Әлихан Бөкейхан университетінде Huawei Technologies компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қол қою рәсіміне университет Президенті, профессор Шырын Құрманбаева мен Huawei Technologies компаниясы бас директорының орынбасары Xu Hai (Сюй Хай) мырза қатысты.
Университетте қол қойылған келісім өңірдің цифрлық дамуын алға жылжытатын таланттар экожүйесін құруды, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды көздейді.
Бұған дейін Әлихан Бөкейхан университеті Huawei ICT Academy бағдарламасы аясында компания серіктестерінің қатарына енген. Бүгінде университеттің үш бірдей оқытушысы Huawei компаниясында оқудан өтті.
Оқу орны мен компания арасындағы ынтымақтастық бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен академиялық әріптестікке негізделеді және білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізуді көздейді.
Университет студенттері ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласында сертификаттаудан өтіп, компания ұйымдастыратын түрлі конкурстарға қатыса алады. Бұл өз кезегінде университет түлектерінің жұмысқа орналасуына септігін тигізеді. Ал оқу орнының оқытушылары Huawei компаниясы ұйымдастыратын біліктілікті арттыру курстарынан өту мүмкіндігіне ие болады.
Университеттегі кездесуден соң, Huawei Technologies компаниясының өкілдері Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевпен кездесіп, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Естеріңізге саламыз, 2022 жылы Астана қаласында өткен Digital Bridge форумы аясында Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ынтымақтастық меморандумын жасасқан болатын.
Меморандум аясында Қазақстан студенттері АКТ саласында арнайы оқыту бағдарламаларынан өтіп, сертификация иеленіп, Huawei компаниясы ұйымдастырған конкурстарға қатысып, жұмысқа тұру барысында қолдау алады. Оқытушылар Huawei Technologies компаниясының біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өту мүмкіндігіне ие болады.
Атап өту керек, Huawei Technologies компаниясы 1987 жылы құрылған, қазіргі уақытта коммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды құрылғылар нарығын инфрақұрылымдық жабдықтармен қамтамасыз ететін жетекші компаниялардың бірі. Компания қарамағында әлемнің 170 елінде жұмыс жасайтын 207 мыңнан астам қызметкер бар, компания 3 млрд-тан астам адамдарға қызмет көрсетеді.