Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы

27 Шілде, 2023

Биылғы жылдың шілде айынан бастап шет елде тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын беру қызметі іске қосылды ("Ата жолы" картасын ұсыну тәртібі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300032983 ).

«Ата жолы» картасы – шетелдегі этникалық қазақтар үшін Қазақстанда бизнес жүргізу мақсатында көшіп келушілерге немесе талап етілген кәсіптері бар адамдарға берілетін құжат.

«Ата жолы» картасы он жылға дейінгі мерзімге беріледі. Дегенмен, ол өтініш берушінің ұлттық паспортының қолданылу мерзіміне байланысты болады.

«Ата жолы» картасы келесі санаттардың біріне сәйкес ұсынылады:

1)      «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесін және қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығында көрсетілген мамандық иелеріне (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U050001587_ );

 2)     «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №49 бұйрығына сәйкес талап етілетін кәсіп иелеріне (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300031938 );

3)      тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген және жұмыс істеп тұрған бизнесі бар азаматтарға.

«Ата жолы» картасын ұсыну туралы өтінішті «Құтты мекен» мобильдік қосымша немесе шетелдегі Қазақстан Елшіліктері, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және Отандастар қоры арқылы өтініш бере аласыздар.

Толық ақпаратпен танысу үшін бейнероликті назарларыңызға ұсынамыз!

 

 

Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы