Қазақстан Түрікменстан делегациясымен ДСҰ-на кіру тәжірибесімен бөлісті

Кеше

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Түрікменстанның ресми делегациясын Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу аясында қабылдады.

Түрікмен делегациясын Түрікменстанның Қаржы және экономика министрлігінің ДСҰ-мен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ылхам Ярашов басқарды. Делегация құрамына Министрлер кабинеті, Орталық банк, Парламент, сондай-ақ сауда-экономикалық саясатты қалыптастыру және іске асыруға жауапты салалық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кірді.

Сапар мақсаты – Қазақстанның ДСҰ-на кіру жолындағы практикалық тәжірибесін зерделеу, соның ішінде институционалдық және заңнамалық реформалар, міндеттемелер бойынша келіссөздер процесі және ұлттық заңнаманы көпжақты сауда нормаларына сәйкестендіру.

Іссапар бағдарламасы аясында қазақстандық келіссөз жүргізушілермен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен және сауда саясаты саласындағы сарапшылармен техникалық консультациялар өткізілді. Қазақстан тарапынан Сауда және интеграция министрлігі, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы және Қазақстанның ДСҰ-на кіруі жөніндегі келіссөздерге тікелей қатысқан жетекші мамандар қатысты.

Түрікмен делегациясымен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Түрікменстанның осы бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалап, сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін жеткізді. Ол ДСҰ-на мүше болудың экономикалық тұрақтылық пен халықаралық сауда ынтымақтастығын кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.

«QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын және Орталық Азиядағы ішкі өңірлік сауданың оң серпінін атап өтті. Нұрлан Құлбатыров сауда рәсімдерін оңайлату мәселелеріне ерекше назар аударып, бұл өңірдегі саудадағы кедергілерді азайту мен ашықтықты арттыруға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар, Түрікменстанның стратегиялық жағынан маңызды географиялық орналасуы – «Солтүстік–Оңтүстік» және Орта дәліз сияқты негізгі көлік дәліздерінің түйіскен жерінде орналасуы, сондай-ақ Ауғанстан мен оңтүстік бағыттарға шығу әлеуеті атап өтілді.

Түрікменстан Қаржы және экономика министрлігінің ДСҰ-мен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ылхам Ярашов Қазақстан тарапына құнды практикалық тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігі үшін ризашылығын білдірді. Ол Қазақстанның жаһандық сауда жүйесіне интеграциялану жолында күрделі, бірақ табысты жолдан өткенін, және бұл тәжірибе ДСҰ-на кіру жолында Түрікменстан үшін стратегиялық қадамдарды қалыптастыруда маңызды негіз болатынын атап өтті. Талқылау барысында Түрікменстанның нақты қиындықтары, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, оларды еңсеру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сапар аясында делегация 2015 жылы құрылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) да барды. Орталық ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген және шетелдік инвестицияларды тарту, капитал нарықтарын дамыту, халықаралық стандарттарды енгізу және Қазақстанның қаржы инфрақұрылымын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Түрікменстан делегациясының Астанаға сапары Қазақстанның Орталық Азиядағы сенімді әрі белсенді серіктес ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Қазақстан ДСҰ-на кіру және экономикалық реформаларды жүргізу тәжірибесімен жүйелі түрде бөлісіп келеді. Өткен жылы еліміз осы бағыттағы жаһандық сауда жүйесіне қосылу жолындажүрген Өзбекстан мен Әзербайжан делегацияларын да қабылдады. Мұндай диалог өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге және ішкі өңірлік сауданың өсуі үшін берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл сапар Еуропалық Одақ қаржыландыратын Халықаралық сауда орталығының (ХСО) «Түрікменстан: сауданың тұрақтылығы мен интеграциясы» жобасы аясында жүзеге асты.

Қазақстан Түрікменстан делегациясымен ДСҰ-на кіру тәжірибесімен бөлісті