«Отандастар қоры» қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы Түрік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу мырзамен кездесті

28 Қыркүйек, 2023

Кездесу барысында бауырлас мемлекеттердің мәдени - гуманитарлық және саяси - экономикалық ынтымақтастығы талқыланды. Түрік Елшісі ағайын екі ел арасындағы соңғы жылдары қарқын алған инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше тоқталып, Түркия Қазақстандағы алғашқы 10 инвестор елдердің қатарына кіргенін мақтан етті. 

Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жемісті салаларының бірі диаспоралық өзара іс-әрекеттестіктің екі жақты және ТМҰ ( Түркі мемлекеттері ұйымы) шеңберінде көпжақты жағдайы талқыланды. «Отандастар қоры» Акционерлік Қоғамы мен Түркияның Шетелдегі түріктер агенттігі арасындағы байланыстар қолға алынды. Өз кезегінде, Абзал Сапарбекұлы өткен жылы  Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығы шеңберіндегі іс-шараларға тоқталып, ол бойынша Стамбұлда ескерткіш бой көтеріліп, арнайы деректі фильм мен ғылыми конференцияның тұсаукесері өткенін және сол көшке қамқор болған Түркияның Премьер-министрі марқұм Аднан Мендереске Алматы және Түркістанда көше атаулары берілгенін жеткізді. 

Арнайы ілтипат сәлеммен келген қонаққа ризашылық білдіре отырып, Қоғам басшысы Абзал Сапарбекұлы мәртебелі Елші Мустафа мырзаға Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдығына орай түрік және қазақ тілінде жарық көрген абыз ақсақал, көш куәгері Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабын сыйға тартты. 

Түбі бір түркі халықтарының достығы нығая берсін!

«Отандастар қоры» қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы Түрік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу мырзамен кездесті