Мен Америкада өмірімнің жартысын өткізіп жатырмын. Келесі жартысы қайда өрбитінін білмеймін. Елге тартпайды емес, тартады. «Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді» демекші, мен Қазақстаннан кеткеніммен, Қазақстан менен кетпейді. «Еліңді, жеріңді, тіліңді ұмытпа» деп санама құйған ата-анамның тәрбиесі қаныма сіңіп кеткен. Оңтүстік өңірде өскенім де рөл ойнайды.
Кейінгі кезде «қазақтың «миы» қиырда жүр» деген пікірді жиі еститін болдық. Миы миллиардтаған ақшаға бағаланған мықты мамандардың мұхит асып кеткеніне көпшілік налып, олардың елге бүйрегі бұрып тұратынына күмән келтіреді. Алайда, Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінде (UCLA) зертхана жетекшісі қызметін атқаратын Сәкен Шерханов бұл шындыққа жанаспайды дейді. Америкада тұрып жатқанына 27 жыл болса да, елдегі ғылыми зерттеу ісіне алаңдайтынын, ондағы оқушылар мен жас ғалымдардан көмегін аямайтынын айтады. Алдағы уақытта елге оралып, ғылыми ортаның әлеуетін арттыру арқылы маңызы зор жобалар жасағысы келетін ғалымға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Ең алдымен сұрағым келетіні: «Болашағымды биология ғылымымен байланыстырамын. Бітті. Болды» деген түсінік сізге қашан және қалай келді?
– Мен биология ғылымын кішкентай кезімнен ұнатамын. Түркістанның Бабайқорған деген ауылында құмға аунап, тасқа қыздырынып өскен баламын. Мал ұстадық, бау-бақшамыз болды. Сосын оқуға барар кезде Түркістанға отбасыммен бірге көшіп келдім. Десе де, бала күнімнен жәндіктерді жақсы көретінмін. Ата-анам мен неге қызықсам, соның бәрін алдыма әкеп беретін. Бетімнен қақпай өсірді. Содан соң «Мынаны оқы» деп көп кітап әкеп беретін профессор нағашы ағамның да әсері көп тиді. Әлі есімде, ол кісі әкеп берген қарақұрт туралы кітапты оқыған соң, сол жәндікті жіті зерттеп, ақырында оны «жақсы көріп» қалдым. Балалар кішкентай кезінде жыланнан, қарақұрттан, өрмекшіден қорқады ғой. Ал мен керісінше, оларды көре қалсам, ұстай қалып, айналама құрылымын түсіндіре жөнелетінмін. Сөйтіп жүргенде Қазақстан бойынша бірінші болып Түркістанда 1992 жылы ашылған қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Біз – қазақ-түрік лицейінің алғашқы түлектеріміз. Онда сапалы білім алып, жан-жақты ізденуімізге мол мүмкіндік жасалды. Енді егемен ел атанып, Білім министрлігінің іргесі көтеріліп жатқан кез. Сол уақытта министрліктегілер ел бойынша бізді Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысуға лайық деп санап, мұғалімдермен тыңғылықты дайындалдық. Мен сол олимпиадаларға үш жыл қатарынан қатыстым. Үшінші жылы барған үш оқушының арасынан досым екеуіміз алтын иеленіп, ал бір бала күміс жүлде алды. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін биологиядан Қазақстаннан ешкім алтын жүлде алмаған екен. Мен 2012 жылы Тайваньда өткен олимпиадада Қазақстан командасына координатор болғанмын. Сол кезде команда жетекшілері биологиядан менен кейін әлі ешкім алтын жүлде алмағанын айтты. Лицей бітіріп, Қазақстанда бір жылдай тұрған соң, айналамдағылар «Білім қайда болса, сонда бар» деп, ақырында өз күшіммен Америкаға кетіп қалдым. Ағылшыншам жақсы болғандықтан, онда тіл курсын екі ай ғана оқыдым. Сосын community college, біздің тілмен айтқанда техникумға түсіп, онда екі жыл оқыдым. Жағдайым жоқ болғандықтан, мейрамхана, кітапханаларда жұмыс істеп, оқу ақысын төледім. Сосын ең үздік университеттердің бірі саналатын Калифорния технология университетіне (Caltech-Калтех) ауыстырылдым. Негізі, Гарвард, Лос Анджелестегі Калифорния университетіне (UCLA) түскенмін. Алайда Калтехте оқығанды жөн санадым.
