Мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «Kazinform» тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың түсіндіруінше, құжатқа сәйкес тараптар мемлекеттерінің азаматтары елде 30 күн болғаннан кейін Ішкі істер органдарында тіркелуге міндеттеледі. Қазіргі уақытта бұл мерзім 90 тәулікке дейін тіркеусіз болуға мүмкіндік береді. Жаңа норманың енгізілуі көші-қон бақылауының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы, жыл басынан бері Қазақстанға шамамен 12 мыңға жуық Армения азаматы келген.
Келісімде сондай-ақ 90 күннен асатын мерзімге болуды ұлттық заңнамаға сәйкес ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті. Осылайша өзара визасыз режим күшіне енеді, бұл азаматтардың екі елге сапар барысында шығындарын азайтады.
Сонымен бірге, елге кіру үшін қажетті құжаттар тізбесіне мыналар енгізілді:
Армения азаматтары үшін – жеке куәлік (Қазақстандағы куәлікке балама құжат);
Қазақстан азаматтары үшін – жеке куәлік (қазіргі таңда паспорт, оның ішінде қызметтік және дипломатиялық, теңізшінің куәлігі, елге қайтуға арналған куәлік қолданылып келеді).
— Қазақстан азаматтары біздің жеке куәлігімізбен Ресей мен Қырғызстанға еркін кіре алады. Бұл шара елге кіру және болу тәртібін жеңілдетіп қана қоймай, паспорт рәсімдеуге кететін шығындарды да азайтады, — деді Ержан Сәденов.