«Talapai» - ұлттық креативті ойындарды жаңғыртқан бренд

25 Қаңтар 2024

Біздің қоғамға креативті экономиканың затынан гөрі аты жақсы таныс. Мемлекет те салаға ел индустриясын өрге бастайтын ерекше бағыт ретінде қарайды. Содан болар, 2024 жыл шығармашылық сала өкілдерін қанаттандыратын жағымды жаңалықпен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет арнайы қаулы шығарып, креативті индус­трия субъектілеріне салықты жеңілдету талабы қабылданды. Сәйкесінше, 40 қызмет түрі КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды. Бұл өз кезегінде дарынымен дараланатын азаматтардың әл-ауқатына, өндіріп жұмыс істеуіне екпін берді. Осыған орай ұлттық ойындардың нарықтағы әлеуетін жаңғыртып жүрген Айнұр ПОЛАТОВАМЕН "Egemen Qazaqstan" тілшісі жолығып, былтыр көпті таңғалдырған «Talapai» жобасы туралы егжей-тегжей сұраған еді.

– Айнұр Жұмабекқызы, әңгімені әріден бастасақ. Алдымен өзіңіз туып-өскен мекен, білім алған оқу ор­да­­ңыз, отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.

– Мен Ақтөбе қаласынан 70 шақы­рым қашықта орналасқан Мәртөк ауда­нының тумасымын. Әкем – инженер-механик, анам медицина саласында қызмет етеді. Бір әкеден төр­теуміз. Ата-әженің көзін көрмесем де, олардың өсиетін, тәлімін, кәдімгі қазақы танымды әке мен анадан бойыма сіңіріп өстім. Дастарқаннан батасыз тұрмақ түгілі, қазіргі көп отбасы мән бермейтін ұлттық салт-дәстүрімізді бе­рік ұстанамыз. Тіпті үстел басында орыс тілінің тұрмыста кірігіп, құлаққа үйреншікті болған сөздері де айтылмайды. Бұл – өмірлік жолымды қазақ филологиясымен байланыстыруыма сеп болған бірден-бір фактор. Орта білімді сол елді мекендегі мектеп-гим­назияда тәмамдадым. 9-сыныптан бас­тап шығарма, өлең жазуға ынтам ашылды. Мұны байқаған қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі на­зарым­ды сол арнаға бұрып, қолдау көрсетті. Үш жыл қатарынан Ақтөбе­нің атынан көп сайысқа қатысып, жүл­делі орындарды иеленіп жүрдім. Сөйтіп, 11-сыныптан кейін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті филология факультетінің «қазақ филологиясы» мамандығына грантқа түстім. Ал магистратураны Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­зия ұлттық университетінің филоло­гия факультетіне тапсырдым. Қазір 2-курста оқимын.

– Ұлттық ойындарды стартап ар­қылы жаңғырту идеясы қалай келді?

