21-ақпан - «Халықаралық ана тілі» күні - 1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның Бас Конференциясы 30-ыншы сессиясының шешімімен бекітілген және 2000 жылғы ақпанның 21-інен бастап тілдік және мәдени әр алуандықты қорғау мақсатында атап өтіледі.
Осы атаулы күнге орай мемлекеттік тілдің мерейін асырып, ана тілімізді ардақтау мақсатында «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның Мәдени-гуманитарлық жобалар департаменті 2020 жылғы 1-15 ақпан аралығында алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ балалары арасында қандастардың қазақ тілі мен әдебиетіне құштарлығын арттыра түсу үшін халықаралық шығармашылық байқау жариялайды.
«АНА ТІЛІМ - АРДАҒЫМ» халықаралық байқауының басты шарты:
- Байқау талабына сай жазылған шығармалар «Отандастар» қорына электронды пошта арқылы жолданады. Электронды адрес: info@oq.qov.kz; serik_abduali@mail.ru
- Байқауға алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ балалары (8-11 сынып оқушылары) - қандас ұл-қыздар қатыса алады;
- Байқауға қатысуға талапкер оқушылар «Отандастар» қорына «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлтымыздың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап өзінің ой-толғамын шағын шығарма етіп жазуы тиіс. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтап, олардың өнегелі өмір жолы мен өміршең туындылары туралы шығарманы қара сөзбен немесе өлең жанрында жазуға болады. Көлемі А4 форматындағы 2 беттен аспауы керек;
- Шығарма авторы өзінің аты-жөні, туған жылы, айы, күні, тұрғылықты мекен-жайы және жеке басына қатысты мәліметтерді жеке парақта, бөлек жазуы тиіс;
- Байқауға жолданатын шығармаларды қабылдаудың межелі мерзімі: 1 ақпан - 15 ақпан аралығы;
- Байқауға жолданған шығармаларды білікті тіл-әдебиет мамандарынан құрылған қазылар алқасы іріктеп-сұрыптап, ең үздік деп танылған 6 (алты) туындының авторы жүлдегерлер деп танылады.
- Жүлделі орындар: I орын - біреу; II орын - екеу; III орын - үшеу, барлығы 6 жүлде.
- I орын - «Туған елге саяхат» туристік пойызына 1 (бір) жолдама;
- II орын - Бурабайдағы «Балдәурен» балалар лагеріне 2 (екі) жолдама;
- III орын - НЗМ (НИШ) лагеріне 3 (үш) жолдама (Нұр-Сұлтан қаласы).
- Жүлдегерлердің Қазақстанға келіп-кету жолақысы және күтіп алу-шығарып салу шығыны «Отандастар» қоры есебінен төленеді.
- Жеңімпаз бен жүлдегерлер 20 ақпанға дейін анықталып, үздік үштікке енгендердің есімі 21 ақпан - Халықаралық Ана тілі күнінде жария етіледі және Қор сайты мен әлеуметтік желілерде жазылады.
- Байқау туралы ақпараттық материалдар «Отандастар» сайтына және oq-bilim.kz, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылады.