2022 жылдың 9-10 маусым аралығында Өзбекстандағы Республикалық қазақ мәдени орталығының 30 жылдығына арналған мерейтой өтті.
Мерейтойға Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті құзырындағы Ұлтаралық қатынастар және шет мемлекеттермен достық байланыстар комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы Рустамбек Курбанов, «Отандастар Қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қоғам) президенті Абзал Сапарбекұлы, ҚР Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстандағы Республикалық Қазақ мәдени ортылығының (бұдан әрі – Орталық) басшысы Үсенов Серік және Өзбекстанның барлық аудандарындағы Қазақ мәдени орталықтарының басшылары мен Өзбекстанда тұратын өзге ұлт орталықтарының өкілдері қатысты.
Бірінші күні, 9 маусымда, Қоғам делегациясы Төле бидің жатқан жеріне зиярат етіп, құран бағыштаудан бастады.
Сонымен қатар Комитет, Қоғам және Орталық өкілдерінің қатысуымен «Халықтар достығы» алаңындағы Ш.Шомахмудовтар жанұясы ескерткішіне, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бағдарлама бойынша Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінде Орталықтың 30 жылдығына арналған «Өзбекстан қазақтары: экономика, ғылым және мәдениет» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Іс-шараның мақсаты – Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бастап көп ұлттардың бір аспан астында бейбіт, бір болып өмір сүруіне жағдай жасап, «этник» сөзіне лайықты дамыту мен ұлтаралық қатынастарды нығайтуда Орталықтың 30 жыл ішінде атқарған жұмыстармен таныстыру.
Конференцияда «Орталықтың 30 жылда атқарған игі шаралары», «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ыңтымақтастықтың келешегі», «Қазақстан халықтары Ассамблеясының ұлтаралық қатынастарды дамытудағы рөлі» мен «Шет мемлекеттермен достық байланыстарда қандастардың орны» атты тақырыптар қозғалды.
Қоғам президенті А. Сапарбекұлы конференцияда құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде А. Сапарбекұлы:
Тарихқа үңілсек, қазақ және өзбек бауырларымыз ерте заманнан бері малы қоралас, егіншіліктері аралас болып келген туысқан халықтар екені белгілі. Өзбекстандағы қазақтар республиканың тек қана экономика, ғылым және мәдениет саласына ғана өз үлесін қосып қойған жоқ, олар өмірдің барлық саласына белсене ат салысты. Ең бастысы – қазақ пен өзбек бауырлар халықтар арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен еңбек сіңірді. Мыңдаған қазақ жастары жоғары оқу орындарында білім алып, Өзбекстанды көркейтуге бар күш-жігерін салды. Өз кезегінде өзбек елі де қазақ ағайындардың рухани өмірінің сұраныстарына ден қойып, қазақтардың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын сақтауына, ана тілінде оқуына жағдай жасады. Бүгінгі конференцияның да негізгі мақсаты – екі халық арасында қалыптасқан жарасымды тату-тәтті, достық ықылас-пейілді одан нығайта беру, болашақтың ірге тасын осы бастан қалау керек деп ойлаймын. Конференция жұмысына сәттілік пен табыс тілеймін.
Қоғамның жобалар координаторы Қ.Қобландин:
Қазақ мәдени орталығының даму тарихын – бұл өткен замандағы алаш арыстарының азаттық пен бостандық жолындағы күресінің тарихы, Өзбекстандағы қазақ бауырларымыздың өмір тарихының жылнама шежіресі ретінде қарастыруға болатының атап өтті. Қазақ мәдени орталығының қазіргі таңда алға қойған мақсаттары – бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестік, достық, ынтымақтастық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал жасау, екі елдің рухани ұлттық құндылықтарын сақтау әрі дәріптеу, тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайту, барыс/келіс, адами ағайынгершілік қатынастардың дамуын жүзеге асыру жолында күрделі де ауқымды жұмыстар жасалатынына сенім білдіреміз деді.
Конференция барысында Өзбекстанның қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. «Өзбекстан – бақытты ұлттар мекені» атты Өзбекстан қазақ ұлттық орталығының 30 жылдық мерейтойына Қазақстан тарапынан қолдау көрсеткен «Отандастар қорына», ұйымдастырушыларға, барлық қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді.
