Алты Алаштың басын қосқан - Отандастар форумы!

23 Октября, 2023

 

Қазіргі таңда қазақ халқының едәуір бөлігі түрлі себептермен тарихи отанынан жырақта өмір сүріп жатыр. Дегенмен олардың жанын, болмысын, тілін, ділін түсінетін бір-ақ ел бар, ол – әрине, Қазақстан.

Дүниенің түкпірінде жүріп-ақ, тамырын жайып, өркениеттің дамуына өзіндік үлесін қосып, ағаштың бұтақтары іспеттес қазақ мәдениетінің бір өкілі ретінде қалыптасып келеді.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, еліміздің бір міндеті шетелде тұратын қандастардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін тиімді қорғау болып табылады. Еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орныға отырып, шеттегі отандастарымызға баса көңіл бөліп келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда», – деген сөзі еліміздің шетелдегі отандастармен байланыстарының тиімділігін одан әрі арттыру қажеттігін білдіреді.

Осыған орай Мемлекет басшысының месседжі аясында шетелдегі отандастар мен қандастарды қолдау және біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ағымдағы жылдың 11 қазанында елордамыз Астана қаласында Отандастар форумын өткізді.

Аталған Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Форум 30-дан астам елден 200-ге жуық қандас-азаматтарды біріктіруге және қолдауға ықпал ететін маңызды оқиға болды.

Форум бағдарламасы келесідей бірнеше панельдік сессиядан тұрды.

- Ел дамуында қандастардың рөлі. Сессияның мақсаты: ​шетелдегі этникалық қазақтардың және отандастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін насихаттау, Қандастардың қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа жобалардың мүмкіндіктерін қарастыру, осы бағытта жұмыс жасап жүрген қандастарымыздың өзара тәжірибе алмасу алаңын құру, атажұртта қоныс аударған қандастарымыздың жетістікке жету формуласымен бөлісу, Қазақстанда түрлі салада идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар талқылау;

- «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері. Атап айтқанда, «Qazalem» порталының, Метаәлем жобасының «Отандастар» виртуалды әлемінің және «Yurt» шетелдегі отандастарға арналған қосымшасы таныстырылды. Qazalem порталы - шетелдегі отандастарымызға сервистік қызметтер мен қызықты жобалар ұсынатын, шетелдегі қазақтарды Қазақстанмен байланысын нығайтуға арналған жоба. Ал «ZIZ INC.» компаниясының директорлары Жүсіпбек Абылай Адайұлы және Рахымжанов Бекжан Мейржанұлы таныстырған «Метаәлем» жобасы виртуалды әлем арқылы ақпарат жеткізудің тың тәсілін ұсынатын қазақстандық өнім. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған  «Yurt» жобасын осы мектептің 11- сынып оқушысы Елнар Салпеков таныстырып шықты. Бұл жоба – отандастарымыз шетелде жүріп, бір бірімен байланысуға, бір бірімен карта арқылы табуына, елшіліктер мен консульдықтарды табуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желі;

- «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті - ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері». Сессияның мақсаты: Шетелдегі қазақ ұйымдарының дамуы және қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрін сақтап қалу жолдары, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің озық және бірегей тәжірибесімен бөлісу. Шетелдегі қазақтардың кәсіби қалыптасуына, танымалдылығы мен табысты болуына, елдер арасын жақындастыруда қазақтың ұлттық құндылықтарының ықпал етуші ресурс ретіндегі маңызын айқындау;

- Медиа және заманауи трендтер. XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері. Сессияның мақсаты: Контент жасаудың замануи технологияларымен, озық тәжірибесімен бөлісу. Отандық және шетелдік қазақ ұйымдары, шетелдегі қазақ тілді БАҚ арасында ынтымақтастық жолдарын қарастыру.

Осы форум барысында әрбір панельдік сессияда алыс-жақыннан шақырылған құрметті спикерлер тарапынан ел дамуындағы ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Олардың баса көңіл бөлген мәселелері төмендегідей болды:

  • Шетелде қазақ тілін үйрену жағдайын жасау;
  • Шетелдегі мәдени орталықтардың әлеуетін арттыру және жаңадан мәдение орталықтар ашу;
  • Шетелдегі қандастар үшін елдегі ЖОО тегін түсу үшін мүмкіндігі бойынша қағазбастылықты азайту;
  • Елдегі бизнесті дамыту және цифровизация саласын дамыту бойынша ұсыныстар;
  • Отандастар Қоры жанында кеңес ашу және қауымдастық құру;
  • Шетелдік қазақ тілді БАҚ қолдау;
  • Шетелдегі қандастарға логистикалық көмек;
  • Елдегі денсаулық сақтау саласын реформалау бойынша ұсыныстар;
  • Шетелде қазақтілді мектеп, бала-бақшаны ашу бойынша ұсыныстар;
  • Қордың әлеуетін көтеру және істелінетін жобалардың қаржыландыруын көбейту;
  • Шетелдегі қандастарға арналған жаңадан жобалар ашу;
  • Материалдық-техникалық және экономикалық көмек көрсету және т.б.

