Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Қазақстандағы БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Чинве Огбоннамен кездесті. Кездесу барысында тараптар демографиялық және көші-қон саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуді аша отырып, Олжас Анафин БҰҰ-ға көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, ЮНФПА-мен бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу және енгізу, «Белсенді ұзақ өмір сүру» ұлттық іс-қимыл жоспары мен аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары сияқты жобалар бойынша ынтымақтастықты атап өтті.

«Соңғы бес жылда Қазақстанда жаңа демографиялық үрдістер байқалуда, оның ішінде туу көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетті. Ел азаматтарының орташа жасы – 32,5 жыл, ал өмір сүру ұзақтығы – 75 жылдан асады», – деді Олжас Анафин.

Ол сондай-ақ 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарының іске асырылуы туралы хабарлады.
Аталған жоспар аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Бұл орталықтардың қызметі егде жастағы азаматтардың денсаулығын қолдауға және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына бағытталған. Бүгінгі таңда осындай 127 орталық ашылып, шамамен 650 мың қызмет көрсетілді және 2,9 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Вице-министр сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы баяндады. Құжат ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қамтиды. Сонымен қатар, көші-қон саясатын дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы көші-қон процестерін реттеу және мигранттардың құқықтарын қорғау тиімділігі артып келеді.
Қазақстан 2027 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Ол білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді азайтуға бағытталған.
«Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде көші-қон заңнамасы жетілдірілді, визалық режим, шақыру рәсімдері, шетел азаматтарының кіру және тіркеу тәртібі жеңілдетілді, визалық-миграциялық портал жаңғыртылды. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсімі барынша жеңілдетіліп, «Электрондық үкімет» порталы арқылы автоматтандырылды», – деп атап өтті Олжас Анафин.
Сондай-ақ ол министрлік көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға бағытталған цифрлық шешімдер, жаңа әлеуметтік саясатты енгізу барысы және инклюзивтілікті арттыру шаралары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Чинве Огбонна Министрліктің атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтті. Ол ЮНФПА мен Қазақстан Үкіметі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламаның әзірлену барысы туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысында тараптар белсенді ұзақ өмір сүру, көші-қон және демография салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.