Бұл туралы елімізге ресми іссапармен келген Қытай Халық Республикасы Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэ «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлымен кездесуінде айтты, - деп хабарлайды «Отандастар қорының» баспасөз қызметі.
Кеше «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы елімізге ресми іссапармен келген Қытай Халық Республикасы Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэ мырзамен кездесті. Тараптар кездесу барысында «Отандастар қоры» қоғамы мен ҚХР Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет арасында екіжақты байланыс орнатып, алдағы уақытта бірлескен шаралар өткізу жайын талқылады.
Өзара түсіністік пен жылы шырайда өткен жүздесуде қазақстандық тараптың Қытай елінде мекендеп жатқан қандастарымыздың мәдени ұйымдарымен байланыстарды жолға қою, мәдени-гуманитарлық бағыттағы жобаларды бірлесе атқару, ұйымдар арасында тәжірибе алмасу жайы тілге тиек етілді.
«Адамдар арасында достық болса, қара судың өзі балдай көрінеді» деген қытай даналығы бар. Мемлекеттер арасындағы достық қатынастар екі ел басшыларының сындарлы саясаты негізінде нығая түсуде.
Соңғы жылдары пандемия кесірінен екі жақты мәдени-гуманитарлық байланыстардың үлесі азайып кеткен болатын. Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытай мемлекеті мен Қазақстанның өзара ықпалдастығын мәдени-гуманитарлық, ұлттар саясаты тұрғысынан тереңдете түсу – уақыт талабы.
«Осы бағытта ҚР СІМ «Отандастар қоры» КеАҚ Сіз басқаратын мемлекеттік комитеттің қолдауымен, Қытайдағы этникалық қазақтардың мәдени ұйымдарымен тығыз байланыс орнатуға мүдделі», – деді Абзал Сапарбекұлы.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасы Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэ бүгінгі кездесудің маңыздылығы екенін ерекше айтып, жүзбе-жүз кездескеніне ризалығын білдірді. Сонымен қатар, «Cіздің ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс істеуге дайынбыз себебі, мақсатымыз бір, жалпы мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Екі ел жастарының өзара байланыстарды нығайту қажет»,-деді.
Сөз соңында екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, бірлескен іс-шараларды талқылау мақсатында «Отандастар қоры» делегациясын Қытай Халық Республикасына ресми іссапармен келуге шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.
Тараптар кездесуді қорытындылай келе, «Отандастар қоры» мен Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізеді деп сенім білдірді.