Одан бөлек, шетелдегі қазақтар қазіргі таңдағы Қордың қызметі бұрынғыдан өзгешелігін де атап өтті. Олар – әлеуметтік желіге және интернет ресурстарға бет бұруы, яғни цифрландырылуы. Қазір қоғам газет, кітап және журналдан гөрі қандай да бір ақпаратқа интернет және әлеуметтік желі арқылы қол жеткізу басым тұр. Сол цифрландырылуының арқасында қазақ мәдениеті кеңінен таралып келеді. Осы тұрғыдан форумға қатысушы шетелдік қандастар Қор өз мақсаты мен міндеттерін дұрыс бағытта пайдаланып отыр деген оң пікірін жеткізді.

Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қария алдынан шығып сәлем берер демекші, шалғайдан қандастар келгенін естіген жергілікті зиялы қауым өкілдері келіп, өз пікірлерін ортаға салып, қандастармен байланыс орнатты. Олардың ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Керімбек Болат, ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов және тағы басқа зиялы қауым өкілдері бар.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әлемдік диаспораның өз тарихи отанына түрлі сала бойынша қолдау көрсетуге және инвестициялауға деген ұмтылысы үнемі жоғары болып қала береді. Осы орайда «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының орындалу керек тармақтарының бірі «Туған жер» арнайы жобасы еске түседі. Айырмашылығы сол, елдегі кәсіпкерлер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері мен жастардың (республика ішіндегі) басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қаржылық қолдау көрсету. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2023 жылдың 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республика бөлінісінде «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде демеушілік қаражат есебінен меценаттар тарапынан барлығы 5,5 млрд. теңге бөлінген. Қуанарлық жағдай.

Пленарлық сессиялардың бірінде қазақ тілінің мәселесі де қозғалды, яғни оның қазіргі кездегі медиадағы мүмкіндіктері қарастырылды.

Кезінде француз жазушысы Оноре де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атап өткендей, БАҚ – бұл мемлекеттік иделогия құралы.

Осыған орай шетелдегі қандастардың ана тілін сақтап қалу мен олардың мүмкіндіктерін арттыру мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі.

Шетелдегі қандастарға арналған отандық медиалар, олар Алтын бесік журналы, Қазақ елі газеті және Шалқар радиосы.

Сонымен қатар біздегі қолда бар мәліметке сүйенсек, шетелде бірнеше қазақтілді БАҚ жұмыс істейді. Атап айтқанда:

  • Ирандағы қазақ радиосы, Иран;
  • «Kaznews.mn» – ақпарат сайты, Моңғолия;
  • Баян-Өлгий аймағының қазақ радиосы, Моңғолия;
  • «Жаңа дәуір» газеті, Моңғолия;
  • «Ару жұлдыздар» журналы, Моңғолия;
  • «Дербес.ТВ» телеарнасы, Моңғолия;
  • Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының қазақ тіліндегі «Дидар» хабары, Өзбекстан;
  • «Нұрлы жол» газеті, Өзбекстан;
  • «Кенимех таңы» газеті, Өзбекстан;
  • «Тамды шаруагері» газеті, Өзбекстан;
  • «Үшқұдық» газеті, Өзбекстан;
  • «Бостандық дауысы» газеті, Өзбекстан.
  • «АЛТАЙ news» газеті, Ресей;
  • «Омбы қазақтары» газеті, Ресей;
  • Қош-Ағаш аудандық «Чуйские зори» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы «Шүйдің нұры», Ресей;
  • «Қазақ Елі» журналы, Түркия.

Форумның соңында алыс-жақыннан келген қандастар форумның жоғарғы деңгейде өткенін атап өтті. Қордың президенті Абзал Сапарбекұлы өз кезегінде келген қандастарға алғысы мен зор ілтипатын білдіріп, береке-бірлігі ұйысқан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жеке бастың қамы үшін емес, ел мүддесі тұрғысында жұмыс істеуге шақырды.

Өткізілген форум бірнеше жыл ішінде жинақталған мәселелерді ортаға салып, олардың шешімін табуға жақсы мүмкіндік болды деген ойдамыз.

Бертысов Нұрлан

«Отандастар Қоры» КеАҚ контент-менеджері

Алты Алаштың басын қосқан - Отандастар форумы!