Astana International Trade Forum алаңында Қазақстанда танымал маркетплейстердің өкілдері «CEO Talks: Бөлшек сауданың көшбасшылары – 2025 бағыты» сессиясына қатысты. Бүгінде маркетплейстер қазақстандықтарға не ұсынып отырғаны талқыланды.
Орталық Азиядағы Alibaba (Қытай) компаниясының өкілі Чингиз Шер қазақстандық өндірушілерге өнімдерін алдымен Alibaba арқылы сынап көруді, содан кейін Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына шығуды ұсынды.
«Alibaba бұл мүмкіндіктерді өте жеңіл ұсынады. Сіз өндіруші ретінде өз тауарыңызды қайда сата алатыныңызды, кімге қызықты екенін сынай аласыз. Платформаға қосылып, жұмыс істеу қажет», - деді ол.
Wildberries-тің Қазақстандағы корпоративтік байланыс жөніндегі директоры Қазбек Құжымов маркетплейстің қазақстандық тұтынушыларға қалай бейімделіп жатқанын айтты.
«Бүгінде Wildberries-те 120 мыңға жуық сатушы Қазақстанның резиденттері болып табылады және Астана мен Алматыда өз логистикалық орталықтарының құрылысы біздің бағалауымызша өңір экономикасының орта есеппен 5%-ға дейін өсуіне ықпал етеді. Бұл бір ғана инфрақұрылымдық нысан үшін үлкен көрсеткіш. Біз үнемі жаңа сервистер ұсынып, сатушыларды оқытып, жаңа кәсіпкерлерді тартуға тырысамыз», - деді Қазбек Құжымов.
Бұдан басқа, Wildberries қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа сервистерді белсенді енгізеді және қосымшаны сатып алушылар үшін ыңғайлы етеді.
«Біз Қазақстаннан келген сатушыларға арналған жаңа сервистерді үнемі сынақтан өткізіп, енгізіп келеміз. Жақында сатушының күшімен жедел жеткізу және есікке дейін жеткізу қолжетімді болды, енді тірі гүлдер букетіне немесе азық-түлікке, ірі көлемді жиһаз бен техникаға тапсырыс беруге болады және осының бәрі қысқа мерзімде жеткізіледі. Сондай-ақ, қазіргі уақытта сайт пен қосымшаны қазақ тіліне аударып жатырмыз, 2 млн-ға жуық тауар карточкасы аударылды және бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда», - деді Қазбек Қожымов.
Ал Halyk Finservice (Halyk Market маркетплейсі) басқарма төрайымы Мөлдір Рысәлиева жекелендірілген маркетинг туралы айтты.
«Клиент тартуға кететін шығынды 50%-ға дейін қысқартуға жекелендірілген маркетинг көмектеседі. Бізде тұтынушы мінез-құлқын толық зерттейтін «деректер фабрикасы» деп аталатын бөлім бар. Олар клиенттің қайда жүргенін, қайда ақша жұмсайтынын, қандай санаттарды ұнататынын талдайды. Мысалы, әуежайда болсаңыз, медициналық сақтандыру сатып алуды еске салатын SMS келеді. Сауда орталығына барсаңыз – автотұрақ ақысын төлеуді ұмытпауды ескертеміз. Осындай тәсілді біз адамдарға іздеп жүрген тауарларына сәйкес келетін ұсыныстар беру үшін қолданамыз, - деді Мөлдір Рысәлиева.