Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының моңғол жағынан тең төрағасы Нямтайширын Номтойбаярмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ жоғары және биік деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды.
Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестициялар, ғылым, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары қаралды.
Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытудың тиімді тетігі ретінде Үкіметаралық комиссияның маңызды рөлін атап өтті. Осыған байланысты екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскер топтарының жұмысын одан әрі үйлестіру қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында тараптар Үкіметаралық комиссияның 10-шы мерейтойлық отырысына дайындық мәселелерін талқылады. Отырысты ағымдағы жылдың қазан айында Астана қаласында өткізу жоспарланған.