Тарих пен саясаттың шытырманы ақиқатты жұтып жібереді

30 Мамыр 2025

Ұлтымыздың дамуын кері шегіндіріп, ел басына алапат трагедия орнатқан құғын-сүргін мен ашаршылық кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асып,  қаншама асылдарымыздан көз жаздырды, қаншама құндылықтарымызды келмеске кетірді. Санымызға ғана емес, санамызға да сызат түсірген осынау қасіретті жылдар әдебиетімізде айшықталып үлгерді ме? Жазықсыз жапа шегіп, жер-жерге босып кеткен тағдыр иелері, қызыл қуғындауға түскен құрбандар болмысы қаншалыықты ашылды? Осы сұрақтар төңірегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, белгілі қаламгерлер Есей Жеңісұлы, Ақерке Асан мен Ербол Алшынбайдан сұрап көрдік.

Қасіретті кезеңнің көркем шежіресі жасалуы керек

Қ.Ә.: Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының, ашаршылық пен күшпен депортациялаудың әдеби сипаты қандай? Қай шығармаларда осы зобалаң жылдар жан-жақты бейнеленген деп ойлайсыз?

Ербол АЛШЫНБАЙ: Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін – қазақ тарихындағы ең қасіретті кезең. Шағын ғана шолу жасасақ, 1897 жылғы патшалық Ресейдің ресми санағында қазақ халқының саны 4 400 000 адам деп көрсетілген. Пайыздық есеппен – Ресей құрамындағы түркілердің 57 пайызы. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы жазған әйгілі өлеңінде: «Алһамдилулла, алты миллион қазақпыз», – дейді. Ал 1939 жылғы санақта 2 300 000 қазақ қалған. Одан кейін  Екінші дүниежүзілік соғыс алапаты келді. Осы шолудан-ақ есептей беруге болады. Елу жылға жетпейтін уақытта қандай нәубеттен өткенімізді, қандай алапат жоғалту болғанын осылай бағамдаймыз. Өсім есебін қоспағанның өзінде біз халқымыздың қырық пайызынан айырылдық. Елу жылғы өсімді есептер болсақ, жүрек сыздатарлық қасіретті бар жүйкеңмен сезесің.

Осы кезеңде Кеңес одағының әр аймағынан депортацияланған түрлі халықтар мен одан кейінгі тың игеру тұсында келгендер есебінен Қазақстанның ұлттық картасы айтарлықтай өзгерді. Біздің халық өз Отанында азшылыққа айналды.

Бұл сұмдық қасіреттің біздің мәдениетіміз бен рухымызға, генефондымызға қаншалықты кері әсер еткенін есептеу тіпті мүмкін емес. Санамыздың ең терең түкпірлерінде орныққан үрей мен уайым, қорқыныш пен сенімсіздік әлі де әр жерде қылаң беріп қалады. Баласын дәретханаға тастайтын аналар, адамды жауыздықпен қинап өлтіруден рахат табатын қатыгездіктің бәрі қайдан келді деп ойлайсыз? Сонау сақ заманынан, кешегі он тоғызыншы ғасырға дейінгі қазақ даласынан дәм татқан жиһангездер мен саяхатшылар, ғалымдар мен тыңшылар – бәрі де біздің халықтың қонақжай, мейірімді,  әділетшіл, аңғал жұрт екенін жазған. Қайда сол мың жыл жүрегімізде әлдилеген кісілік асыл қасиеттер?

Осы зұлматтың әдебиетіміздегі бейнесі туралы сұрар болсаңыз, біз әлі мұны жеріне жеткізе жазып, түбін түсіріп зерттеп жатқанымыз шамалы. Бейімбет Майлиннің санаулы әңгімелері, Смағұл Елубайдың романы және Валери Михаиловтың атақты кітабы… Санасаң, он саусағыңды толық бүге алмайтын дүниелер. Арылу үдерісінен өту үшін армансыз жазылуы, көптеген кино түсіріліп, зерттеулер жасалуы керек.

