Мәскеуде қазақстандық жастар кездесті

14 Маусым, 2023

Ү.ж. 10 маусымда Мәскеуде өткен Ресейдің қазақ ұлттық мәдени ұйымдары мен зиялық қауым өкілдерінің кездесуі аясында Ресей астанасында білім алып жатқан қазақстандық жастармен Отандастар қорының ұйымдастыруымен жиын өтті. Бұл туралы Қоғамның баспасөз қызметі хабарлады. 

«Шет елде білім алып, уақытша түрлі салада жұмыс істеп жатқан азаматтарымыз әрдайым мемлекетіміздің назарында. Мемлекет басшысы шет елдерге ресми сапарлары  барысында отандастарымызбен кездесіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдайды. Осы ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі уақытта елімізден тыс жерлерде тұратын қазақстандықтарды онлайн-платформада біріктіру, Қазақстандағы қоғамдық өмірмен байланысты күшейту үшін qazalem.kz платформасын іске қосу бойынша жұмыс жүруде» - деген Қоғам басшысы Абзал Сапарбекұлы, тың ұсыныстар мен бастамаларға ашық екенін атап өтті.

 

Мәскеу қаласында тұратын және кәсіп істейтін Сәуле Маратқызы өз жағдайына қатысты мәселелерді айтып, бұл елге мүмкіндік үшін келгендерін, яғни қызы Томирис Жанәлінің бүгінде театр училищесінде оқып жатқанын, сәті түссе ел үшін еңбек ететінін жеткізді. 
 
Одан әрі сөз алған Еуразиялық экономикалық комиссиясы Визалық қолдау және тілдік коммуникация бөлімінің басшысы Мұрсал-Нәби Тұяқбаев өз жетістігімен бөлісіп, дипломатия мен ғылым саласында қалай қатар қызмет етуге болатындығын айтып, жастарға бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабынан қалмауға кеңес берді. 

Айта кететін жайт, шараға қатысқан жастардың ішінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының, Дипломатиялық академияның, Жоғары экономика мектебінің және Төтенше жағдайлар министрлігі академиясының студенттері мен аспиранттары болды. 

Ресей Азаматтық қорғаныс академиясының аспиранты Александр Фрайденберг Отандастар қоры шетелде білім алып жатқан барлық отандастарға арналған диалог алаңын қалыптастырса, сонда олардың арасында жүйелі коммуникацияға жол ашылар еді әрі бұл оларды елімізбен байланыстырып тұратын бір тетік болады деген ұсынысын ортаға салды. Қоғам президенті А. Сапарбекұлы ҚР Үкіметінің жоғарыда айтылған «QazAlem» интерактивті сервисі әзірленіп, пилоттық режимде іске қосылғанын айтты және мақсаты да сол екенін жеткізді.

 

Сонымен бірге жиынға қатысушы Дипломатиялық академияның магистранты Дина Ермекқызы Ресейдің Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Наставник» секілді жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отыратын бағдарламалар болса деген ұсынысын білдірді.  

Кездесуге қатысқан талапты жастардың бірі – Ақнұр Көздібай өткен ғасырдың 60-шы жылдары негізі қаланған «Жас Тұлпар» ұйымын басқарады. Ол – бүгінде Дипломатиялық академияның магистранты. Ұйым атқарып отырған жұмыстармен және болашақ жоспарларымен бөліскен ол алдағы уақытта осындай шаралардың көптеп өтуін қалайтынын және қазақстандық жастардың оған белсене қатысатынын жеткізді. 

«Қазір шетелде тұратын отандастарымыздың әлеуетін ашуымыз керек. Бүгінгідей жағдайда тең және ашық диалогқа негізделген өзара сенімді нығайту міндеті өте маңызды. Осыған байланысты барлық шетелдік отандастарды Қазақстанда өтетін конференцияларға, форумдарға, кездесулерге, фестивальдерге, дөңгелек үстелдерге, басқа да мәдени-гуманитарлық, білім беру, ғылыми халықаралық іс-шараларға белсенді қатысуды ұсынамын» деп, жиынды қорытындылаған А. Сапарбекұлы осы жылы Мәскеуде құрылған тұңғыш қазақ жастарының ұйымы – «Жас Тұлпарға» 60 жыл толатынын, бұл атаулы датаны назарынан тыс қалдырмайтынын айтты.

 

Мәскеуде қазақстандық жастар кездесті