Қазақстанда 4 шетелдік лоукостердің әуе бағыттары ашылады

19 Ақпан 2025

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев еліміздің әуе нарығына қандай жаңа шетелдік лоукостерлер келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын халықаралық әуе рейстерінің саны артып келеді. Қазір 31 елдің 58 қаласына 119 бағыт бойынша рейстер орындалады.

— Былтыр 22 халықаралық бағыт бойынша 6 жаңа қалаға 12 рейс ашылды. Олардың қатарында Мумбай (Үндістан), Джидда (Сауд Арабиясы), Прага (Чехия) сияқты ірі қалалар бар. Сонымен қатар, 10 бағыттағы рейстер қайта жанданды, — деді Т. Ластаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ал биыл 16 жаңа бағыт ашу жоспарлануда. Олардың қатарында Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу, Пусан (Оңтүстік Корея) және басқа қалалар бар.

— Қазақстанның халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады. Олар: SpiceJet (Үндістан), Eastar Jet және T’way Air (Оңтүстік Корея), ThayAirAsia (Тайланд), — деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ, өткен жылы «ашық аспан» режимі Қызылорда, Қостанай және Атырау әуежайларында енгізілді және барлық халықаралық әуежайларда жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн-ға жуық жолаушы тасымалдаған.

Ал әуе рейстерінің кешігуін азайту үшін жаңа ұшақтар сатып алу жоспарлануда.

 

Фото: twayair.com

Қазақстанда 4 шетелдік лоукостердің әуе бағыттары ашылады