Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық әлеуеті

Бүгін, 12:23

«Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту» атты есепке сәйкес, екіжақты сауда айналымының оң серпініне қарамастан, кейбір салаларда іске асырылмаған әлеует сақталып отыр.

«Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы кеңейіп келе жатқан экономикалық әріптестік екі ел көшбасшыларының толық қолдауына ие, стратегиялық қатынастар мен тереңдеп келе жатқан одақтастық ынтымақтастыққа негізделген», — делінген есепте.

Сарапшылардың пікірінше, екі мемлекет те Жібек жолындағы жүйеқұрушы тораптар ретінде маңызды рөл атқарады және экономикалық әртараптандыруға, сыртқы сауда ағындарын кеңейтуге, сондай-ақ өңіраралық байланысты нығайтуға бағытталған үйлестірілген геоэкономикалық стратегия жүргізуде.

Есепке сәйкес, екіжақты сауда көлемінің өсіп келе жатқанына қарамастан, көмірсутек пен жаңартылатын энергетика, көлік және логистика, қаржылық қызметтер, телекоммуникациялар мен агроазық-түлік саудасы сияқты салаларда айтарлықтай іске аспаған әлеует бар.

Сарапшылар инфрақұрылымға инвестицияны арттыруды ұсынады.

«Орта дәлізді дамыту және Каспий теңізі арқылы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу Қазақстан мен Әзербайжанның Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік тораптар ретіндегі орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», — делінген есепте.

Сондай-ақ, олар жасыл энергетика мен аграрлық сауданы дамыту қажеттігін атап өтеді.

«Қазақстандық мұнайды Әзербайжан аумағы арқылы экспорттау көлемін ұлғайту, жаңартылатын электр энергиясын жеткізу жобаларын іске қосу, аграрлық өнімдер саудасының тиімділігін арттыру және қаржылық ынтымақтастықты тереңдету ұзақ мерзімді кезеңге арналған орнықты экономикалық үлгіні қалыптастыруға ықпал етеді», — деп қорытындылайды талдаушылар.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық әлеуеті