Елордада 40 елден келген 200-ге жуық қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді, танымал тұлғалардың басын қосқан «Отандастар форумы» өтті. Алқалы жиынға БАҚ өкілдері, ғалымдар, бизнес, мәдениет саласының өкілдері, белгілі қайраткерлер қатысты.
«Отандастар» форумының ашылу салтанатында сөз алған Қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы:
«Ең алдымен, осынау алқалы жиынға алыстан арнайы ат арытып келген ағайынға, қиырдағы қандастарымызға қош келдіңіздер деймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе - менің жеке назарымда» деген болатын. Осыған орай «Отандастар қоры» соңғы екі жылда Германияда, Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда қандастарымызбен кездесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға ұйытқы болды. Бүгінгі жиын соның Атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар.
Бұл басқосудың орны бөлек, маңызы жоғары. Әлемнің төрт тарабында мекендеп, ұлттық болмысы мен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімімен, бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да құрметке болсын лайық. Солардың бірқатары бүгін ортамызда отыр. Сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың да қатары қалың. Бұл да – «Елге ел қосылса – құт» деген бабалалар нақылының бір көрінісі»,-деп Отандастарды тарихи күнмен құттықтады.
Форум барысында шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстанның шетелдегі қазақтарды қолдауда жүргізіп отырған саясаты, елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы айтылып, ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтер таныстырылды.
Іс-шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық-инновациялық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Жаңа медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар өтті.