Биыл «Отандастар Қоры» КеАҚ бастамасымен тағы бір іргелі жоба қолға алынды. Қор «Жаһан қазақтары» деп аталатын энциклопедияны басып шығармақ.
Көлемді кітапқа шетелдегі қазақтан шыққан ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және т.б. танымал тұлғалардың қысқаша өнегелі өмірбаяны енгізілмек. Одан бөлек, қазақтілді БАҚ, қазақтар құрған ұйымдар, қоғамдар, білім орталықтары туралы мәліметтер, қазақ халқының материалдық және материалдық емес мәдени мұралары және тағы басқа да зерттеулер жарияланады.
Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына жеке мемлекет болғаннан бастап қиын-қыстау заманда жан-жаққа шашырап кеткен жұртын түгендеуге көшкені белгілі. Қыруар шаруа атқарылып, қаншама қандас туған жерге оралды. Дей тұрғанмен, көші-қон процесі – күрделі әрі тоқтаусыз үдеріс. Қазақстанға келуші бар болса, соншалықты кетуші де бар. Сондықтан қайда жүрсе де жүрегі қазақ деп соғатын отандаспен тығыз байланыс ұстау – біздің азаматтық парызымыз.
Қазақ елінің шетелдегі қандастармен тығыз қарым-қатынас құрғанына 30 жылдан асып кетті. Бүгінде сыртта жүрген ағайындар құрған қауымдастықтар, мәдени орталықтардың да саны артқан, қандастардың арасында жақсы аты жаһанға жайылған бизнесмендер, өнер адамдары мен спорт саңлақтары, саясаткерлер жетерлік.
Өркениетті елдерде жаңа қазақ диспорасы пайда болып жатыр. Қазақ бизнесі елішілік деңгейден шығып, халықаралық аренада қызмет ете бастады. Осындай өзгерістерден кейін, жан-жағымызды тағы бір түгендейтін, шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігімен таныстыратын, жүйелеп беретін энциклопедияның жазылуы заңды.
Осы ретте, «Жаһан қазақтары» жобасының жетекшісі Нұрлан Асқаров Qazalem.kz редакциясына кітаптың басты мақсаты, негізгі құндылығы туралы айтып берді.
ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ЖӨНІНДЕ ДЕРЕКТЕР МЕН НАҚТЫ ЖҮЙЕЛЕНГЕН АҚПАРАТТАР ӘЛІ ДЕ ТАПШЫ
– Биыл біз жеке бастама көтеріп, «Отандастар Қорының» бір жобасы ретінде «Жаһан қазақтары» деген энциклопедия дайындауды қолға алдық.
Негізгі мақсатымыз – шетелдегі қазақтарға қатысты бүкіл деректерді, мәдени мұраны қамтып, жүйелеп, бір кітапқа жинақтап берсек деген ой.
Қазақстаннан тысқары жерде қалған мәдени мұра, ескерткіштеріміз көп. Мәселен, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби, қыпшақтан шыққан Мысыр билеушісі Сұлтан Бибарыс шетелде жерленген. Қазақтың атақты үш биінің екеуі – Төле би мен Әйтеке би Өзбекстанда жатыр. Сондай-ақ, Ресейде де, Қытайда да көптеген тарихи тұлғаларымыз бар. Кітапқа осындай құнды жәдігерлер туралы мәліметтерді жинақтамақпыз.
Одан бөлек, әлемнің 40-тан астам елінде қандастарымыз мекендеп жатыр. Шетелдегі қазақтардың дені Ресей, Өзбекстан, Монғолия аумағында шоғырланған. Бейресми деректер бойынша, шетелде тұратын қазақтар саны 7 миллион деп айтылады.
Бірақ қандастардың саны, олардың арасынан шыққан танымал тұлғалар жөнінде, олардың немен айналысатыны, әлеуметтік ахуалы туралы мәліметтер мен жүйеленген, ғылыми негізделген ақпараттар әлі де тапшы.
Диаспорология саласында біз әлі де зерттейтін дүниелер көп. Қолға алып отырған энциклопедиялық кітап сол олқылықтың белгілі бір деңгейде орнын толтыруды көздейді.
Шеттегі қазақтардың орналасу ареалы, сол жердегі қазақ мәдени ұйымдарының белгілі өкілдері, әр салада қызмет етіп жүрген қандастарымыз туралы деректің бәрін жүйелеу көзделіп отыр.
Екінші мақсатымыз, шетелдегі отандастарымызға ел жөнінде жалпылама ақпарат беру. Қазіргі мемлекетіміздің бағыты, негізгі құндылықтарымен таныстыру, олармен байланысты нығайту.
Кітапқа хронологиялық шек қоймаймыз. Шеттегі ағайынның тарихына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты мәліметтерді толық қамтысақ деп отырмыз.
ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫ ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ
- Қазіргі кезде энциклопедияның тұжырымдамасы жасалды, мазмұнын дайындадық. Авторлар құрамын анықтап, кітапқа енетін материалдардың сөзтізбесін жасап жатырмыз.
Энциклопедияға енуге тиіс ақпараттарға қойылатын талаптар мен критерийлерді әзірледік. Материалдар жиналып, сарапталып жатыр. Атап айтсақ, қолда бар мәліметтер – «Отандастар қорының» базасындағы деректер, баспасөзде жарияланған мақалалар, кітапханалардағы материалдар.
Шетелдегі архивтерді ақтару мәселесіне арнайы қаражат қарастырылмаған. Сондықтан «Отандастар қорының» бар мүмкіндігі негізінде, өз күшімізбен қазаққа қатысты мәліметтерді жинап жатырмыз. Қазірше қолда бар материалдарды дайындау үстіндеміз.
Энциклопедия көлемді бір кітап болып шығады, ауқымы 40 баспа табақтай. Оған енетін тұлғаларға қатысты арнайы өлшемдерді қойып отырмыз. Өйткені шетелде танымал қазақтар көп. Бірақ оның бәрін қамту мүмкін емес, көлем көтермейді.
Мәселен, ғылым докторы, ғылым кандидаты дәрежелері бар азаматтарды, академиктерді қамтысақ деп отырмыз және спорт, өнер саласы бойынша шетелдерде халықаралық мойындалған сыйлықтардың иегерлері, қазаққа еңбегі сіңген тұлғаларды да энциклопедияға енгіземіз. Тек тұлғалар ғана емес, қазақтар құрған мәдени ұйымдар, шеттегі қазақ тілі, өнері, спорты, медиасы, бизнесі, оқу орындары, жаһандағы қазақтарға қатысты тарихи деректер қамтылады.
Жоба кем дегенде бір жыл уақыт алады. «Жаһан қазақтары» энциклопедиясы шыққан соң, шетелдегі қазақ диаспорасы туралы ақпараттар бір ізге түсіп, олар туралы толық ақпараттық картина қалыптасады деп ойлаймыз.
Qazalem.kz