3-е место в конкурсе «Қалам мен қиял» (Раиса Жанботақызы)
- Раиса Жанботақызы
- Моңғолия, Ұлан-батыр, 16 жаста
-
-
- Зере мен Қазақ Елі
-
- Ертеде, қазір карталардан өшіп кеткен Мұнария деген елде, Зере есімді қыз өмір сүріпті. Ол қызды кішкентай кезінде бұл шаһарға қасқырлар алып келген деседі. Ата-анасы бар ма, туған жері қайда белгісіз. Мұнария – биік таулар мен ну ормандармен қоршалған, өзге әлемнен оқшауланған кішкентай патшалық еді. Бұл елдің халқы да мүлде басқа тілде сөйлейтін, ал Зере есі кіргеннен бастап өзін ерекше сезінетін. Ол түсініксіз бір тілде сөйлеп, кейде тіпті түсінде бейтаныс әуендерді еститін. Бірақ бұл тілдің қандай тіл екенін және неге тек өзі ғана оны білетінін еш түсінбейтін.
-
- Зере өскен сайын оның бойындағы ерекшелікке деген сұрақтар көбейе берді. Айналасындағы адамдар Зеренің сөйлеген сөздерін түсінбей, "бұл қандай ертегі тіл?" деп таң қалатын. Ал Зере болса, жүрегінің түбінде сол тілдің ерекше екендігін сезетін, солай қайдан келгенін білуге ұмтылды.
-
- Бір күні, Зере ауыл ақсақалымен әңгімелесіп отырып:
- – Ата, Мұнария тілінен басқа мен тағы бір тілді білемін. Бірақ, оны мұнда ешкім түсінбейді. Неге мен бұл тілде сөйлеймін? – деп сұрады.
- Ата Зеренің басын сипап:
- – Қызым, сен ерекше жансың. Бұл тіл сенің тағдырыңмен байланысты. Бір күні осы тілдің құпиясын ашарсың, – деп жауап берді.
-
- Сол сәттен бастап Зере бір күні өз тілінде сөйлейтін адамдарды табамын деген мақсат қойды. Жас болса да, батыл қыз осы жұмбақты шешуге бел буады. Ол саяхатқа шығуға шешім қабылдап, сапарында өз тілінің тамырын табуды арман етеді. Мұнариядағы ауылдастары қызға ақ батасын беріп, сәби кезінде қасқырлар әкеліп тастағанда қыздың қолында тұмар болғанын айтып, «Мінекей, мынау сенің тұмарың, еліңді табуға бұл көмектесіп қалар» - деп азығын түйіп беріп, шығарып салады.
-
- Зере көптеген елдерді шарлап, ұзақ сапар жасады. Сулы, көлді, таулы, шөлді әр түрлі мекеннен өзінің тілін түсінетін адамдарды іздеймін деп әбден сандалды. Әр елде ол түрлі қиындықтарға тап болды: бір елде суық пен аштық, екіншісінде жаулардың қудалауы. Бірақ Зере алған беттен қайтпады, жолында кездескен кедергілер оның батылдығын арттырды.
-
- Алайда ұзақ жол, алыс сапарлар оны шаршатады. Күндердің бірінде Зере кең даланы кесіп өтіп, бір өзеннің жағасына келіп азығы бітіп, шаршап, жылап отырады.
-
- Кенеттен ол жақын жерден бір адамның даусын естіді. Бұл дауыс:
- – Айналайын, не қылып отырсың? – деп сұрады.
-
- Зере басын көтеріп, көз жасын сүртті. "Айналайын" деген сөз оның жүрегінде бір жылы әсер қалдырды. Ол ешқашан мұндай сөзді естімеген еді, бірақ бірден түсінді. Дауыстың иесі жақындап келіп, жылы күлімсіреді:
- – Айналайын қызым, жапан далада жалғыз нестеп жүрсің? - деді. Зере басынан өткен жағдайлардың барлығын айтып берді. Ақсақал, «Еее, жарығым. Бұл қазақ тілі. Анау тұрған ел Қазақ елі. Демек, сен де қазақ қызы болдың ғой. Кезінде ел басына күн туып, жау шапқанда халықтың көпшілігі елден кетуге мәжбүр болды, сонымен бірге ханның қызы да жоғалып кеткен еді. Қаншама жыл өтке де хан қызын іздеуден әлі күдер үзген жоқ. Біреулер жау қолынан қаза тапты десе, біреулер қасқырларға жем болған шығар дейді. Мен сені елге апарайын, жүр!» деп ертіп алды.
-
- Ол қанша жылдар бойы іздеген елін, халқын тапқанына сене алмай тұрды. Алдыңғы көрген қиындықтары, жалғызсырау, үмітсіздік артта қалды. Ол өзін алғаш рет өз үйінде жүргендей сезінді. Мұнда әрбір адам Зеренің тілін түсініп, сөйлейтін. Қазақ халқының кең даласы оны құшақ жая қарсы алды.
-
- Ақсақал оны хан патшалығына ертіп апарып, мән-жайды баяндап, қолындағы тұмарын көрсетті. Патша бұл тұмарды көргенде есінен танып қала жаздады. Себебі бұл тұмар тек хан патшалығынан шыққан отбасыларға ғана тиесілі еді. Патша қаншама жыл іздеген қызының аман-есен оралғанына қуанып 30 күн ойын, 40 күн тойын жасады. Зере де, жүрегінің түбіндегі Қазақ еліне оралып, отбасымен қауышып, қанына сінген қазақилықпен қауышқанына қуанып, өмір бақи бақытты өмір сүріпті.