Жақын арада екі қазақстандық шахматшы – 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева – шахматтағы ең жоғары атақ саналатын гроссмейстер атағына ресми түрде ие болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Шарджада Sharjah Masters International Chess Championship 2025 атты халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Қазақстан Шахмат федерациясының мәліметінше, аталған турнирге рейтингтері 2453 пен 2771 аралығындағы 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты.
Қазақстандық шахматшылар үштігінің лайықты нәтижесін ерекше атап өткен жөн: 9 мүмкін ұпайдың 5-ін жинаған халықаралық шеберлер Эдгар Мамедов (рейтингі – 2492, +16,9) пен Бибісара Асаубаева (рейтингі – 2494, +15,3), сондай-ақ гроссмейстер Ринат Жұмабаев (рейтингі – 2551, +5,2). Сонымен қатар, Бибісара әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, Қытай шахматшысы, 2024–25 маусымының әйелдер Гран-при турнирінің жеңімпазы Чжу Цзиньэрді (рейтингі – 2541) бір ұпайға, ал 2024 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы, Үндістан құрамасының мүшесі Дивья Дешмухті (рейтингі – 2469) бір жарым ұпайға артта қалдырды.
Бибісара гроссмейстер атағына қажетті үшінші норманы орындап, 2500 рейтинг шегінен өтті.
Осылайша, Эдгар Мамедов пен Бибісара Асаубаева гроссмейстер атағын беру үшін талап етілетін барлық критерийлерді орындады. Енді олар тек 2025 жылдың екінші жартысында өтетін ФИДЕ Президенттік кеңесінің отырысын күтуде, сол жиында олардың бұл атаққа ресми түрде ие болуы қаралады. Бибісара – қазақстандық әйелдер шахматында бұл атақты иеленген екінші шахматшы болмақ. Алғашқысы – Жансая Әбдумәлік.