Қарағандыда қандастармен кездесу өтті

05 Ақпан, 2020

Бүгін Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның фронт-офис тарапынан тарихи отанына көшіп келген оралмандарға арналған дөңгелек үстел өтті.


Жиынға  «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның Бизнес жəне жобаларды акселерациялау департаментінің Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы және бірінші дәрежелі үйлеструшісі Дамир Нурсулан қатысты.


Іс-шара аясында Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік, Білім беру, мəдениет, дене тəрбиесі жəне спорт басқармасының, Көші-қон қызметі басқармасының мамандарымен кездесу ұйымдастырылды.


Шара барысында «Отандастар» қорының Бірыңғай байланыс-орталығының қызметі және мемлекет тарапынан қандастарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек туралы егжей-тегжейлі айтылды. Сонымен қатар, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері Қарағанды облысы бойынша 2019 жылда атқарылған жұмыс бойынша мәлімет берді.


«Отандастар» қорының басты мақсаты мен міндеті – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп тарихи отанынан тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарды елге көшіріп әкелу, оларға жөн сілтеп, тұрмыс-тіршілігін ондап, кәсіппен айналысуына, жұмысқа орналасуына және ортаға бейімделіп, баспаналы болуына жағдай жасау. Қарағанды облысындағы филиал ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Жұмыс аясында біз қалалар мен ауылдарды аралап шықтық. Сонда ұйымдастырылған кездесулер барысында 4 мыңға жуық қандаспен кездестік», - деді «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Қарағанды облысының филиал басшысы Меруеш Башай.


Құрметті ағайын! Еске сала кетейік, азаматтық алу құқығы туралы, әлеуметтік көмек пен басқа да сауалдарға жауап немесе кеңес алу үшін 1404 жедел желісіне хабарласып, komek@gov.kz электронды поштасына жазуға болады.

Қарағандыда қандастармен кездесу өтті