Астанада Үндістан Республикасы Күнінің 77 жылдығына арналған ресми қабылдау өтті. Шара барысында Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ю. К. Сайлас Тангаль екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын таныстырып, Қазақстан азаматтары үшін тегін визалар берілетінін хабарлады, деп жазады Kazinform.
Елшінің мәлімдеуінше, Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына туристік сапарлар, емделу және ілесіп жүруші тұлғалар үшін 30 күнге дейінгі мерзімге тегін виза беру туралы шешім қабылдады.
— Екіжақты туризмді ынталандыру мақсатында Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейінгі мерзімге тегін виза беруді ұйғарды, — деді елші.
Дипломат визаны онлайн форматта немесе Үндістан Елшілігіне жеке жүгіну арқылы рәсімдеуге болатынын нақтылап өтті.
Сондай-ақ елші туристік алмасу көрсеткішінің артқанын тілге тиек етті. Үндістан тарапының бағалауы бойынша, 2025 жылы Қазақстанға шамамен 250 мың Үндістан азаматы келген.
Өз сөзінде дипломат Үндістанның бүгінде әлемдегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан төртінші экономика екенін, сондай-ақ IT, жасанды интеллект, финтех, фармацевтика және цифрлық инфрақұрылым салаларында тұрақты даму көрсетіп отырғанын атап өтті.
Үндістан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Елшінің айтуынша, мемлекеттер ШЫҰ, БРИКС, АӨСШК, БҰҰ және «Үндістан — Орталық Азия» форматы аясында белсенді іс-қимыл жүргізуде.