Астана, 2024 жылғы 13 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сербия Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Владимир Йовичичтің сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Дипломаттар 2023 жылғы қарашада Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Белградқа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Сербия арасындағы серіктестіктің барлық спектрін дамыту перспективаларын талқылады.
Сұхбаттасушылар ағымдағы жылы жоспарланған іс-шаралар жөнінде айтып, оның ішінде Қазақстан-Сербия Үкіметаралық комиссиясының 3-ші отырысы, Сербия парламентшілерінің «достық тобынан» Қазақстанға сапары, сондай-ақ екі министрлік арасындағы саяси консультациялары туралы пікір алмасты.
Кездесу соңында серб елшісі жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.