Зерттеу жұмыстарына келсек, көптеген деректер ғылыми айналымға енді. Толымды еңбектер жазылды. Профессор Манаш Қозыбаев, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелдиев, тағы басқа аты аталмаған қаншама авторлардың зерттеу еңбектері бар. Сара Кэмерон атты америкалық зерттеушінің кітабын да атап өтуге болады. Біздің тілімізге аударылмай жатқан зерттеулер қаншама?!

Мемлекет басшысының жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылып, тиісті зерттеулер жасап, ауқымды жұмыс атқарды. Нәтижесінде көптеген архив құжаттары жарияланып, халықтың назарына ұсынылды. Осы зерттеу жұмыстарын пайдаланып, қызылдар қырғыны болған қасіретті кезеңнің көркем шежіресі жасалуы керек. Жаңа буынның талантты қаламгерлерінен мықты дүниелер туады деп ойлаймын.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Бұл – біздің қаламгерлер үшін өте тың тақырып. Шындығында, қуғын-сүргін жылдары, ашаршылық, қысқасы, 1910 – 1940 жылдар аралығындағы қазақ халқы бастан кешкен ауыр тағдыр әдебиетімізде әлі тұтас дәуір болып қалыптасқан жоқ. Ашаршылық туралы Б.Майлиннің «Күлпәш», «Айт күндері» әңгімелерінен бастап, Т.Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс»  хикаятына дейін 20 шығарманы санамалап атап беруге болады. Бірақ халыққа қолдан жасалған қасіреттің толық бейнесін ашуға 20 шығарма деген не, тәйірі… Бұл тақырыпта кемі 100-200 шығарма жазылып, олар әдеби сын тұрғысынан толық талданып, сөрелерде сіресіп тұруға тиіс. «Құпия қойма» (А.Мекебаев), «Сұрапыл» (К.Қазыбаев), «Алатау» (Б.Қыдырбекұлы), «Шошқаның құмы» (Б.Жандосай), «Рақымсыз көктем» (Н.Ақыш) сияқты қадау-қадау көлемді шығармалар ғана нақты ашаршылық тақырыбын көтереді, әйтпесе манағы 20 шығарманың басым бөлігінде панорамалық сипат басым. Яғни ашаршылық сол заманның бір көрінісі ретінде ғана айтылып өтеді. «Сары қазақ» (М.Мағауин), «Зұлмат» (З.Жәкенов), «Ақ боз үй» (С.Елубаев), «Әке» (Т.Әбдік), т.б. шығармаларда – ашаршылық тақырыбы эпизодтар ғана. Демек, бұл бағыт әлі көп зерттелуге, жазылуға тиіс.

    Ал қуғын-сүргін, депортациялау тақырыбы қазақ әдебиетінде деректі туынды ретінде көбірек қамтылды. Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – «Алаш» трилогиясы –  әр бөлімі, әр тарауы, тіпті әр сөйлемі бір романның жүгін көтеріп тұрған еңбек. Алаш арыстарына қатысты дүниелер кейінгі жылдары көптеп жарияланғанмен, бәрінің деректі сипаты басым. Кеңес одағы кезінде осы тақырыптағы бағдар Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы еді, кейін оған да жаңа заман көзқарасымен қарау қажеттігі туды. Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебеден» басталған бес томдығын да жаңаша түйсінуге шақыратындар жеткілікті. Кейінгі, 1990-жылдардан кейін жазылған таза әдеби шығармалар ішінен Дүкенбай Досжанның «Алыптың азабы» романын атап көрсетуге болады, бұл шығарма Мұхтар Әуезовтің қуғындалған кезеңіе бойлайды. Бейбіт Қойшыбаев «Комиссар Жүргенов» романын 2023 жылы ұсынды, оның да жаңалығы көп. Ал жалпы қазақ жазушысын бұл тұрғыда әлі қаншама белес күтіп жатыр!

