Елордада өткен «Отандастар» форумына әлемнің түрлі елінен 200-ге жуық делегат келді. Олардың ішінде шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді, танымал тұлғалар бар. Сондай-ақ алқалы жиынға еліміздің лауазымды тұлғалары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам қайраткерлері, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат саласында жүрген мамандар қатысты.
«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы көпшілікке форумның басты мақсатын түсіндірді.
«Әлемнің сан тарапынан келген қандастарымызбен еліміздің түрлі сала өкілдерінің басын қосып, іргелі елдік мәселелерді талқылауына айналғалы отырған форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы алқалы жиынның басты мақсаты – отандастарымызға ортақ диалог алаңын ұсыну, іргелі елдік мәселені бірлесіп талқылау. Сырттағы қандастарымыздың әлеуетін ел дамуына пайдалану және тәжірибе алмасу. Бүгінгі басқосуда ордалы ойлар ортаға салынып, тың бастамалар көтерілетініне сенімдімін», - деді қор басшысы.
Кездесу барысында шетелдерде қазақ мәдениетін қалыптастыру, қазақ тілін дамыту, ұлттық бірегейлік, шетелдегі қандастарды қолдауға қатысты мәселелер талқыға салынды.
Мәселен, «Отандастар» қоры жыл сайын шетелдегі қандастарға арнап жазғы лагерьлер ұйымдастырады. Жүздеген оқушы елге келіп, қазақ тілін үйреніп, ұлттық салт-дәстүрмен тереңінен танысып, мәдени орындарға саяхат жасайды.
Форумға қатысушылардың бірі – Халықаралық қазақ тілі орталығының Ресей Федерациясындағы филиалының төрағасы Сәуле Тейкешеваның айтуынша, кейінгі жылдары қазақ тіліне деген сұраныс артқан.
«Бес жыл бойына Ресейде жұмыс істеп келеміз. Мен халықаралық қатынастар басқармасында жұмыс істеп жүрген кездері қазақтардың ана тіліне деген қызығушылығы қазіргідей жоғары болмаған. Қазіргі уақытта тіпті басқа этнос өкілдері де қазақша білуге талпынады»,-дейді ол.
«Отандастар» форумы семинар форматында өтті және 4 пленарлық сессияға бөлінді.
Басқосуға келе алмайтындарға ұсыныс-пікірлерін жолдауға, онлайн форматта қатысуға мүмкіндік берілді. Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» атты панельдік сессиялар, сондай-ақ «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның жаңа жобаларының тұсаукесері» және «Тайқазан» қорытынды сессиясы болды.
«Ел дамуындағы қандастардың рөлі» сессиясында шетелдегі этникалық қазақтардың және отандастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі аталды. Сонымен бірге, болашақта қандастардың қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа жобалардың мүмкіндіктері, осы бағытта жұмыс істеп жүрген қандастарымыздың өзара тәжірибе алмасу алаңын құруға байланысты ұсыныстар айтылды.
Аталмыш форумға негізінен жиналғандардың дені мәдениет, медиа саласының өкілдері болды. Болашақта «Отандастар» қоры әлем бойынша бизнес өкілдерін шақырып осындай ірі көлемдегі іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, қандастардың басын атамекенде қосқан тұңғыш форум 2019 жылы өткен болатын. Оған 100-ге жуық адам жиналған. Бұл жолғы форумның ауқымы кеңейді, шетелден 200-ге жуық делегат келіп қатысты.