Қазақстан Кореядан Алматы, Астана және Шымкентке тікелей рейстер жиілігін аптасына 17 рейске дейін арттырды.
Оңтүстік Корея – Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі.
2024 жылы елімізге 40 180 кореялық келді – бұл 2023 жылмен салыстырғанда +12,8%, әрі пандемияға дейінгі көрсеткішке тең.
Қонақүйлерде түнеген туристер саны да 26 861 адамға жетіп, 12%-ға өсті. Бұл өсім визасыз режим, тікелей рейстердің көбеюі және белсенді ілгерілету жұмыстарының нәтижесі.
Сеулде өткен B2B кездесулерде қазақстандық туроператорлар Кореяның 60-тан астам компаниясымен келіссөздер жүргізді. Kazakh Tourism, Almaty Tourism Bureau, Air Astana, SCAT және «Шымбұлақ» курорты шараға белсенді қатысты.
Іс-шара Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қолдауымен өтті.
ҚР Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов:
«2024 жылы Қазақстан экономикасы 5,1%-ға өсті. Шетелдік инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге жетті. Ел басшылығының қолдауының арқасында туризм, оның ішінде MICE-сектор белсенді дамып келеді. 2025 жылы Астанада өткен халықаралық форум – соның дәлелі. Оның қонақтарының бірі – БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун болды», – деді.
Air Astana, SCAT және Eastar Jet авиакомпаниялары рейстерге билет ұтысын өткізді. Ал B2B кездесу серіктестері арнайы демеушілік сертификаттар ұсынды.
Сонымен қатар, Алматы туризм басқармасы Сеулдегі SITF халықаралық көрмесіне қатысуды ұйымдастыруда. Ал сәуірде Kazakh Tourism және Air Astana Кореяның 9 ірі туроператорына ақпараттық тур өткізді.