Нұртөре ЖҮСІП: Бұл мәселе тәуелсіздік алғанға дейін жабық тақырып болды. Кезінде газет-журналдарда «лито» деген желеумен шығып бара жатқан мақалалардың тақырыбына дейін мән берілетін.  Ашаршылыққа, репрессияға, депортацияға қатысты  қандай дүние болмасын, баспасөз беттерінде жариялануға тыйым салынды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана көптеген ақтаңдақтардың беті ашылды. Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бейбіт Қойшыбаев тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар осы тақырыптарды зерттей бастады.

Қуғын-сүргін жылдарының әдеби сипаты жайлы бір сөзбен айту аздық етеді. Смағұл ағамыздың «Ақ боз үйі», еміс-еміс болса да аштық картинасын беретін Бейімбет Майлиннің әңгімелері сынды бірлі-жарым туындылар болмаса, бұл уақыттың қазақ халқына әкелген жойқын апаты толықтай зерделеніп, көркем кестеленіп үлгерді деп айтуға ертерек. Себебі аталған нәубет шақтар енді-енді шынайы да жан-жақты қарастырылып, зерттеліп жатыр. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдарын арнайы шақыра отырып, осы аштық, ашаршылық кезеңдеріне қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттарының негізінде 10 том құрастырып, шығарды. Сол еңбектердің ішінде де өте көп фактілер мен деректер бар. Бұл жинақтар алдағы уақытта осы тақырыпқа қалам тартам деген жас жазушылар мен жас зерттеушілер, ғалымдар үшін таптырмас құнды деректерге тұнып тұр. Қазақ халқының өткен ғасырда тартқан тақсыреттерін тереңнен саралап, көркем шығармаларға арқау ету өзектілігін жоймайды.

Ақерке АСАН: Шетелге шықпай-ақ, жергілікті кітап дүкендеріне кіріп, түрлі бағыттағы әдебиет сөрелеріне бір шолу жасасаңыз жетеді. Адамзат тарихына қара таңба болып басылған холокост, соғыс, зорлық-зомбылық, ашаршылық тақырыбы төңірегінде көсемсөз, көркем әдебиет, тарихи кітаптардың үздіксіз жарияланып келетін тізімін санап бітіре алмайсыз. Жер бетінде «Анна Франктың күнделігін» оқымаған мемлекет қалмаған да шығар. Қазір елімізде Виктор Франклдың еңбектері де өте танымал екенін байқап жүргендейміз. Мұндай деректер жалпы әлем үрдісіндегі трагедияларды талдауда да үстемдік дәрежесі барын, тарих пен саясаттың шытырманы ақиқатты жұтып жіберетіндей күшті механизм екенін көрсетеді. Алдымыздағы сауалға тым үстіртін жауап болмасын деп, белгілі әдебиеттанушы, сыншы Айжаз Ахмадтың 1987 жылғы «Jameson’s Rhetoric of Otherness and the ‘National Allegory’» (қаз: «Джеймсонның өзгелік риторикасы мен «ұлттық аллегориясы»   А.) атты мақаласынан бір ойды мысалға  келтірсек. Аталмыш мақалада «үшінші әлем әдебиеті» һәм «ұлттық аллегория» сынды концепцияларды талдау арқылы әлемнің саяси аренасында орыны әбден ығыстырылып, отарлаудың қақпанынан қансырап шыққан мемлекеттердегі әдеби процестің көпшілік тарапынан құнсыздандырылуы сыналады. Осы тезис шеңберінде Қазақстандағы әдеби процестің (іштей, сырттай) еркіндігінде тосқауылдар болғанын және әлі де барын мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан мұндай салмақты сауалдарға толыққанды жауап қалыптастырудың өзі –  қоғамдық ойдың сілкінуіне қажетті бір бөлшек болса керек. Қазақстанның, оның ішінде қазақ елінің тарихи трагедиялар тізбегіндегі қанды соғысқа араласу, азаттық үшін күрес, ашаршылық, геноцид сынды тақырыптары дәл холокостты талдау сияқты көркем әдебиет, кинематограф, көсемсөз арқылы өз үнін табу керек. Қоғамның комаға түскен санасына терапиялық алаң жаратудың қажеттігін әрқайсымыздың ішіміз сезетіндей…

