Tesla-дағы қазақстандық: мұнда қателер болмайды, қателіктен сабақ алу ғана бар.

02 Маусым, 2023

Әділ Дошаев «Сенім және алға ұмтылу кедергілерді жеңуге көмектеседі, - дейді. 

Әділ Дошаев мұнай-газ секторында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Ол ірі компанияларда жұмыс істеді, жауапты қызметтер атқарды және ірі жобаларды жүргізді, бірақ белгілі бір уақытта «төбеге тірелді» және одан әрі өсу үшін саладан кетуге шешім қабылдады. Оның өз тарихы өзіне сену үшін шабыттандырады. 

Жаңа қиындықтарға деген ұмтылыс армандарға жетелейді

F: Әділ, өзіңіз туралы аздап айтып берсеңіз. Қазақстанда немен айналыстыңыз?

- Мен Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында дүниеге келдім. 2005 жылы «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ді бітірдім. Осыдан кейін мен мансабымды «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясында инженер болып бастадым.

Бес жылдан кейін жаңалыққа деген ұмтылыс мені Астанадағы Eni компаниясына жұмысқа алып келді. Онда мен Қарашығанақ кен орнындағы күрделі жобалармен, Орал маңындағы электр станциясын және Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытын жобалаумен айналыстым. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының ауылдарында бірнеше балалар спорт кешендерін салу жөніндегі әлеуметтік жобаларды басқардым. Бізде керемет команда болған еді және көптеген қызықты жобалармен қоян-қолтық жұмыс жасадық.

Менің үлкен армандарға деген адалдығым және ұлы еңбектегі ерліктің бір бөлігі болуға деген ұмтылысым мені Америка Құрама Штаттарына әкелді.

F: Әрине, бұл оңай болмағаны анық…

- Иә, мен тілдік кедергіге, жаңа мәдениетке бейімделуге және үлкен бәсекелестікке тап болдым. Бірақ мен күн сайын өзімнің жан дүниемдегі жаңа күшті және батыл шешім қабылдау сияқты сезімімді ояттым. Мен тілді үйрендім, білімім мен дағдыларымды кеңейттім. Менің ынтам мен күш-жігерім марапатталды – мен Wood Group компаниясына жұмысқа орналастым. Ол көптеген мұнай-газ компаниялары үшін инженерлік жобалар жасайды, мұнда мен жұмысты жаңадан бастадым.

F: Сіз Tesla компаниясына қалай кірдіңіз және онда немен айналысасыз?

- 2008 жылы мен Forbes журналын оқыдым және онда «Дағдарыстар — оқуға барудың ең жақсы уақыты» деген жазу көзіме оттай басылды. Міне, содан мен Texas A & M университетінің MBA бағдарламасы бойынша оқуға түстім.

- Содан кейін мен Tesla мен SpaceX-ке түйіндемемді жолдадым, - деп біздің кейіпкеріміз әңгімесін жалғастырды. - Біраз уақыттан кейін маған Tesla-дан хабарласты. Сұхбат үш кезеңнен тұрады екен, сәтті өтті және тура сол кезде мен қай департаментке жолдама алғанымды білгім келді. Мен инженерлік салаға баратын шығармын деп ойлаған едім, бірақ мені жеткізу тізбегін басқаруға жіберді. Менің күрделі жобаларды басқару саласында үлкен тәжірибем және баға келіссөздерін жүргізу процесі де өзім өте ұнатып жасайтын іс болатын. 

Теслада қателер болмайды, қатеден сабақтарға ғана орын бар

- Мен Tesla компаниясына жаһандық жабдықтау менеджері ретінде қосылдым, - деп Әділ Дошаев әңгімесін жалғастырды. - Онда екі жыл бойы мен автомобиль батареялары мен электр жетектерін шығаратын өндірістік желілерге арналған  жабдықтарды сатып алу жұмыстарымен айналыстым. Ал 2022 жылдың қыркүйегінен бастап мен автомобиль компоненттерін қайтаруға арналған жеткізу тізбегін басқарамын.

F: Компанияда жұмыс қалай ұйымдастырылған?

