазақ арулары ұйымының төрайымы, «Шетелдегі Қазақ Аулы» жобасының авторы.

– Қайырлы күн, Үміт ханым, сізді көргенімізге өте қуаныштымыз! Форум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бүгін қаншама елден, әр түрлі жерден қазақ әйелдері жиналып жатыр  және де сізде болашақта осы форумды жалғастыруға немесе басқа іс-шаралар жоспарларда барма?

– Форумға 12 елден қазақтың мықты қыздары келді. Бұл тек бір реттік шара емес, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жобаға айналады деп ойлаймын. Қазақстанда алғаш рет қазақ әйелдерінің басын қосып, тәжірибе алмасу үшін осындай кеңістік жасалды. Басқа іс-шаралар шетелде тұрып жатқан қазақтар арасында өтеді.

– Керемет! Жалпы қазақтың құндылықтарын заманауи лидер ролімен қалай ұштастырып жүрсіз?

–  Бүгінгі форум заманауи лидерлік пен ұлттық құндылықты ұштастырып тұрғанының дәлелі. Шетелде жүрген сондай білімді қыздардың өздері қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде презентация жасап, өздерінің ойларын қосып жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Осыны ерекше атап өткім келеді. Заманауи сахнада біздің қазақ қыздары белсенді түрде атсалысып жатыр.

– Жалпы әйелдерге берер үш кеңесіңіз қандай?

– Әйел өзінің Алладан берілген нәзіктігін мен қасиетін жоғалтпай, сонымен бірге өзінің ішкі мықтылығын да құрметтей білуі керек. Алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін әрекет жасауы қажет. Әйел әрқашан ізденісте болуы керек. Арманы таусылмасын, үміті үзілмесін, әрекет жасаудан шаршамасын. Сонда ғана әйел шынымен мықты болады.

– Рахмет сізге. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!

«Ұлттық болмысты сақтауда әйелдің рөлі зор»

Ақмарал Әмірқұлова – қазақ тілі мұғалімі, «Мықты әйелдер» форумның спикері. 1998 жылдан бері Бельгияда тұрады. 2009 жылы “Шаңырақ” қазақ қоғамын ашып, соны басқарып келеді.

– Қайырлы күн, Ақмарал ханым. Сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Жалпы ұлттық құндылықтарды, қазақы мәдениетті шетелде қалай сақтап жүрсіз?

– «Шаңырақ» қоғамын ашқандағы басты мақсатымыз – ұлттық мәдениетімізді, тілімізді сақтап қалу болды. Сондықтан біз көптеген іс-шаралар ұйымдастырамыз. Балаларға қазақ тілін, әдебиетін үйретемін. Өзім мамандығым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Қазақ балаларына ғана емес, Бельгияда тұратын басқа ұлт өкілдеріне де қазақ тілінен сабақ беремін.

– Ал осындай форумдардың маңызы туралы не айтар едіңіз?

– Мұндай форумдар өте қажет. Олар қазақ әйелдерін ғана емес, әлемдегі қазақтарды біріктіреді. Мен Үміт ханымды бұрыннан білемін, Испанияда тұрады, біз көптен араласамыз. Сондай-ақ Еуропадағы басқа да қазақ әйелдерімен тығыз байланыстамыз. Бізде арнайы ортақ чат бар, онда ой бөлісіп, тәжірибе алмасып отырамыз. Форумдар – сол байланыстарды нығайтуға, білім мен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Сондықтан бұл бастаманы өте құптаймын.

– Әйел ретінде шетелде тұрып, ұлттық болмысты сақтаудың мәні туралы не ойлайсыз?

– Әйел – отбасының тірегі. Шетелде жүріп, қазақы дәстүр мен мәдениетті сақтауда әйелдің рөлі зор. Біз балаларымызға ана тілін үйретіп, ұлттық болмысты сіңіре білсек, қазақ қоғамының болашағы үшін үлкен үлес қосқанымыз деп білемін.

«Байланыс үзілмеуі керек»

Камшат Демеуова- Нидерландтағы Гаага қаласындағы қаржы, экономика және логистика салсының маманы, «Мықты әйелдер» форумның спикері.

– Қайырлы күн, Камшат ханым. Сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Форум жайлы пікіріңіз қандай?

– Қайырлы күн. Менің атым Камшат Демеуова. Осы Дүниежүзі қазақ әйелдерінің мықты әйелдер форумы аясында «Мөлдір үміт» қоғамдық қорының шақыруымен Нидерландтың Гаага қаласынан арнайы келіп қатысып отырмын. Қазақ әйелдеріне осындай керемет мүмкіндік жасап отырған «Мөлдір үміт» ұйымының төрайымы Үміт Дауленова ханымға, сондай-ақ мәдениет саласының үздігі әрі ғалым Гүлнар ханымға шексіз алғысымды білдіремін. Өйткені мұндай форумдар қазақ қоғамын әрі қарай дамытуға, қазақ әйелінің алдыңғы қатарлы, үлгі боларлық өмірін дәріптеуге, жастарды соған қарап тәрбиелеуге үлкен үлес қосады деп сенемін.

– Әйел ретінде шетелде тұру және ұлттық қазақи құндылықтарды сақтаудың қандай қиындықтары бар?

– Әрине, қиындықтар бар. Өзіңнің еліңнен, тіліңнен алыстаған кезде, әсіресе балалардың басқа мәдениетте ассимиляцияланып кету қаупі өте жоғары болады. Негізінен біз қазақ халқы бейімделгішпіз. Бірақ мен үшін ең үлкен қорқыныш – өз тілімізден, өз дәстүрімізден ажырап қалу. Сол себепті біз отбасымызда, күнделікті өмірде тек қана қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз. Өзіміз 4–5 тіл білсек те, балаларыммен және туыстарыммен тек қазақша сөйлейміз. Сонымен бірге, Нидерландтағы қазақ диаспорасының өкілі ретінде елшілікпен бірлесіп, барлық қазақ мәдени шараларына атсалысамыз. Бұл – ең алдымен өз ұрпағымның бойына ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті сіңіру үшін жасаған үлесім деп есептеймін. Сондықтан осыған ерекше мән беремін. Бұл – менің жүрегімде әрдайым тұрған мәселе.

– Өте керемет. Қазақы болмысыңызды сақтап, соны балаларыңызға жеткізіп жүргеніңіз қуантады. Әлемдегі қазақ әйелдерінің байланысын күшейту үшін қандай шаралар жасалу керек деп есептейсіз?

– Менің ойымша, қазақ әйелі әрдайым бірлікте болуы тиіс. Қандастарымызбен тұрақты түрде коммуникация орнату маңызды. Байланыс үзілмеуі керек. Қазіргі заманда әлеуметтік желілер бар – Instagram, басқа да платформалар арқылы сөйлесуге, пікір алмасуға болады. Сондай-ақ осындай форумдардан қалмай, белсенді түрде атсалысу қажет. Бір-бірімізді мерекелерде, мысалы, Наурыз сияқты ұлы күндерде құттықтап, мәдени іс-шараларда кездесіп тұруымыз керек. Бұл бізді жақындастырады.

– Әйелдерге берер кеңесіңіз қандай болар еді?

– Ең бастысы – өз үміттеріңізді жоғалтпаңыздар. Жай ғана армандап қоймай, сол үмітті әрекетке айналдырыңыздар. Тәуекелге барудан қорықпаңыздар. Арзан коучтар мен ақылы блогерлердің жетегіне ермей, ресми оқу курстарына қатысып, білімді тереңдеткен дұрыс. Өзіңізді дамытуға тұрақты түрде уақыт бөліңіздер. Сол кезде әйел қандай жағдайда да өз орнын таба алады.

«Әйелдің қоғамда да өз орны бар»

Зауреш Хайса – Моңғолиядағы Арулар қазақ әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры, «Мықты әйелдер» форумның спикері.

Қайырлы күн, Зәуреш ханым! Ең алдымен біздің оқырмандарға өзіңізді таныстыра кетсеңіз.

– Сәлеметсіздер ме, мен Моңғолияданмын. Моңғолия қазақ әйелдер қауымдастығының өкілімін. Сондай-ақ халықаралық қазақ әйелдері ұйымының жұмысына қатысып келемін.

– Зәуреш ханым, қазір қандай салада еңбек етіп жүрсіз? Сол салада жетістікке жету үшін қандай кедергілер кездесті?

– Біз негізінен бейресми ұйым ретінде жұмыс істейміз. Яғни, Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің құқықтары мен гендерлік мәселелерін талқылау, сол бағытта қоғамдық сана қалыптастыру, демократиялық теңдікке қатысу бағытында оқыту жұмыстарын жүргіземіз. Әйелдерге мотивация беруді қолға алдық. Сонымен қатар, Моңғолиядағы қандастардың тек әйелдердің ғана емес, қазақ балаларының да құқықтары мәселесінде зерттеу, оқыту және түрлі шараларға қатысу арқылы жұмыс істейміз.

– Қандай қиындықтар болды жалпы?

–  2020 жылы жұмыс бастағанда дәстүрлі түсінікпен бетпе-бет келдік. Ол – әйел тек қана үй шаруасымен айналысып, баласын бағып, жолдасына ас дайындап, үйде отыруы тиіс деген көзқарас. Бірақ біз қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығармаймыз. Қазақ әйелі әрқашан жолдасын сыйлап, алдымен асын беріп, құрмет көрсеткен. Бұл – біздің менталитетіміз. Бірақ сонымен бірге әйелдің қоғамда да өз орнын табуы қажет. Осы құндылықтарды сақтай отырып, біз жаңа бағыттарды да дамытуға тырысамыз. Жалпы, біз тұрған жерде қолдан келген мүмкіндіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Дүниежүзі қазақтарының бір бөлігі – Моңғолия қазақтары. Біз де осы үлкен қауымдастықтың мүшесі ретінде өз үлесімізді қосып келеміз.

Бүгін Астанада өтіп жатқан әлем қазақтарының форумында ел-елдегі қазақ әйелдерінің тәжірибесін тыңдап, олармен пікір алмасу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл тәжірибені Моңғолияға апарып, ондағы қазақ әйелдерімен бөлісетін боламыз.

– Рахмет, өте жақсы сұхбат болды.