Әрине, ұлттық әдебиетімізде қиянатқа қарсылық көрсетіп, барынша үн қосып келген қаламгерлеріміз жоқ емес. Бейімбет Майлиннің классикалық туындылары, Смағұл Елубайдың ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыптарын тереңнен қозғаған романдары, қазақ халқының тауқыметті жылдары туралы жазылған Шерхан Мұртазанының шығармашылығы, Қабдеш Жұмаділовтің автобиографиялық туындылары – есімізге бірден түсетін дүниелер ғана. Әсілінде қазақ әдебиеті классикасы саналатын кез келген автордың шығармашылығына көз салсаңыз, бодандықтың кесапатын, қарапайым халықтың әділетсіздіктің жолында сандалғаны жайлы жыраулар поэзиясында да, Абайдың толғамдарында да табылары анық. Бірақ жазба әдебиетімізді жас деген күні, жоғарыда айтылған тақырыптарды аша түсетін шығармалардың саны біршама артса, сау саналы қоғам қалыптастырушы ел үшін сол шарт болмақ. Қазіргі заман әдебиеті де бұл тақырыпты зерттеуде біршама дүниелер әкелді. Ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы, жазушы Серік Сағынтайдың «Қарға» әңгімесі Карлаг мәселесіне қарай көп оқырман үшін жол кеңейтті. Алайда әлем тәжірибесі контекстінде бұл шығармалардың қатары әлі де сирек болып тұрғаны рас.

Алапат ашаршылықтың әр беті қасіретке толы

Қ.Ә.: Зұлмат жылдардың ашылмай жатқан тұстары, әлі де тереңдеп жазылуға тиіс көріністері бар ма?

Ақерке АСАН: Әрине! Жоғарыда осы әңгіменің шетін бастағандай болдық. Біріншіден, қазақ даласындағы қуғын-сүргін, ашаршылық тақырыбында жазылған дүниелердің қатары сирек саналады. Кеңестік дәуірден тәуелсіздікке өткен жылдары кітап оқу мен рухани даму, тіпті білім алуда дәрменсіз қалып, күн көріске салынған жайымыз да бар еді. Мүсіреповтыің «Қазақтың оқуда кеткен есесі көп…» деген қанатты сөзін ес жинаған боп енді түсініп келеміз бе екен? Процесті тежеген көп дүниелердің бірі осы да шығар. Алайда кейінгі жылдары қазақ тілді оқырмандардың үні бұрынғыдан өзгерек таныла бастағанын байқамасақ болмайды. Жаңа заман сахарасында сандалып, қанша айналып өтеміз десек те,  жалғыз көркем әдебиет құдығына келіп сусайтынымыз белгілі. Аталмыш тақырыптарда жазылмай не ашылмай қалған дүниелерді талдағаннан гөрі, оның алдымен сан жағынан өсуін сын деп білгеніміз дұрыс болар. Кез келген әдеби процесте сан сапаны қуаттай түседі.

