Аталмыш шараға мәдени-әлеуметтік байланыс орнату мақсатында Батыс Қазақстан облысына шектес Самара, Саратов, Орынбор, Астрахан, Челябинск облыстарындағы қазақ диаспорасының өкілдері, соның ішінде жоғары оқу орындарының белсенді студенттері, жастар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары келді.
Келген қонақтар облыстың бетке ұстар, үлгілі ауылдарының тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлерімен танысып, қой сою, қымыз ашыту, бауырсақ, қуырдақ секілді тағамдарын пісірудің қыр-сырын үйреніп, тарихи-өлкетану музейлеріне саяхаттап қайтты.
Фестивальдің алдағы күндері қатысушыларға Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасындағы музей қорығы, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлері, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша шеберлік сабақтар, спорттық-сауықтыру шаралар, «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі» және «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында семинарлар, қазақ тілін оқыту сабақтары ұйымдастырылатын болады.