Іс-шара барысында Қоғам делегациясы Комитет және Өзбекстанның «VATANDOSHLAR jamoat fondi» басшылықтарымен кездесіп, бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу тақырыптары талқыланды.
Қоғам Өзбекстандағы ұлттық мәдени орталықтың 30 жылдығы аясында Өзбекстандағы қазақ диаспорасының ауқымды мерекесінде Еліміздің имиджін көтеретін Қазақстанның атынан Концерт өткізді.
Өткізілген орны: Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласы, «Түркістан» концерт сарайы, 9-10 маусым 2022 жыл
Концерттің мақсаты: отандастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасын ұлтаралық татулығын, мәңгі достығымыздың, қазақ пен өзбек ағайындылардың мәдени және рухани тұтастығының нығайту мен шығармашылық ынтымақтастықты жалғастыру, сондай-ақ халықтар арасында мәдениетті өзара байыту, өскелең ұрпақты толеранттылық пен достық рухында тәрбиелеу, шекараралас ынтымақтастықты нығайту.
Концертте Қазақстаннан Ж.Шанин театрының әртістері, эстрада әншілері мен Қазына би тобы, Оркестр әртістері және Опера балет театрының балет тобы өнер көрсетті. Атап айтсақ, Майра Мұхамедқызы, Тұрар Әлменов, Хадиша Шалабаева, Нұрлан Балтақожа, Айгүл Азатова, Махмуд Урумбаев және Фархат Ескенеев сынды елге белгілі өнерпаздар ән шырқады. Артистер республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары және лауреаттары.
Концерт 2022 ж.10 маусымда іс-шараның бағдарламасына сәйкес Ташкент қаласында «Түркістан» концерт сарайында ұйымдастырылды.
Концерттің салтанатты ашылу рәсімінде «Отандастар қоры» КеАҚ президенті А.Сапарбекұлы, Өзбекстан Республиқасының Ұлтаралық қатынастар және шет мемлекеттермен достық байланыстары комитетінің төрағасы Рустамбек Курбанов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени ортылығының төрағасы Серікбай Үсенов құттықтау сөз сөйледі.
Қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы барлық ұйымдастырушыларға алғыс бідіріп, Орталықтық төрағасы Серікбай Үсеновке шапан жапты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Еуразиялық көркемсурет одағының мүшесі, белгілі қазақстандық сүретші Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлының керемет туындысын сыйлады.
Концерттік бағдарлама ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып көрініс тапқан тәрбиелік мәні зор сахналық қойылыммен басталды.
Сахналық қойылымдар, ұлттық салт дәстүр бейнеленген көріністер, қазақы ою өрнек, ұлттық нақышты киімдер бірі-бірімен жарасым тауып тұрды.
Әдемі ән кешінде Шымкент мәдени үйінің шығармашылық ұйымының классикалық, дәстүрлі және эстрадалық вокал артистері мен эстраданың басқа да өкілдері елге танымал әндерді жұптасып және жекелей орындап, келген көрерменге керемет кеш сыйлады. Сахнада танымал халық композициялары мен отандық композиторлардың шығармалары бірегей интерпретацияда және заманауи өңдеуде орындалды.
Тал шыбықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Саз әуеніне ырғала тербелген мың бұралған бишілер көл-көсір қошеметке ие болды.
Салтанатты кешке куә болған қандастарымыз өз ризашылықтарын білдіріп әртістер мен ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды. Концерт әдемі, достық атмосферада өтті.
Концерт әр-түрлі жастағы 1000-ға жуық адамды қамтыды.
Сондай-ақ аталмыш шарада қазақ ұлт өкілдерінің көрнекті суретшілері, қолөнер бұйымдарының және жазушылар кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.
Қоғам 2022 жылғы 10 маусымда концертпен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарының білім көрмесін өткізді. Оған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің өкілдері қатысты. Көрмеге қатысқан оқу орындар мүмкіндігінше отандастардың сұрақтарына жауап беріп оларды қызықтырған оқу бағдарламалары бойынша өзекті ақпарат ұсынды. Отандастар «Білім» көрмесіне қызығушылық танытып, белсенді қатысты.
Орталықтың 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шараларға ҚР Өзбекстандағы Елшілігі тарапынан қолдау көрсетілді.