Нұртөре ЖҮСІП: Көптеген архивтік құжаттарда құпияландырылған мәліметтер әлі де көп. Солардың бәрін толық ашуға алда қол жеткізіледі деп ойлаймын. Мемлекет басшысының тарапынан ашаршылық жылдарында, қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз атылған, сотталған, қудаланған азаматтарды ақтау жөнінде тапсырма беріліп, ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің жетекшілігімен комиссия құрылып, жұмыстар жүргізілді. Өңірлер мен аймақтардың, барлық өлкемізге тән архивтік құжаттар жинақталды. Осылардың негізінде зұлмат жылдардың ашылмай жатқан құпияларын жүйелеу, тарихи бағасын берудің маңызы ерен.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Қазіргі қазақ әдебиеті зұлмат жылдар қасіретінің ширегін де көрсете алған жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біз деректі прозаға көбірек бой ұрып, сол дәуір тұлғаларының әдеби портреттерін әлі сомдай алмай келеміз. Мысалы, Голощекинді бәріміз қаралаймыз, тарихи тұрғыда түрлі баға береміз, алайда қазақ әдебиетінде оның образы айқын, нақты суреттелген бірде-бір роман я хикаят жоқ. Жақсылық Сәмитұлы «Қаһарлы Алтай» романында Шығыс Түркістанды билеген Шың Сысайдың қанқұйлы образын қалай әдемі ашады, бізде дәл солай Голощекин образы көркем шығармалардың, тым құрыса, бір бөлімінің кейіпкері ретінде де сипатталған емес. Әлде мен жолықтырмаған шығармалар бар ма?.. Сол сияқты, Левон Мирзоян да қайшылықты тұлға. Оны біреуіміз даттаймыз, біреуіміз мақтаймыз. Бәріне тарихи көзқарас бар, бірақ әдеби образ ретінде бейнелері ашылған жоқ. Неге Жүсіпбек Аймауытов қазақ зиялыларының ішінде бірінші болып атылып кетті, осы жайт ғылыми тұрғыда талай шығармада көрініс тапты, ал әдеби шындығы әлі таңбаланған жоқ. Сол сияқты, күштеп депортациялау тақырыбы тәуелсіздік жылдары мүлде жазылмады деуге де болады, жазылса да, өте сирек. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» хикаяты, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаяты сонау 1970-жылдары осы тың тақырыпқа жол ашқандай еді. Алайда содан кейін бұл жүлге жіңішкеріп, тіпті үзіліп кетті деуге де болады. Түрен салынған, әйтсе де әрі қарай ол аңызға айналған жоқ. Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі бір кетігімізді бүтіндегендей, дегенмен жалпы әдебиет ауқымымен қарағанда мұның бәрі аздық етеді.

Ербол АЛШЫНБАЙ: Қадыр ақынның: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы», – дейтін өлеңі бар ғой. Біздің тарихтың сіз сұрап отырған кезеңі ғана емес, тұтас өн бойында зерттелмеген ақтаңдақ тұстар көп. Он алтының босқыны, азамат соғысы жылдары, Ұжымдастыру кезеңі, Тың игеру, тағысын-тағылар.

Сіздің сұрағыңызға келсек, екі реткі алапат ашаршылықтың әр беті қасіретке толы. Архив құжаттарын жүрегің түршікпей, көмейіңе өксік тығылып, кеудеңді кек қыспай оқу мүмкін емес. Түтіні өшкен ауылдар, көшеде бір үзім нан үшін сұраусыз атылған қазақтар, бірінің етін бірі жеген адамдар… Мұның бәрі – қасіреттің тұңғиығына батыратын таңбалы тарих. Мұны жүрек сүзгісінен өткізген адам айықпас қайғыға душар болады. Кім білсін, мүмкін біздің санамыздың терең түкпірінде тұншыққан осы қасіреттен айыққан күні, біздің халық аяғын тұсаған кедергінің бәрінен арылатын шығар.  

Тарихты шығарма тіліне түсіруде қазақ қаламгерлері ұтылып келеді

Қ.Ә.: Осы жылдарға тән тұлғалар толық зерттеліп болды ма?

Ақерке АСАН: Жалпы қазақ тарихындағы көп тұлғаны толық зерттеп бітпеген халық екеніміз – ақиқат. Абайды мектепте «көзсіз» жаттатқызып, кейде оның да бағасын түсіріп аламыз (мәселе жаттауда емес болса). Біз Мағжанның саясаттағы бағасына жетуге барынша тырысып жатсақ та, әдебиеттегі салмағын көтере алмай келеміз. Тарих беттерінен қасақана қиылып түскен дүниелердің соңынан іздеу процесі кейінгі 4-5 жыл көлемінде ғана басқаша, шынайырақ сипатқа ие болып келеді емес пе? «Бұған дейін бәрі жаман болған, бұдан кейін бәрі аппақ болады» деген адасқақ ойдан аулақпыз. Біздің ұйқылы-ояу, есеңгіреген күйдегі жылдар да – сол зобалаңда есептеліп, әбден ойластырылған жоспардың «жемісі». Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарындағы күрескер тұлғаларды тану жолында әлі де сапар басында сайланып тұрған көшпіз. Айналаңыздағы әр екінші адамның отбасылық тарихында осындай трагедия жатқаны анық, алайда біз оны сезбей, білмей өскен ұрпақпыз.