– Америкада ертеректе оқуға түскен қазақстандық студенттер оқуға тапсырарда халықаралық олимпиадалардан алған жүлденің ықпалы зор болғанын айтады. Ал сізге олимпиаданың алтын жүлдесі көмектесе алды ма?
– Әлбетте, көп көмегін тигізді. Калтехке қабылданған соң, бірден оқуды бастап кетпейсің. Емтихан, сұхбаттасу секілді процестер ұзаққа жалғасады. Тағы бір айта кетерлігі, Америкада халықаралық студент болу да оңай емес. Олар Қазақстанның қандай ел, қайда орналасқанын да білмейді. Комитеттегілер «Біз сенің еліңнің қайда екенін, ол жақта студенттерге баға қалай қойылатынын білмейміз. Бірақ олимпиадада алған жүлделеріңді көріп, сені автоматты түрде оқуға қабылдадық» дегені есімде. Кейін Сингапурдан, Түркиядан, Тайландтан келген студенттермен танысқанда бәріміздің олимпиада жүлдегерлері екенімізді білдім. Сөйтсем, олимпиадаларға қатысқан студенттерге басымдық береді екен. Алайда қазір де солай ғой. Оқушы олимпиададан орын алса, кез келген университетке түсуге жол ашылады. Менен кейін Калтехке түскен 3-4 қазақтар да – олимпиададан жүлде алғандар.
– Ал ғылым жолына қалай келдіңіз? Бір оқумен шектелгіңіз келмейтінін, америкалықтар қызығатын жобалар жүргізгіңіз келетінін қашан түсіндіңіз?
– Калтехті бітірген соң, жалпы мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Мұнда мектептердің жағдайы мәз емес. Бес-алты маман жиналып, осында мектеп ашқанбыз. Сонда бес жылдай ұстаздық еттім. Содан кейін биохимия саласы мықты жолға қойылған Калифорния университетінің (UCLA) докторантурасына оқуға түстім. Бізде Қазақстанда қалай екенін білмеймін, мұнда докторант болсаң, ғылыми зерттеу жазуың керек. Жалпақ тілмен айтқанда, дүниежүзінде ешкім істемеген нәрсе жасауың керек. Сол кездері жаһандық жылыну, мұнайға балама энергия көздері тақырыбы өзекті болатын. Осылайша, ғылыми зерттеу жүргізе бастадым. Бұл оқудың өзіндік қызықтары мен қиындықтары да болды. Қиындығын сөз етсем, зерттеуімді әлемдік басылымға шығарғалы жатқанда, менің идеямды басқа бір ғалым тауып, менен бұрын зерттеп-зерделеп, жариялап қойғанын білдім. Мен ол уақытта басқа ғалымның мұны зерттеп жатқанын да білмедім. Сөйтіп, басқа идеяны жетілдіріп, ғылыми зерттеу жасап шықтым. Осылайша, оқу мерзімі бес жылдың орнына алты жарым жылға жалғасты. Оны бітірген соң, екі жылдай биотехнология индустриясында жұмыс істедім. Сосын өзім оқыған университеттің зертханасына қайта келдім. Оның алдында екі жас ғалыммен бірге бірнеше зерттеуден қорытынды шығаруды ойластырып жүргенбіз. Сөйтіп, үшеуіміз синтетикалық биохимия платформасын әзірледік. Мұның соңы немен аяқталатыны өзіме де қызық болды. Сөйтіп, бір жыл істеп көрейін деп шештім. Бір жыл ішінде қолға алған бұл жобаның нәтижесі біз ойлағаннан да асып түсті. Түрлі конференцияға қатысып, инвестиция қорын таптық. Ақырында мұны биотехнологиялық компания етіп жасақтадық. Содан соң мен университет зертханасында қалатын болып шештім. Ал қалған екі маман біз құрған компанияда қалды. Осылайша, университет пен компания арасында ынтымақтастық орнатып, бірнеше стартапты бірге дамыттық. Ал бастығымыз – менің егде жастағы профессорым барлық жобаны бақылап отырғанымен, зертханаға қатысы болмады. Біз үлкен зерттеуімізді бастаған кезде пандемия басталып кетті. Сосын профессор «Өздерің жүргізе беріңдер» деп барлық жұмысты бізге тастап, басқа қалаға көшіп кетті. Содан бері осы зертханадамын. Толығымен ғылыми зерттеу жұмысына беріліп кеттім. Дәл қазір командада он бес шақты маман бар. Осы уақытқа дейін 10 млн доллар көлемінде гранттар алып, өнімді еңбек еттік.