- Маған Tesla – корпоративті орта болғаны, мұнымен қатар бюрократияның жоқтығы үшін қатты ұнайды. Бұл иерархиясы жоқ және шыңдалған, өзіне сенімді адамдар шоғырланған компания, ал басқа шаруаға олардың уақыты да жоқ. Мен Tesla-ның планетаның тұрақты энергияға көшуін жеделдететін миссиясына сенемін. Tesla тек электромобильдер шығарумен ғана емес, сонымен қатар күн электр желілерін құрастыру және орнату, зарядтау станцияларын өндіру сынды күрделі әрі маңызды істермен де айналысады. Менің Tesla-дағы жұмысым компанияның мақсаттарын жүзеге асырудың ажырамас бөлігі болып табылады. Мұнда шығармашылық, инновация және жоғары нәтижеге жетуге деген ұмтылыс бағаланады.

- Осында мен әртүрлі мәдени және кәсіби ортадан шыққан адамдар инновациялық өнімдер жасау үшін бірге жиналған көпұлтты командада жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Бұл бізге  өзара идеялармен бөлісуге және жұмысымызға әртүрлілік әкелуге мүмкіндік береді. Мысалы, біздің командамыздағы жігіттердің елдері мен мәдениеттері әртүрлі, дегенмен біз бір-бірімізден үйренеміз, келіссөздер жүргізу жөніндегі өз дағдыларымызды дамытуға көмектесеміз.  Ол жердегі достық атмосфера әркімді өзін сол команданың құнды мүшесі ретінде сезіндіреді, құлшынысты арттырады. Компанияда мен көрнекті адамдармен жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Және ең маңыздысы, Tesla-да қателер болмайды, қателіктерден сабақтарға ғана орын бар. Мен осындай бірегей компанияның бір бөлігі болғаным үшін өзімді мақтан тұтамын.

Кедергілер – өсу мүмкіндігі

F: Tesla-да табысты мансап құруға не көмектесті?

- Менің жетістігімнің маңызды құрамдас бөліктері адалдық, табандылық және өсуге ұмтылу сияқты құндылықтарым деп санаймын. Өзімнің атам мен үшін табандылық пен өсудің тамаша үлгісі болды. Өйткені ол бір кездері Орал облысындағы жалғыз ұлты қазақ совхоз директоры болған және өз өмірін ауылдарды дамытуға және құрылысын салуға арнаған. Әкем мен үшін адалдықтың басты мысалы болып табылады. Өйткені 1990 жылдардың аяғында Ақсайда жекешелендіру саласын басқарды және барлығына тұрғын үйлерін жекешелендіріп алуына риясыз жәрдем берді.

F: Кремний алқабындағы өміріңізді қалай сипаттап берер едіңіз?

- Бұл жерде таланттар, инновациялар өте көп және әлемді жақсы бағытқа өзгертемін деген құштарлық әрқайсысының бойында бар деп ойлаймын. Бұл жаңа технологиялар пайда болатын, шекаралары болмайтын және армандар шындыққа айналатын қасиетті жер деп айтсам да артық болмас. Мұнда мен ТМД-дан келген түрлі кәсіби салаларда қызмет атқарып жатқан жігіттерді көптеп кездестірдім.

F: Қазақстандық жас ұрпақтарға қандай кеңестер бергіңіз келеді?

- Мен жас қазақстандықтардың өздеріне және өз күштеріне қандай жағдай болмасын сенуіне, тырысып көруіне және сәтсіздіктерден қорықпауына кеңес бергім келеді. Әрқашан сіз құлаған сәтте тұрып, әрі қарай жаңа жолмен жүре беруіңіз керек. Әрбір кедергі – өсу мүмкіндігі. Үнемі өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу керек және шектеулер тек біздің санамызда болатындығын ұмытпау керек. Содан кейін сіз армандардың қалайша шындыққа айналуы мүмкін екендігін өзіңіз де байқайсыз. Үлкен мақсатқа ұмтылыңыз және ешқашан берілмеңіз. Сіздің арманыңыздағы барлық мүмкіндіктер өз қолыңызда. Егер сіз өзіңізге сеніп, кез-келген кедергілерді еңсере отырып, алға ұмтылудан қорықпасаңыз, сіз қалаған арманыңызға қол жеткізе аласыз!

Шетелде жүріп үлкен жетістіктерге жеткен отандастарымызбен сұхбаттар циклі. Forbes Kazakhstan компаниясымен бірлескен жоба.

forbes.kz