2-е место в конкурсе «Қалам мен қиял» (Мәди Айтуған)

11 Ноября 2024
  • «Қалам мен қиял» байқауының 2-орын иегері
  • Мәди Айтуған
  • Моңғолия, 17 жаста
  •  
  • Ауыл мен Қала
  •  
  • Мен өзім ауылда туып өстім. Алайда, ата-анам жақсы жерде білім алсыншы деп қалаға оқуға жіберді. Мектепте оқып жүргенде ауылдан болғаным үшін көптеген қиындықтар кездесті. Әрине, ауылдың баласы болғаныма өзім кінәлі емеспін ғой, бірақ сыныптастарым олай ойламады. Сондықтан достар табу маған оңай болған жоқ. Осы бөлінуден төбелес пен жанжал жиі орын алып тұрды.Үзіліс уақытында, мұғалім сыныптан шығып кетсе, мені қоршап алып келемеждеп, күш көрсетуді әдет қылып алған төрт бала бар еді. Осының барлығын бастап беретін сыныптың атаман сымағы Қошақан. Себебі, ол менің жыныма тиіп бастаған күні мен есімін мазақ қылып (қойдың төлі ) деп сыныпты бір күлдіріп алған едім. Енді ол басқаларында маған қайрап салмай қайтсін!? Бір күні әдеттеріне басып басынуды бастады. Іштей ашу кернеп, сан түрлі ойлар туып бірақ сыртқа шығаруға жасқанып отырдым. Арқамнан демеп, қолдау көрсететін бір досым болғанда ғой деп іштей жалғызсырадым. Сонымен шыдамның да шегі бар, орнымнан атып тұрып, партаға жүгіріп шығып, фильмдерден қарап алған көріністерді қайталағым келіп, әлгі Қошақанды басынан бір тептім. Әттең, сол сәтті біреу видеоға түсіріп алғанда қазір мені шытырман оқиғалы, детектив фильмдерге түсуге шақырар ма еді?!
  •  
  • Сынып жым-жырт, барлығы орындарында қақшиып тұрып қалды. Өзімде аңырап, сасып қалдым. Әлгі басын ұстап ойбайлап жерге отыра қалды. Апай да кіріп келді, партадан секіріп түстім де орныма жүгірдім. Балалар Қошақанға үймелеп алған жанына апай да жетті. Менде зәре жоқ «күнім осымен бітті, мені оқудан шығарып жібереді, сосын ауылыма қайтамын, анама не бетімді айтамын?! Балам жұрттан қалмасын, сапалы білім алсын деп алысқа жіберіп, әр апта сайын ауылдың дәмі деп бауырсағы мен сары-май, құртын жіберіп отырған анамның бетіне қалай қараймын?!» деген ойлармен санам сан-саққа жүгірді.
  •  
  • Бір сәтте апай бұрылып маған қарап, «Асылжан, тұр орныңнан» деді. Аяқ қолым қалтырап, түрім бозарып, орнымнан зорға тұрып ақырын жақындадым. Апай қолын көтерген сәтте жарайды шапалақ тиетін болды деп ойлаған едім бірақ қолымен басымнан сипап тұрып : Асылжан-ау қарғам неге бұлай істедің? Қанша ашулансаң да аяқ көтерергені не? –деді.
  •  
  • «Апай..» дей бергенімше; Мені дым білмейді деп ойлайтын шығарсыңдар, бірақ сендердің бұл баланы кемсітіп жүргендеріңді баяғыдан байқап жүрмін!» деді де Қошақанға қарап, «Ата-анаңа сенің мектептегі істеп жүрген тірліктерің туралы ескертіп айтқанмын, саған ештеңе демеді ме» деді де оны оңашаға шығарып алып бірдеңелер айтты. Не айтқанын білмедім, бірақ шынымен де әлімжеттікке әлімжеттікпен жауап берген менікі дұрыс болмады деп іштей ойландым.
  •  
  • Сосын, екеуі сыныпқа кіріп келді. Мен бірден «Апай кешірім сұраймын, барлығы менің кінәм. Ол тек шындықты айтты, қанша келеке қылса да, менің ауылдан келгенім шын ғой, мән бермеуім керек еді. Қошақан, сен де мені кешір!» -дедім. Апай «Жарайды, отырыңдар!» деді де көзілдірігін шешіп, қалтасынан орамалын шығарып сүртіп, бір ауыр күрсінді де менің өмірімді өзгертетін мына сөздерді айтқан еді.
  •  
  • Апай: «Балалар ұят деген не деп ойлайсыңдар?»
  • Кейбіреуі ұрлық, ал кейбірі өтірік айту десті.
  •  
  • Апай: «Ия, олардың ұятты істер екені анық, бірақ ең ұятты іс – ол жасаған іс-әрекеті үшін ешқашан өзін кінәлі сезінбеу. Өзінің кінәсін сезінбейтіндер үнемі басқаларды кінәлап, өздерін жоғары санап әлсіз адамдарға күш көрсетеді. Сол арқылы өзін ақтап алғысы келеді. Ал жауапкершілігі мен жүзінде титтей де болсын ұяты бар адам ғана өзінің кінәсін мойындап, жуып-шаю үшін әрекет қылады. Асылжанның кінәсі ауылдан келгені болса, олай болса сендер де бұл шағын қалада дүниеге келгендеріңе кінәлі боласыңдар ма? Ертең оқу бітіріп, бұл қалашықтан кетіп нешетүрлі үлкен қалаларға барсаңдар сендер де кінәлі боласыңдар ма, сонда? Айтыңдаршы?!» -деді.
  •  
  • Барлығы басын салбыратып еш үн қатпады. Бір кезде Қошақан орнынан тұрып, жыламсыраған дауыспен «Асылжан, баурым менікі ағат болды, кешір!» деген сәтте денем дір етіп, ішімде бір жылулық сезінгендей күй кешіп қалдым. Сол күннен кейін Қошақан екеуіміз тіл табысып өте жақын достар болып кеттік. Әлі күнге дейін қабарласып тұрамыз. Ал сыныптастарым да мені сыйлайтын болды. Ауылдың баласы болсам да қаланың балаларынан қалыспай, оқу үлгерімім де алдыда болып, ән айту үйірмесіне қатысып, қызығушылығымыз бір көбірек достар тауып, байқауларға қатысып, белсенділердің бірі болып жүрдім.
  •  
  • Біреулер ауылды кемсітіп, бірақ өзіне берілген мүмкіндіктерді бағаламай, не жеткен жетістігі, не ақылы жоқ жүрсе, ал біреулер шыққан жеріне қарамай, жоқтан бар жасап, биік белестерді бағындыруда. Мәселе – ауылда немесе қалада туылғанда емес, қай жерде болсаң да өз орныңды таба білуде екенін ұмытпайық!
2-е место в конкурсе «Қалам мен қиял» (Мәди Айтуған)