– Бір сұхбатыңызда зерттеу жағынан сіздің командаңыз жеткен жетістікке әлі ешкім жеткен жоқ екенін айтып қалдыңыз. Жобаңыздың ерекшелігі туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Жобамыздың басты мақсаты – ақуыздан айырылып алынатын биоотын өндіру. Біздің биоплатформада мұны өндіруге болатын бактерия, адам ағзасындағы ақуыз, вулкан түбінде өмір сүретін археобактерия секілді 15 шақты ақуыз бар. Біз соны сыртқа шығарып, толығымен инженерия жасап, сосын түтікте өзара реакциясын бақылаймыз. Түрлі ағзадан оңтайлы ақуызды алып, қышқылын қойып, биоотын жинап аламыз. Ақуыздар ұзақ өмір сүруі керек. Көбі ұзаққа шыдамайды. Ал ұзақ уақытқа шыдамды болуы үшін гендік инженерия жасаймыз. Одан бөлек, бірнеше университет қызығушылық танытқан, денсаулық сақтау ісіне қатысты күрделі жобамыз да бар.
– Зертхана жетекшісі болу қиын емес пе?
– Мен басқара білгенім үшін жетекші қызметіне сайландым. Неғұрлым көп нәтиже шығарып, өз сөзіңді тыңдата білсең, аса қиын түгі жоқ. Бізде бір профессорлар бір литрден 50 грамм био отын алып шықты. Ал мен мұны ең максимум саналған 60 граммға жеткіздім. Сосын бір жарым жыл ішінде 150, содан соң 240-қа жеткіздім. 60-тан 240-қа жеткізу деген – үлкен нәтиже. Мен әдепкіде бұл зертханада бір ғана жыл істеймін деп ойлағанмын. Алайда әлгі жетістіктен соң, автоматты түрде грант беріліп тұрған соң, профессорлар сонда қалуымды өтінді. Сөйтіп, үлкен грант алған соң, сол жобаның басы-қасында жүру үшін зертханадағы жұмысымды әрі қарай жалғастыру туралы шешім қабылдадым.
– Ғылыми зерттеу ісіне берілгеніңіз сөзіңізден-ақ байқалып тұр. Нәтиже шыққанша үй көрмейтін, тіпті зертханада түнеуге дайын ғалымдардың қатарынан секілдісіз.
– Дәл солай. Бала-шағам «Үйге жай келесің» деп талай рет ескертті. Алайда жан-тәніңмен беріліп істесең, жұмысың өміріңнің мәні болып кетеді екен. Дегенмен бұл тәртіпке екінің бірі шыдас бере алмайды. Біреуі бас тартса, екіншісі басқа жобаға ауысып кетеді. Себебі расында, бұл өмір сүру стиліңе айналып кетеді. Әсіресе, биореакторға литрлеп биоотын жинаған кезде, бес күн қатарынан зертханада болуың керек. Кейде әріптестеріммен бір-бірден ауысып, жұмыс істейтін едік. Пандемия уақытында көбі жұмысқа келе алмады. Сол кезде мен бес күн бойы зертханаға түнедім. Үйге жуыну, тамақ ішу үшін ғана барып жүрдім. Нәтиже қалай шығатыны өзіме де қызық болды. Бойымды азарт биледі. Дейтұрғанмен, арада тепе-теңдікті ұстауға да тырысамын. Мысалы, жеті күн бойы тоқтамай жұмыс істесем, бір күн отбасыммен демаламын. Ал былайынша, өз жұмысымды қатты жақсы көремін.
