Қазақстан Сыртқы істер министрі Ауғанстанға жұмыс сапарымен барды

Кеше

Кабул, 2025 жылғы 10 шілде – Ауған тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Ауғанстанға барды.

Сапар аясында Ауғанстан Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Абдул Ғани Барадармен кездесу өтті.

Тараптар сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық салалардағы, сондай-ақ геобарлау және цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық келешегін қарастырды.

М.Нұртілеу Ауғанстанды Орталық Азия өңірімен тарихи және географиялық тұрғыда тығыз байланысты ел ретінде қарастыратынын және елдер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ауғанстан  Премьер-министрінің орынбасары Кабул мен Астана арасындағы серіктестікті кеңейтуге үлкен әлеует барын атап өтті. Оның айтуынша, Кабул бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы Ауғанстанда жұмыс орындарын құруға үміт артады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржолды салу және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында Қазақстан СІМ басшысы Ауғанстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Амир Хан Муттакимен кездесу өткізіп, қазақ-ауған серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму келешегін талқылады.

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. М.Нұртілеу ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, пайдалы қазбалар өндіру, сауда және басқа да болашағы зор салалардағы ынтымақтастықтың басымдылығын атап өтті.

«Бүгін Ауғанстан – біз үшін сауда-экономикалық күн тәртібін белсенді дамытып отырған маңызды серіктестердің бірі. Біз тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз – бұл мақсат екі тараптың қолдауына ие. Бұл үшін Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, жанар-жағармай материалдарын, минералдық тыңайтқыштарды, химия өнеркәсібі тауарларын жеткізуді арттыруға дайын», – деді ҚР СІМ басшысы.

Ауған өнімдерін қазақстандық нарыққа жеткізуді кеңейту мәселелері де қаралды. Соңғы жылдары елімізде Ауғанстаннан жаңа піскен және кептірілген жемістер, минералды су мен алкогольсіз сусындар сатылады. Сауданы дамыту мақсатында бұл өнімдерді Түрікменстан аумағы және Тургунди шекаралық қаласы арқылы Қазақстанның батыс өңірлеріне жеткізу ұсынылды. Бұл қазақстандық тұтынушыларға маусымаралық кезеңде жаңа өнім алуға, ал ауған фермерлеріне ірі нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Сұхбаттастар орнықты және өзара тиімді сауданы қамтамасыз етудің маңызды элементі ретінде Трансауған бағытын дамыту мен тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым құру мәселесін егжей-тегжейлі талқылады. Осы тұрғыда Қазақстанның «Тургунди-Герат» темір жолынының құрылысына инвестиция салу ниеті расталды.

Қазақ тарапы азық-түлік қауіпсіздігін арттыру және медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған гуманитарлық бағдарламаларды одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді. Әлеуметтік бастамалар мен Ауғанстан халқы үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан жүзеге асырылып жатқан қолдау бағдарламалары аясында ауған студенттеріне бөлінетін білім беру квотасын екі есеге арттыру ниетін мәлімдеді.

Өз кезегінде А.Муттаки Қазақстанға Ауғанстан тақырыбын халықаралық ұйымдарда дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқаны және гуманитарлық көмек көрсетіп отырғаны үшін алғысын білдірді. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуына толық қолдау білдірілді.

Кездесулер соңында өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша белсенді және өзара тиімді диалогты жалғастыруға дайындық расталды.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Ауғанстанға жұмыс сапарымен барды