Қазақстанда 75 жаңа мамандық пайда болды

Кеше

Бүгінгі күні жаңа мамандықтар Атласында Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.

Ол министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласы министрлік желісі бойынша 75 жаңа кәсіпті қамтиды.

«Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында – виртуалды прототиптеуші маманы, құрылыста – Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар, бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырады», — деді Иран Шархан.

Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болатыны атап өтілді. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар.

Осылайша, қол еңбегін автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Ол қоғамдағы жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын ҚР-да 13 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол Министрліктің 8 саласы бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеу және жаңарту жоспарланған, бұл 544 мамандықты қамтитынын атап өтті. Кәсіби стандарттарды енгізу арқылы нақты сектордың кадрға деген сұранысы мен білім беру жүйесі арасындағы үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Оның айтуынша осыған байланысты, өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі ретінде дуалды оқыту жүйесін дамыту ерекше маңызды болып отыр.

Өнеркәсіп салалары үшін дуалды оқыту 284 колледжде жүзеге асырылуда (өңдеу өнеркәсібі бойынша 164 колледжде), және оған 700-ге жуық кәсіпорындар тартылған.

Кәсіпорындармен жасалған келісімдер мен меморандумдар аясында 30-дан астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда.

«Нәтижесінде жыл сайын 13 мыңға жуық жас маман жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ жүйелі түрде мыңдаған оқушылар үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіледі. Былтыр 2000-нан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Озық білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамыту жалғасуда», — деп толықтырды Иран Шархан.

Тау-кен ісі және геология мамандықтары ҚР-да танымал бола түсуде

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында министрлік жетекшілік ететін салалардағы кәсіптердің тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол геология саласында маусым айында (16-21 маусым) Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы өткенін, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінен 100-ден астам студенті қатысқанын атап өтті.

Сондай-ақ шілде айында (8-15 шілде) Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II Республикалық далалық геологиялық олимпиада өткізілді, оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 16 команда қатысты.«Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артып келуде. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асуда. Сонымен қатар түлектердің 98%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда», — деп атап өтті Иран Шархан.

 

Дереккөз:primeminister.kz

Қазақстанда 75 жаңа мамандық пайда болды