02 Қазан 2026

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге арналған сауда хабы ашылады, ал сауданы қаржыландыру бағыты бойынша сомасы шамамен 21 млн долларды құрайтын қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізуге қатысты үш мәміле пысықталуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Астанада өткен Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова ағымдағы жылы KazTrade моңғолиялық серіктестермен келісімдерге қол қойғанын хабарлады. Осы құжаттардың негізінде Ұлан-Батырда қазақстандық өнімдерді тұрақты ұсынуға арналған сауда алаңы құрылды.

— Ұлан-Батырда сауда хабын құрдық, жақын арада оның салтанатты ашылуы өтеді, онда отандық өнімдер ұсынылады, — деп атап өтті баяндамашы.

Қазақстан тарапы моңғолиялық серіктестерге Моңғолия өнімдерін ілгерілету мақсатында елімізде осыған ұқсас сауда офисін ашуды ұсынды.

Сауданы қаржыландыру саласы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағытына айналды. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі моңғолиялық Trade and Development Bank ұйымымен жұмысты бастады. Аталған банк үшін 33 млн доллар көлемінде қаржыландыру желісі бекітілді. Осы желі шеңберінде қазіргі уақытта сомасы шамамен 21 млн доллар болатын қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша мәмілелер әзірленуде. Айжан Бижанова бұл келісімдерді пилоттық мәмілелер деп атап, осы механизмнің одан әрі дамуы осы жобалардың сәтті іске асуына байланысты болатынын айтты.

Қазақстан басқа да моңғолиялық банктердің қосылуын күтеді және оларды қаржыландыру шарттарына икемді қарауға шақырады. Бұл келісімнің басты мақсаты — сауданы қаржыландыруды бизнес үшін қолжетімді ету және сол арқылы өзара сауда айналымын арттыру, деп түсіндірді Айжан Бижанова.

Транспорттық логистика мәселесі отырыстың негізгі тақырыптарының бірі болды. 2026 жылдың сегіз айында теміржол жүк тасымалының көлемі 16%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль тасымалдары 52%-ға ұлғайып, 17,3 мың тоннаны құрады.

Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасында тікелей әуе қатынасы ашылған. Бұдан бөлек, тараптар теміржол және автомобиль бағыттарын, соның ішінде Қытай аумағы арқылы одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруда.

Қазақстан — Ресей — Моңғолия бағытына және өзара сауда мен транзит көлемін арттыруға мүмкіндік беретін көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда.

Бұған дейін Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының моңғолиялық бөлігінің тең төрағасы Нямтайширын Номтойбаяремен келіссөздер жүргізген болатын.

Сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолияның цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатқаны хабарланды.

 

Дереккөз: Kazinform агенттігі