Мүддесі – бір, мақсаты – ортақ: Республика күнінің маңызы қандай?

26 Октября, 2023

Республика деген не?!

Республика – мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарын белгілі бір мерзімге халық сайлайтын, не болмаса өкілдік мекемелері құратын басқару формасы.

Ал Республика күні – Қазақстан Республикасының мерекелер туралы Заңының 2-бабына сәйкес Ұлттық мереке күні болып есептеледі.

Осыдан дәл 33 жыл бұрын 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен барша қазақ елі аңсап, армандаған «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік ұстанымы бар жеке мемлекет ретінде танылды.

Сол кездегі Декларацияны қабылдау, мемлекеттік егемендік туралы құжатты жүйелеп құрастырған адамдар тобында көрнекті ғалымдарымыз бен танымал академиктерді атап өткен жөн болар. Олар – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев және басқа да бірқатар ғалымдар мен академиктер. Олар декларацияның мәтінін негізгі құраушылардың бірі әрі бірегейі болды.

Кейін өзінің ішкі және сыртқы саясатын айқындап, анықтай білетін тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы 25 қазан күнін 1995 жылға дейін Республика күні болып атылып өтті.

Ал 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «Ұлттық мереке» мәртебесі берілді. Тек 2001 жылы «Ұлттық мереке» мәртебесінен «Мемлекеттік мереке» санатына өтті. Артынан 2009 жылы сәуір айында мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталған еді.

Соңынан тарихи әділеттілік орнап, 2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Республика күнін қайта жаңғыртып оған Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сәйкесінше, Парламенттің Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, 25 Қазан – Республика күні ұлттық мерекесі болып белгіленді. Осыған орай Республикамызыдың барлық мемлекеттік мекемесінде 25 қазан ресми түрде демалыс күні болып жарияланды.

Негізі Қазақстан Республикасының мерекелер туралы Заңына сәйкес мерекелер келесідей болып бөлінеді (маңыздылығына қарай): Ұлттық мерекелер, Мемлекеттік мерекелер, Кәсіби және өзге де мерекелер. Ал мерекелердің ішінде Республика күні, яғни 25 қазан – жалғыз Ұлттық мереке.

Декларациясының преамбуласында «...қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып... осы Декларацияны қабылдайды» дегені, 1991 жылы 25 қазаннан бастап жер бетіндегі барша қазақ атаулы азаматтарға қорған болуын ресми түрде жария етті.

Республика күнін атап өту - шетелде жүрген әр қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын мерекелердің бірі.

Осылайша әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың ұлттық-мәдени ошақтарында осы Ұлттық мерекені жыл сайын тойлап, бұл елден жырақта  жүрсе де елмен байланысы бар екенін ұмытпақ емес.

Ұлт, яғни қазақ елі қай жерде болмасын және қай мемлекеттің азаматы болмасын әлемдік өркениетте Қазақстан Республикасының де-факто өкілі ретінде қабылданады.

Осыған орай, әйгілі ақын Мұзафар Әлімбаев, «Табаны - бар да, бүрі - жоқ, Зіркілі - бар да, зілі жоқ» - деп атап өткендей, бірлігі жарасқан өркениетті ел болайық.

Ұлттық мерекеміз құтты болсын!

Фото: ашық дереккөзден

Бертысов Нұрлан

«Отандастар Қоры» КеАҚ контент-менеджері

Мүддесі – бір, мақсаты – ортақ: Республика күнінің маңызы қандай?