АСТАНА – Қазақтың тазы тұқымы алғаш рет Лили Чин жазған «Әлем иттері» кітабына енгізілді. Бұл кітапта әлемнің әртүрлі ит тұқымдарының 600-ден астам иллюстрациясы қамтылған. Кітап қызықты мәліметтер мен түрлі-түсті иллюстрацияларға толы, сондай-ақ ол аралас тұқымды және ресми тіркелмеген ауыл иттері туралы баяндайды, олар әлемдегі иттердің 85%-ын құрайды.
The Astana Times басылымына берген сұхбатында АҚШ-та тұратын малайзиялық суретші Лили Чин осы жобаны дайындаудағы құштарлығымен бөлісті.
Жануарлардың мінез-құлқына арналған туындыларымен әлемге танымал Чин өз жұмысын былай сипаттады: «Менің клиенттерім – қайырымдылық ұйымдары, кәсіби жаттықтырушылар, бихевиористер, ветеринарлар және жануарларға ізгілікпен қарау мен этикалық күтімді қолдайтын жанашырлар».
Чиннің шығармашылық портфолиосына үй жануарларының портреттері, түрлі кәдесый өнімдері және үш кітап кіреді: «Doggie Language» (иттердің дене тілі туралы), «Kitty Language» (мысықтардың дене тілі туралы) және оның соңғы еңбегі «Dogs of the World».
«Әлем иттері» кітабын жасау идеясы 2014 жылы иллюстрациялық жоба ретінде пайда болды, ол кезде Чин ит тұқымдарының географиялық шығу тегін зерттеген.
«Мен әртүрлі тұқымдардың қайдан шыққанын зерттеуге құмартып, әр аймақтың иттерін сызбалар сериясы ретінде бейнелей бастадым», – дейді ол.
Алғашында географиялық негізде жүйеленген плакаттар сериясы ретінде басталған жоба интернетте кеңінен таралып, үлкен танымалдыққа ие болды. Кейін Чин жобаны кеңейтіп, сирек кездесетін тұқымдарды да қамтып, иттердің алуан түрлілігіне ерекше назар аударды.
«Мен «Әлем иттері» кітабын жазып, оған бастапқы плакаттар сериясына қарағанда 100-ден астам ит түрін енгізу арқылы олардың әртүрлілігін көрсетуді және әр тұқымның пайда болуы мен маңызын түсіндіруді мақсат еттім», – дейді Чин.
Чиннің көркемдік тәсілі дәстүрлі ит энциклопедияларынан ерекшеленеді. Ол көбіне шынайы бейнелер мен ресми позаларды емес, қарапайым әрі стильдендірілген иллюстрациялар мен көңілді экспрессияларды таңдаған.
«Бұл жоба мен үшін шығармашылық тұрғыда үлкен сын болды. Бұл менің жеке көркемдік көзқарасымның көрінісі, ол біздің иттерге деген сүйіспеншілігімізді білдіреді», – деді ол.
Чин алғаш рет тазы туралы зерттеу жүргізу барысында, атап айтқанда, ауған борзаясы мен салюки тұқымдарын зерттеген кезде білген.
«Көптеген елдер өздеріне тән тазыға ұқсас ит тұқымдарын сақтап, дамытып келгенін және олардың барлығы Орталық Азиядан шыққанын білдім», – деп түсіндіреді ол.
Қазақ дипломаты Жәнібек Бектемісов әлеуметтік желілер арқылы Чинге тазы тұқымы мен оның Қазақстан үшін маңызы туралы жан-жақты ақпарат беріп, оны бұл ит түрімен таныстыруда маңызды рөл атқарды. Бектемісовтің зерттеулері мен түсініктемелерінен шабыт алған Чин 15 сәуірде жарияланатын соңғы еңбегіне қазақы тазыны енгізуді жөн көрді.
«Мен Қазақстаннан түсірілген видеоны көргенім есімде, онда тазы иттері қасқырға аңшылық жасап жатыр. Олар өте жылдам және шебер ұйымдасып жұмыс істеді. Маған олардың тек аңшылық үшін ғана емес, сонымен қатар сүйікті серік және отбасы мүшесі ретінде де бағаланатыны ұнайды», – дейді Чин.
Жуырда тазы тұқымы Қазақстанның Ұлттық зияткерлік меншік институты Qazpatent тарапынан патенттелді.
Чин өзінің еңбегі барлық ит тұқымдарының, соның ішінде сирек кездесетін және жергілікті тұқымдардың маңызын арттыруға үлес қосады деп үміттенеді.
«Мен бұл кітаптың оқырмандарда сирек кездесетін тұқымдарға қызығушылық пен сүйіспеншілік тудырып, олардың да танымал еуропалық тұқымдардан кем түспейтінін көрсететініне сенемін», – деді ол.
Сирек кездесетін тұқымдарды иллюстрациялау барысында Чин бірқатар қиындықтарға тап болды, себебі кейбір иттердің бейнесі туралы ақпарат өте шектеулі болды.
«Кейде белгілі бір тұқымның бір-екі ғана фотосуретін табу мүмкін болды, сондықтан олардың шынайылығына сенім артуға тура келді. Мен кинолог-ғалымдармен, сондай-ақ жергілікті ит тұқымдары туралы зерттеулер жүргізетін және оларды сипаттап, суретке түсіретін мамандармен байланыс орнатқаныма ризамын. Сонымен қатар, осындай тұқымдармен өмір сүретін адамдар да маған фотосуреттер мен пікірлерімен бөлісіп, үлкен көмек көрсетті», – дейді Чин.
Дереккөз: ASTANA TIMES