– Ойлап қарасам, кішкентай кезім­нен белгілі бір іс-әрекеттер арқылы бұл идеяға бейімделген екенмін. Себе­бі мектепте, бакалаврда оқып жүргенім­де жоба, стартап деңгейінде болмаса да, осы бағыттағы түрлі бастаманы бай­қап көрдім. Ана тілімізге, төл мәдениетімізге деген қызығушылығым жанашырлыққа ұласып, мен үшін бәсі биік мүмкіндіктерге жол ашылды. «Talapai» жобасы туралы ой 2022 жыл тамыз айының соңында антикафеде туындады. Мұндай нысандарда көбіне шетелдің ойындарын жиі кезіктіре­міз. Одан қалды, қазір жас­өспірім­дерді тапанша кезенуге, тіпті суицидке итер­мелейтін ойындар қаптап кетті. Содан «Олардың орнын алмастыратын қазақ­та үстел ойын­дары бар ма?» деген сауал маза бер­меді. Әу баста ойыма қо­рапшадағы асық­тар келді. Бірақ оны немен байланыс­ты­ратынымды білмей, дал болдым. Кейін Астанадағы ұлттық академиялық кітапханадан бастап, төл ойындарымыз туралы еңбектер мен энциклопедия­лар­ды ақтардым. Арасы­нан үстел ойнына келеді-ау дегендерін іріктеп алдым. Ережелерін өзара салыстыр­дым. Белгілі этнографтардың пікірін оқы­дым. Филолог маман болған соң зерттеу, талдау үдерістерімен жете таныс­пын. Сөйтіп, тұжырымдамасын жасақтап, бір жүйеге келтірдім. Ішіне қандай ойын­дар кіретінін нақтыладым. Бастапқыда бұл жобаға жеті ойын кіріктіремін деп жос­парладым. Бірақ қаражат тапшылы­ғы­на байланысты бес ойын ғана енгізуіме ­тура келді. Олар – «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестем­шесі және «Тоғызқұмалақ» ойын­дары. Әсіресе «Тоғызқұмалақты» бәрі­міз бі­леміз. Алайда бала кезден көріп келе жатқан тоғызқұмалақтың сырты көк пластик, тастары да көпке ұсынатын­дай күйде емес. Оған жастар қызық­пай­ды. Телефонға телміру деген үлкен мәселе тағы бар. Туысқан аға-әпкелерім бала­ларының үнемі құлтемірге еліріп отыратынын айтып, шағымданады. Жай ғана телміріп қоймай, психикасын бұзып алған іні-сіңлілерім бар. Қанша жерден оларды жаныма жақын тартып, ақылымды айтсам да, көбі бері бұ­рылмай, ештеңеге қызықпайтынын айтады. Ал мен білім, ізденіс жағына зе­йін қоямын. Айналамда сондай орта бол­ғанын қаладым. Алғашында іні-бауырларым онша тартыла бермеді. Сон­дықтан өзім сияқты жастардың назарын аударатындай, қазақтың ұлттық ойындарын жаңаша бағытта шыға­рамын деген ой туды. Ханталапай ойны басталарда айтылатын «Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай!» деген екі жол өлең бар. «Талапай» сөзінің түп­кі этимологиясы – бір нәрсені бө­ліске салып алу. Жобамды «Talapai» деп атауым­ның сыры да осы, мен ойын­дарды іздеп тап­­тым, енді соны жұртшылық тала­сып­-тармасып іліп кетсе екен деймін. Көз­­деген меже орында­лып келеді. Қа­­зір жастар қызы­ғушылық танытып жүр.

– Байқап қарасақ, әр ойын сөмке тәрізді ағаштан жасалған, сыртында ұлттық нақыштағы ою қашалған қорапта ұсынылған. Ең қызығы, бұл жай ағаш сөмке емес екен, функционалды. Оны ашып, ойын ойнауға да болады. Бұл да тапқырлық, креативті идея емес пе?

– Идея санамда сарт еткенде-ақ креа­тивті ұсынудың барлық жолын қарас­тырдым. Сөйтіп, дизайнердің кө­ме­гіне жүгіндім. Бастапқыда студент­термен жұмыс істегенім дұрыс деп санадым. Жа­лындап тұрған, жаңа­шыл­дыққа құмар жас­тардың тың идея­лары бар шығар әрі бұл қаражат жағы­нан да тиімді болатынына сендім. Кейін олардың жұмысы көңілімнен шық­пады. Маған сапалы дүние керек екенін анық сезіндім. Жан-жақтан сұрастыра келе, ұлттық оюларымызды жаңғыртып жүрген білікті маман Жанғазы Сейдахметовпен кездесіп, идеямды ортаға салдым. Жобаны қалай елестеткенімді, қалай көретінімді айттым. Қағаз бетіне түсіріп те бердім. Ол кісі бірден қолдай кетті. Меніңше, бұл өзіңнің жұмысыңа деген іштегі сенімді арттырады.

– Бір жағынан бұл ойындар ұлт­тық тәрбиеден ажырап бара жат­­қан қа­зақты түп қазығына тартатын тап­­тырмас құрал секілді. Осы ретте ойын­­дарыңыз туралы толығырақ айта өтсеңіз.

