22 қарашада Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Диаспора істері жөніндегі министрлері мен мекеме басшыларының Бесінші кездесуі өтті.
Кездесуді Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрі Гулнара Батырова ашты. Министр ханым кездесудің Түркі Мемлекеттер Ұйымы шеңберінде 2022 жылы Баку/Шуша халықаралық форумында қабылданған «Бірлескен іc-әрекет жоспарының» нәтижелерін және жаңа жоспарды қабылдау екенін атап өтті.
Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев диаспора бағытында мемлекет басшылары қабылдаған шешімдер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кездесуге Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Венгрия елдерінің, ТМҰ Хатшылығы өкілдері қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ президенті А.Сапарбекұлы:
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде «Түркі әлемінің негізгі мақсаты - өзара сенімге және ынтымақтастық пен бауырластыққа негізделген бірлікті сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау» екенін атап өткен болатын. Бүгінгі кездесу "TURKTIME" ұранымен тығыз сабақтас.
Осы орайда А.Сапарбекұлы биыл «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен шетелдегі отандастарымызға арналған «Қазәлем» веб-порталы және Yurt жобасына тоқталып өтті.
Qazalem – шетелдегі отандастарға, атап айтқанда, Қазақстан азаматы емес, этникалық қазақтарға, бұрынғы отандастарға,шетелде тұрып жатқан, жұмыс істейтін немесе оқитын Қазақстан азаматтарына бірнеше тілде ақпараттар мен онлайн қызмет ұсынады.
Бұл платформаларда қазақ тілін үйрету, ұлттық аспаптар мен ұлттық ойындар және ұлттық тағамдар жасау, ұлттық киімдер, әшекейлер секілді туындыларын портал арқылы шетелдегі отандастарымызға таныстыру; «Алтын бесік» атты жоба арқылы шетелдегі жастар қазақстандық отбасының үйінде тұрып, бір апта мен бірнеше ай аралығында Атажұртпен танысып, қазақ тілін, мәдениетін үйрену, ал Метаәлем виртуалды платформада қолданушыларға түрлі форумдарға қатысу мүмкіндігне ие болады.
Ал, «Yurt» мобильдік қосымшасында отандастарымыз шетелде жүріп, бір-бірімен карта арқылы байланысып, қазақ елшіліктері мен консулдықтарын таба алады.
А.Сапарбекұлы «Мүше мемлекеттердің диаспоралық институттары арасындағы тәжірибе алмасу», «Түркі диаспораларының әлеуетін арттыру», «Түркі апталығы» туралы т.б. бағдарламаларға байланысты мәселелерге тоқталып, Қазақстан тарабының 2025 жылы Түркітілдес елдердің III Диаспора Форумын өткізетінін мәлімдеді. Кездесу шеңберінде Отандастар қоры басшысының өз әріптестерімен екі жақты кездесулері өтті