– 2012 жылы Тайваньда өткен олимпиадада Қазақстан командасына координатор болғаныңызды айтып қалдыңыз. Сыртта жүргеніңізге ширек ғасыр болса да, болашағын ғылыммен байланыстырған қазақстандық оқушыларға бәрібір бүйрегіңіз бұрып, тіпті арнайы Америкадан келіп, координатор болғаныңызға таңырқап отырмын.
– Мен қолымнан келген көмекті аянып қалмаймын. Мен секілді Калтехте оқыған Ернұр Рысмағамбетов деген досым бар. Ол – қазақстандық оқушыларды халықаралық олимпиадаларға қатыстырамын, елде бәсі биік ғылыми олимпиадалар өткіземін деп шапқылап-шауып, «Дарын» орталығының мәртебесін көтеріп жүрген ұлтжанды азамат. Ол бірде Лос Анджелесте өткен жобалар олимпиадасына елден бірнеше студентті алып келді. Сол кезде маған хабарласып, келіп қолдау көрсетуімді, бір қыз оқушының жобасына көмек керек екенін айтып, шақырған еді. Сөйтіп, екі күн олармен бірлесіп, жұмыс істеп, шама-шарқы жеткенше көмектестім. Биологиядан менен кейін әлі ешкім алтын жүлде алмағанын сол кезде жетекшілерден білдім. Бәлкім, одан кейін алғандар бар шығар. Сол кезде олар Қазақстанға келіп көмектесуімді өтінді. Мен бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, кейін елге барып, олармен етене жұмыс істедім. Сосын бірде «Тайваньда өтетін олимпиадаға координатор болып барсаңшы» деп ұсыныс айтты. Мұны да қуана қабылдадым. Ол уақытта қазақстандық команданы бастап апаратын координаторлардың ағылшыншасы анау айтқандай жетік емес-тін. Сөйтіп, Қазақстаннан төрт баланы дайындап, Тайваньға жарысқа апардық. Пайдамыз тиген болар, сол жарыста 1 күміс, 2 қола медаль арқалап қайттық.
– Бұл көмегіңізді кезінде сізге жол ашып берген олимпиада медалінің ықпалы болар деп түсіндім.
– Дәл солай. Бар білгенімді үйрету – менің өмірлік философиям. Білгеніңді бөліспесең, оның не пайдасы бар? Оны іште сақтап, «тек өзім білемін» дегеннен не пайда? Екіншіден, менің бүгінгі жетістіктерім – лицейдегі мұғалімдердің арқасы. Олар бізді терлеп-тепшіп жүріп оқытып, ақыр аяғында адам қылды ғой. Сол сияқты мен де буыны енді қатайған жастарға көмектескім келеді. Құдайға шүкір, жағдайым жаман емес. Менде бәрі бар. Бұл дүниеден сауаптан басқа не алып кетесің? Ештеңе. Ал мен басқаларға не бере аламын? Ілім мен білім. Бұл ілім мен білімді кімге бере аламын? Өз еліме. Өз жеріме. Өз халқыма. Менің философиям – осы. Мен біреуге көмектесуді қиынсынбаймын. Қайта қуанамын. Елдегілер мені көрген сайын «Қазақстанға келесің бе? Көмектесе аласың ба?» деп сұрайды. Әрине, көмектесемін. Назарбаев, Биотехнология университеттері ашылғанда химикаттар, препараттарды қайдан алуға болатынын айтып, көмектескенбіз. «Шетке кеттім, болды, мені мазаламаңдар» деген түгім жоқ.
Толығырақ оқу үшін https://turkystan.kz/article/238996-amerikada-y-aza-alymy-aza-stan-meni-nege-sha-yrmaydy сілтемесіне өтіңіз.
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