ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» тақырыбында республикалық онлайн семинарын ұйымдастырды.
Республикалық семинарға мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, баспасөз қызметі, сайт әкімшілері, аудармашылар және басқа да ресми сайттарды жүргізуге жауапты мамандар қатысты.
Жиналыс барысында ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет-ресурстарына мемлекеттік тілдің қолданылуы мен контент орналастырудың үлес салмағына мониторинг жүргізілетіні айтылды. Ағымдағы жылы «Тіл-Қазына» ҰҒПО тарапынан 100 ресми интернет-ресурсқа мониторинг жүргізу жоспарлануда.
Мониторинг интернет-ресурстарда мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын зерделеуге, қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ ресми сайттарды анықтап, оларды іске қосуға ықпал етуге бағытталған. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің екінші деңгейлі банктердің, әуежайлардың, халық тұтыну қызметтерінің, мемлекеттік қорлардың, құрылыс компанияларының, туристік агенттіктердің, сондай-ақ жекеменшік мектептердің, оқу орталықтарының ресми сайттарына жүргізіледі.
Семинар аясында интернет-ресурстар қандай талаптарға сай болуы керек екені аталып өтті. Оларға ресми сайттың мемлекеттік тілдегі парақшасының болуы, негізгі беттің мемлекеттік тілде ашылуы, мемлекеттік тілдегі құжаттамалар, ресми құжаттар, нормативтік-құқықтық актілердің қазақ тілінде сауатты және ақпараттың сапалы берілуі жатады. Сонымен қатар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы, 16-бабына сәйкес, мемлекеттiк мекемелердің интернет-ресурстарында ресми құжаттар, қаулылар, бұйрықтар, ресми жаңалықтар, баспасөз парағы, инфографика, жарнамалық баннерлер, сондай-ақ мекеме (ұйым) қызметi туралы жалпы ақпарат, байланыс деректерi және тағы басқа да ақпараттар болуы қажет.
Семинарға қатысушылар интернет-ресурстардың мониторинг жүргізуге қатысты сұрақтарына толымды жауап алып, жобаны тиімді іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.