Нұртөре ЖҮСІП: Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин тағы да басқа осындай азаматтардың тағдырына байланысты көркем туындыларды жақсы білеміз, ал Смағұл Сәдуақасов, Әлімхан Ермеков сынды әлі де толық зерттеуді қажет ететін тұлғалар да аз емеес. Жайын Бектұров ақсақалдың тағдыры мен өмірінің өзі неге тұрады! Мәлім де беймәлім жандар қаншама. Сондықтан да осы саланы індете зерттеп жүрген ғалымдар үшін тақырып та, мәселе де көп. Зұлмат жылдар қайталанбауы үшін, өскелең ұрпақ ашық, еркін, жақсы қоғамда өмір сүруі үшін өткен тарихтың әрбір белесін әр қазақ толыққанды білуге тиіс деп санаймын.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:  Жоқ, зерттеле бастаған да жоқ деуге болады. Мен оқырман ретінде мына нәрсені армандаймын: қазір қазақ әдебиетіне үлес қосқысы келетін әрбір жас қаламгердің қоржынында осы зұлмат жылдарға арналған кемі бір шығарма болса ғой! Уақыт өтеді, дәуірлер ауысады. Сонда бәріне халықтың көркем-әдеби тарихы ұстын болады. Шынын айту керек, өз халқының қасіретті тарихын көркем шығарма тіліне түсіру мәселесінде қазақ қаламгерлері көп ұтылып келеді.

Ербол АЛШЫНБАЙ: Бұл күрделі кезеңнің қайшылыққа толы тұлғалары – империялық машина ғана емес, сол кездегі саяси ойдың ағыны, әлем күрделі бұрылыс жасап жатқан кездегі аласатқан уақыттың тегеуріні жарылысқа түсірген тұлғалар. Бірінші және екінші ашаршылықты жұртшылық көбіне шатастырып жатады. 1921 – 1922 жылдардағы ашаршылық тұсында Алаш қайраткерлері көп қайрат қылды. Қиналған ел ішін шарқ ұра кезіп, әр жерден көмек жинап, аштық аймақтарына жөнелтті. Аштық жөнінде арнайы комиссия құрып, оған Ахмет Байтұрсынұлы төраға болды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы тағы қаншама Алаштың айбоздары көкірегі қарс айырылып, тозған елге қарлығаш көмектерін жасады. Бұл кезең туралы бізде көп айтыла бермейді.

         Арнайы комисся жинаған малды Жүсіпбек Аймауытұлы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға алып барып үлестірген. Кейін осы ісі өз басына пәле болып жабысты. «Жиналған малды дұрыс үлестірмеді» деген сот үкімі шыққанда Жүсіпбек Аймауытұлының сотта айтқан соңғы сөзі сұмдық. Алаш арысының: «Аштан өліп, қырылып жатқан елдің несібесін жегенше, анамның шуын жегенім артық», – деген анттай сөзі есімнен өшпестей болып  таңбаланып қалды.

         Ал 1931 – 1933 жылдардағы ашаршылық тұсында Алаш қайраткерлерінің дені түрмеде отырған болатын. Екінші ашаршылық кезеңі – қызылдардың әбден күшіне мініп, қаһары бет қаратпай тұрған тұс. Осы екі кезеңді ашып, екі бөлек қарастыру керек. Қайшылыққа толы тұлғалар көп. Бұл жерде «Қара қылды қырыққа бөліп», «Әр нәрсеге өзіндей баға беретін» білімпаздық пен әділдік, ұлттық деңгейде ойлай білетін бегзаттық керек.

         Осынша алапат зұлматтан өткен халқымыз ұзақ тарих жолындағы қан садақасын да, жан садақасын да артығымен өтеді деп білем. Енді күн біздің даладан шығады, теңіздер мен мұхиттардан емес.

Әзірлеген: Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

qazaqadebieti.kz

Тарих пен саясаттың шытырманы ақиқатты жұтып жібереді