Қытай Халық Республикасы ШЫҰ Банкаралық бірлестігі (ББ) мүшелеріне жалпы сомасы 10 млрд юаньды (1,4 млрд АҚШ доллары) құрайтын жаңа несиелер беретін болады. Бұл туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Kazinform» агенттігі.
ҚХР Төрағасының айтуынша, Қытайдың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикасына құйған инвестициялары 84 млрд АҚШ долларынан асты.
Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкін жедел құру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жиынтық экономикасының көлемі 30 трлн АҚШ долларына жақындады.
Еске сала кетейік, 2005 жылғы қазанда Мәскеуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің отырысы барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде банкаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.
Аталған тетіктің негізгі мақсаты – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері қолдаған инвестициялық жобаларды қаржыландыру және банктік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.