– Қазір ең басты ойындарымның бі­рі – тоғызқұмалаққа ұқсайтын «Бес­­тем­ше». Көп адамның тоғызқұмалақ ойна­­­­мау себебі – оның ұзақ өтуінде. Ал бес­­тем­­­­ше оның қарапайым түрі, әрі кетсе 10-15 минут ойналады. «Бестем­ше­нің» негіз­гі формасы киіз үй, оны күр­делен­ді­ру мақсатында жаңа бір түрін шығар­дым, оны «Тұмар» деп атадым. Оның да өз ерекшеліктері бар. Барлығы халықтың ­назарын ауда­рып жүр. Енді «Бестемшенің» онлайн түрін мобильді қосымша ретінде шығарғым келеді. Сондай-ақ алдағы уақытта «Ләңгі», «Ат жарыс», «Шалма» ойындарын да қарас­тырып, жобамды кеңейтуді жос­парлап жүрмін. Мәселен, «Ләңгі» – бала­лардың дене қозғалы­сы­на жақ­сы әсе­рін тигізеді. Ләңгі туралы ұзақ ойлан­дым, оның да өз стандарттары бар, еліміздегі жалғыз бренд бол­ған­дықтан, үлкен жауапкершілікті жүк­тейді, лайықты сапалы дүние жасау қажет. Сосын шахмат секілді асық­­пен үстел үстінде ойналатын «Ат жарыс» ойнын қосамын. Бала кезімізде жіп­пен ойнайтын «Шалма» ойны қазақтікі. Ескі сүрлеуге салып, орыстың ойны деп ойлайтын шығармыз, бірақ этно­гра­фия туралы кітапты ақтарғанда, біз­дің ұлт­тық ойнымыз екені белгілі болды. Ондағы формаларға мән берсеңіз, кереге, уықтың пішіндері шығады. Мен оны кейін байқадым. Сол ойын­ды да жаң­ғыртып көргім келеді. Жалпы, шахматтан кем түспейтін, өз болмысымызды көр­сететін керемет ойындар бар. Бірақ кей­бір ағаларымыз оны патенттеп ал­ған. Ойын түрлерін іздегенде біразына ха­барластым, пайда көздемейтінімді, жай ғана ұлттық ойын түрінде насихаттауға рұқ­сат сұрадым. Сонда да келіспеді. Ин­тер­нет­те ол ойындарға қомақты қаражат бөлін­гені жазылған, бірақ шын мәнінде жарық­қа шықпаған. Есеп үшін бір-екі мектепке апарылған, бірақ еш нәтиже жоқ. Халықтың ұлттық ойнын қалай патенттеп алуға болады? Ойынның дизайнын, қорапшасын, жазуын патенттеуі мүмкін, бірақ тұтас ойынды патенттеп алу меніңше дұрыс емес.

– Демек бұл бағытта да өзіндік проб­лемалар бар…

– Біріншіден, қазір креативті экономикада қазақтың үстел ойындары нарығы бос тұр. Сондықтан мейлінше ұлттық брендімізді зерделеп, әлі де толықтыру қажет. Бұл ретте тағы бір проблеманың басы қылтияды. Халық арасында төл ойындарымыз туралы түсінік қажет деңгейде емес.

– Екі жылға жуық уақытта жоба­ның қаржысы қалай өтеліп жатыр? Қандай да бір байқауларға қатыс­тыңыз ба? Жетістіктеріңіз бар ма?

– Менің арнайы командам жоқ. Әзір­ге өзім ғана еңбектеніп жүрмін. Жал­пы, жобаға бірнеше миллион қара­жат жұмсалды. Белгілі бір кезеңде қажет болған мамандарды тарт­тым. Не­месе түрлі жарысқа қатыстым. Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде бизнес-инкубатор студент­термен тиімді жұмыс істейді екен. Бұл туралы естіген бойда идеямды айтып, ұсынып көрдім. Жаңылыспа­­­сам, олар қаржылық сыйақысы бар жа­рыс­­тарды жиі ұйымдастырып тұра­ды. Сол жарыстардың біріне қатысып, 2-орын­ иелендім. Қаржылай сый­ақы 100 мың теңге берілді. Бұл жоба­ға кеткен шығынды өз қалтамнан өтеген­діктен, 100 мың теңге маған әжептәуір көмек болды. Сондай-ақ былтыр жыл аяғында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гран­тын жеңіп алдым. Осы ретте жас­­тарға жан-жақ­ты қолдау білдіріп отыр­­ған Мемлекет бас­шысына, жарыс­ты ұйымдастырған Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс айтамын. Бұл тек жастарға емес, креативті индустрия өкілдеріне жасалған көмек деп білемін. Оған қоса 2023 жылдың қа­раша айында халықаралық Берлин базары жәрмеңкесінде 50-ден аса ел­дің қатарында Қазақстанның ­атынан ұлт­тық ойындарымызды таныс­тыр­дым. Сол Германиядағы Франк­фурт университетінде жаңадан ашыл­ған креативті хабқа өз ойындарымыз­ды қойдық. Алдағы уақытта ынты­мақ­тас­тық негізінде біраз іс-шара ұйым­дас­ты­рамыз деген сенімдемін. Франк­фурт­қа жақын жерде орналасқан бір қа­лада көп қазақ шоғырланған. Олардың тоғызқұмалаққа қызығушылығы басым екен. Мендегі басты мақсат – қазақтың ұлттық ойындарын елімізде және ха­лық­аралық аренада таныту.

– Әңгімеңізге рахмет. Іске сәт!

Әңгімелескен – Зейін ЕРҒАЛИ, «Egemen Qazaqstan» 

Дереккөз: Egemen.kz

«Talapai» - ұлттық креативті ойындарды жаңғыртқан бренд