Тяньцзинь, 2025 жылғы 15 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін Қытайға сапары аясында Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу өткізді.
Тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Сұхбаттастар елдер арасындағы саяси диалогтың оң серпінін атап өтті. Ерекше назар Қазақстан мен Қытай көшбасшылары арасындағы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлердегі алдағы іс-шаралар кестесіне аударылды.
«Ағымдағы жылы Астанада мемлекеттер басшыларының дәстүрлі түрде ашық әрі сенімді сипатта өткен келіссөздерінің қорытындысы бойынша жаңа өршіл мақсаттар қойылып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыты айқындалды. Ендігі ортақ міндетіміз – қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыру үшін бар күшімізді салу», – деді М.Нұртілеу.
Сонымен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және транзиттік-көліктік салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз үйлестіру мен өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты