Астанада ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Қазақстандағы Беларусь елшілігінің ұйымдастырумен биржалық механизмдерді пайдалану тақырыбында екі ел кәсіпкерлеріне арналған семинар өтті.
Семинарға ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мен Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Богданов, «Беларусияның әмбебап сауда биржасы» Басқарма төрағасы Александр Осмоловский қатысты. Екі жақты өзара сауда айналымында қазақстандық шаруалар бидай мен арпа сияқты сұранысқа ие өнімдерді сауда биржасына шығаруға ниетті.
«Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектенов Беларусь Республикасына жұмыс сапары кезінде Қазақстан 105 тауар түрі бойынша шамамен $265 млн сомасына экспортты ұлғайтуға дайын екендігін атап өткен болатын. Біздің кооперациялық байланысымыз белсенді дамып келеді. Жалпы құны $278 млн астам 14 жоба бар. Олардың 11-і Қазақстанның түрлі аймақтарында табысты іске асып келеді. Біздің бірлескен жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты – Еуразиялық Одақ шеңберінде біртұтас биржалық нарықты қалыптастыру. Биржалық сауда инфрақұрылымын тиімді құру біздің тауар айналымымызды едәуір арттырып, экономикалық интеграцияны сапалы түрде нығайтуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі.
Жалпы Беларусь Республикасында қазақстандық металға сұраныс жоғары. Мысалы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тазартылмаған аллюминий, болаттан жасалған метал өнімдерінің экспоры 3 есеге артқан. Одан бөлек Беларусь нарығында қазақстандық ұн өнімдеріне сұраныс ерекше жоғары.
«Беларусияның әмбебап тауар биржасына тіркелуді және сонда жұмыс істеуді жоспарлар отырмын. Өйткені расында да пайдасын көріп отырмын. Қазіргі уақытта осындай сауда алаңдары біз үшін қажет. Себебі бұл алаңда барлығы ашық, бағасын көріп отыруға болады. Тіпті мониторинг жасап отыруға да болады. Біз өңдеуші болғандықтан, бізді экспорт қызықтырып отыр. Себебі біз бидай, арпа сияқты өнімдерімізді Қытай мен Иранға экспорттаймыз. Енді осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Белорусия нарығына, әрі қарай Еуропа нарығына биржа арқылы шығуға ниеттіміз. Сондай-ақ биыл елімізде күнбағыс майын өндіретін зауыт құрылысын бастауды көздеп отырмын. Белорусь тарапы да қызығушылық білдіріп отыр», - деді қазақстандық кәсіпкер, «AR Trade» ЖШС негізін қалаушы Рүстам Әбікенов.
Беларусь Республикасымен екіжақты сауда көлемі де тұрақты артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 900 млн АҚШ долларына жетті.
Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті. Тараптар сауда айналымын ұлғайту, сауда кедергілерін азайту және екі ел арасындағы биржалық сауданы дамыту жөнінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысын талқылады.
Министр Шаққалиев осы кездесуге қатысқан Белорусь Әмбебап Тауар Биржасының (БУТБ) Басқарма Төрағасы Александр Осмоловскиймен пікір аомасты. Беларусь Универсалды Тауар Биржасының басшысы Беларусь Республикасында биржалық сауданы дамыту және жаңа биржалық құралдарды енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Арман Шаққалиев Белорусь әмбебап сауда биржасы қазақстандық кәсіпкерлер үшін Шығыс Еуропадағы жетекші сауда алаңдарының біріне айналып, сауда айналымын ұлғайтуға септігін тигізетінін атап өтті.