Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ресейде өткен фестивальде арнайы жүлдеге ие болды

Кеше

«Шатырдағы екеу» фильмі Ресейде өткен «В кругу семьи» халықаралық кинофестивалі аясында қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Картина ұлттық болмысымен және мазмұнымен ерекшеленіп, жоғары бағаланды.

2025 жылы фестиваль рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Оған 121 елден 2500-ден астам фильмге өтінім түсті. Олардың қатарында Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Италия, Үндістан, Иран, Мексика, Солтүстік Македония елдерінің туындылары бар. Сонымен қатар, фестиваль тарихында алғаш рет Эфиопия мен Сенегалдан да фильмдер қабылданған. Байқау бағдарламасына 36 елден келген толықметражды және қысқаметражды фильмдер енді.

Фестивальде фильмнің түпнұсқа музыка авторы, композитор Виктор Сологуб таныстырды. Композитор марапатты бүкіл түсірілім тобының атынан қабылдап, толқынысын жеткізді. Сонымен қатар хикаяның ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тереңірек түсінуге және қабылдауға септігін тигізетінін атап өтті.

«Шатырдағы екеу» – режиссер Гүлшат Смағұлованың тұңғыш режиссерлік дебюті.
Туынды тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достықты баяндайды. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген. Түсірілім биыл көктемде Алматы қаласы мен Алматы облысы Талғар ауданында өтті. Фильм қазақ және орыс тілдерінде өткен жылы прокатқа шықты.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Граждане крыши» Ханты-Мансийск қаласында өткен XXIII халықаралық кино-дебюттар фестивалінде «Душа России. Мировое кино» номинациясында жеңіске жеткен болатын.

Сондай-ақ туынды Үндістандағы «Золотой лев» халықаралық кинофестивалі аясында бірден екі марапатқа ие болды. Олар – «Үздік халықаралық толықметражды фильм» және «Дебюттік фильм үшін үздік режиссура» номинациялары.

Бұдан бөлек, фильм Мәскеуде өткен Fashion Film Festival фестивалінде тоғыз жүлде жеңіп алды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ресейде өткен фестивальде арнайы жүлдеге ие болды