Әлеуметтік желіде «Өзбек халқын таңғалдырған қазақ әнші жігіт» деген атпен жүктелген видеоның таралғанына біраз уақыт болса да, көпшілік онда әлі күнге дейін тілектерін қарша боратып жазып жатыр. Қарақалпақстанда туып-өскен қандасымыз Мұса Молдабаев қазақстандық тыңдармандардан мұндай реакцияны күтпегенін айтады. Өзбекстанда үлкен сұранысқа ие ARTIST жобасында кеңінен танылған ол екі ел Президенттерінің алдында ән шырқаған. Қазір он сегіз жылға жалғасқан үзілістен соң қайта өтетін әйгілі «Азия дауысы» байқауына қатысу үшін «Отандастар» қоры ұйымдастырып жатқан кастингке қатысып жатқан Мұсаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Сіз туралы дерек іздестіргенімізде, тоғыз жыл бокспен айналысқаныңызды білдім. Былғары қолғапты шегеге іліп, өнерге аяқ басуыңызға не түрткі болды?
– Мен Қарақалпақстан Республикасы Қоңырат ауданына қарасты Жаслық елді мекенінде өсіп-өндім. Тоғызыншы сыныпты аяқтағанша сонда тұрдым. «Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, тоғыз жылдай бокс үйірмесіне қатыстым. Кейін денсаулығымда кінәрат болып, бокстан қол үзуге мәжбүр болдым. Дегенмен бала кезімнен өнерге деген қызығушылық таразы басын басып кететін. Мен ес білгелі ән айтып келемін. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұрады ғой. Бұл аспапта ойнау өнері атадан балаға мирас болып жалғасып келе жатыр. Сол үйде ілулі тұрған домбыраны қолымнан тастамай, дұрыс шертуді білмесем де, үнемі дыңғырлатып жүретінмін. Қала берді, көшеге алып шығып, айқайға басып, ән айтып жүретін әдетім бар еді (күліп). Сосын мектеп табалдырығын аттаған соң, домбыра тартуды үйреніп, қазақтың ұлттық әндерін, әсіресе, Шәмші атамыздың әндерін жиі орындап жүрдім. Кейін домбырамды арқалап, мектепішілік концерттерде, ағайын-туыстың мерекелік кештерінде ән айтатын болдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Нөкіс қаласындағы мәдениет және көркем өнер колледжінің эстрада вокал бөліміне оқуға түстім. Алғашында құжаттарымды тапсырған кезде, сол колледжде сабақ беретін Қарақалпақстан Республикасының Халық әртісі, қандас әпкеміз Гүлнара Мүнтееваға жолыққан едім. Ол кезде де қолымнан домбырам түспейді. Мұны көрген ол мені әнші емес, сазгер немесе гитарашы болғысы келетін талапкер шығар деп ойласа керек. Онда қарақалпақ ұлттық аспабы ала мойнақ дутарын шертуді үйретеді, ал домбырашы мамандығын оқытатын бөлім жоқ. Сондықтан Гүлнара апай сондағы музыканттар мен мамандарға таныстырып, құжаттарымды сонда тапсыру керек екенін айтты. Мен ол кісіге әнші болғым келетінін, домбыраны ән айту үшін арқалап келгенімді айтып түсіндірдім. Ол кісі менің дауысымды тыңдап, қажетті кезеңдерден өткен соң, оқуға қабылдандым. Гүлнара апай маған бар білгенін үйретті. Ол кісімен байланысым әлі күнге дейін үзілген жоқ. Қазір Ташкентте Мемлекеттік консерватория жанындағы Батыр Закиров атындағы Ұлттық эстрада институтында 3-курста оқимын. Бірақ байқауларға баратын болсам, алдын ала Нөкіске келіп, Гүлнара апаймен дайындығымды пысықтап аламын.
– Интернетте Мұса Молдабаев деп терсек, бірден қазақтың халық әні «Самалтауды» орындаған видеоларыңыз шығады. ARTIST жобасында да осы әнді ерекше орындадыңыз. Бұл әнді сіздің «төлқұжатыңыз» десек, қателеспейтін болармыз?
– Дәл солай. «Самалтау» халық әні – жүрегіме жақын әндердің бірі. Мені көпшілікке танытқан ән – осы ән. Бізде Өзбекстанда беделді телеарналардың бірі саналатын ZO’R TV ARTIST жобасының концепциясы Қазақстанда жыл сайын өткізілетін Topjargan, «Қазақстан дауысына» ұқсас. Мен бірнеше кезеңді қамтитын кастингтен өтіп, байқаудың теленұсқасына қатыстым. Ол уақытта ауылды сағынып жүрген кезім. Әрі қазақ екенімді білдіргім келді. Сондай-ақ бірінші турдан бастап тыңдарманның есінде қалу үшін лайық өнер көрсету керек екенін түсіндім. Сөйтіп, «Самалтау» халық әнін нақышына келтіріп орындап, қазылар алқасымен қатар, тыңдармандарды таңғалдырдым десем, артық айтпаймын. Сол турдан соң көбі мені «Қазақстаннан келген әнші болса керек» деп ойлапты. Қазылар демекші, онда Өзбекстанның мега танымал әншілері төрелік етеді. Олардың ішінде өзіміздің Жеңісбек Пиязов ағамыз да бар.
– Финалға дейін іркілмей өтіп, ақтық сынға қатыспауыңызға не себеп?
– Қаның қазақ болған соң, қайсар мінез сыртқа шықпай қоймайды. Кейде қырсығып қаламыз. Өз дегенімізді істеткіміз келеді. Осындай себептермен жоба ұйымдастырушыларымен келіспеушілік болып, ақтық сынға қатыспауға тура келді.
– Осы жобадан соң сіздің шығармашылығыңызбен танысқан тыңдармандардың көбі әлеуметтік желілерде «Қарақалпақстанның Димашы» деп жарыса жазғанын көзім шалды.
– Ол жазбаларды мен де көрдім. Өзбекстанда Димашты жақсы танитын көпшілік мені оған ұқсатып жатады. Әсіресе, жоғарыда айтып өткен жобаның финалына шығар кезде осылай жазғандардың қарасы көп болды. Бірі «Қарақалпақстанның Димашы» десе, енді бірі «Өзбекстанның Димашы» деп жазыпты. Мұндай пікірді естісем, төбем көкке бір елі жетпей қалады. Димашқа ұқсатып, ол секілді болсын деп тілеудің өзі мен үшін жетістік әрі жеңіс десем болады.
– Өзбекстандық бағдарламалардың бірінде қазақша жауап бергеніңізді байқап қалдым. ARTIST жобасында да қазақша сөйлегеніңізді естідік. Әлеуметтік желідегі парақшаңызды да көбіне қазақша жүргізесіз. Қазақ екеніңізді білдіру ұстанымы бәрінен биік пе?
– Менде бұл ұстаным бұрыннан бар. Анам өмірден ерте өтті. Бізде «Ана тілі» деп бекер айтпайды ғой. Анамнан қалған жалғыз мұра – өзім және ана тілім. Қазақ тілі – анамның тілі. Анам мен өмір есігін ашқан күннен-ақ «Әлди, әлди, ақ бөпем» деп ыңылдап ән айтып, бұл тілді менің санама сіңіріп кетті. Ес білгелі қазақ тілін естіп келемін. Сондықтан қарақалпақ, өзбек тілінен бөлек, жүрген жерімде қазақша көп сөйлеуге тырысамын. Әлеуметтік желіде де қазақша көп жазамын. Жалпы, қазақ екенімді мақтан тұтамын. Шынымен де қайда барсам да, қазақ екенімді білдіріп жүргім келеді.
– Қазақстанға қаншалық жиі келіп тұрасыз?
– Бұған дейін Қазақстанда өткен екі байқауға қатысқаным бар. Жақында ғана Қызылорда қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған Кеңес Дүйсекеев атындағы халықаралық байқауға қатыстым. Оның алдында 2019 жылы Астанада өткен халықаралық байқауда бірінші орын иелендім. Қазір Қазақстанда өтетін түрлі байқаулар мен жобаларға қатысу туралы ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта атажұртқа жиі барып тұрамын деген сенімдемін.
– Былтыр желтоқсанда Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің алдында ән айтыпсыз.
– Иә, былтыр Қазақстан Президенті Ташкентке ресми іссапармен келген кезде өткізілген концертке шақырылған болатынмын. Ресми кездесуден соң өткен концертте Шавкат Мирзиёев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында екі елдің достығы берік екенін көрсету мақсатында «Жан досым» әнін орындадым. Жалпы, мен мемлекеттік концерттерге жиі қатысамын. Әсіресе, Камолиддин Орынбаев басқаратын Мемлекеттік симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақтың халық әндерін орындаймын. Одан бөлек, шет тіліндегі композицияларды да жиі айтамын. Алдағы уақытта авторлық әндер жазу, бейнеклип түсіру үшін қазір тынбай еңбектеніп жатырмын. Одан бөлек, бакалавриат бөлімін бітірген соң, сырт елде магистратура оқып, білімімді жетілдіргім келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда түсірілетін түрлі жобаға қатыспақ ойым бар.
– Түрлі жобаның біреуі «Қазақстан дауысы» емес пе?
– Иә. Шетелдік жоба болғандықтан, биыл ересектер арасындағы маусымды бастау үшін лицензия күтіп отыр-ау деймін. Биыл барлығы реттеліп, өткізілетін болса, сол жобада бағымды сынап көргім келеді.
– Байқау демекші, он сегіз жылға созылған үзілістен соң, биыл қайта ұйымдастырылатын, аты аңызға айналған «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысуға үміткерлердің бірі ретінде тіркеліпсіз. «Отандастар қорының» бастамасымен қайта жаңғырған «Азия дауысының» сахнасында шет елдерде тұратын қандастарымыз да қатыса алатыны белгілі. Өзіңізден басқа, Өзбекстаннан «Отандастар» өткізіп жатқан кастингке өтініш жібергендер бар ма?
– Менен басқа әншінің құжат тапсырғанын естімедім. Үлкендер қонақ ретінде қатыспаса, конкурсант ретінде тегі қатыспайды. Мысалы, халықаралық деңгейде беделі бар Жеңіс көке қатыспасы анық. Сондықтан қатысып жатқан жалғыз мен ғана шығар. Мен бұл туралы естіген бойда, поштамен құжаттарымды жіберіп, ән айтқан видеоларымды жолдадым. «Азия дауысына» қандастардан кімнің қатысатыны әлі белгісіз. Естуімше, үміткердің аты-жөні маусым айының соңында белгілі болады.
– Беделі биік бұл жарысқа қандастар атынан сіз қатысады деп үміттенеміз!
– Мен де солай үміттенемін!
– «МузАрт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев парақшаңызға жылы лебізін жазып, үнемі лайк басатынын ескерсек, ARTIST жобасынан кейін қазақстандық тыңдармандардан бөлек, отандық әншілер де сіздің шығармашылығыңызға тәнті болса керек. Қазақстандық әншілерден кімді сүйіп тыңдайсыз?
– Әлбетте, «МузАрт» тобын сүйіп тыңдаймын. Ол топты тыңдамайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Сәкен ағаның әлеуметтік желідегі жеке парақшама жазылғанын көргенде, қатты қуанып, марқайып қалдым. Содан соң әлем жұртшылығы секілді мен де Димаштың әндерін жиі тыңдаймын. Жалпы, мен байқауға жиі қатысатын әншілерді көп тындаймын. «Мынадай жас әнші ана байқауға қатысқалы жатыр» дегенді естісем, оның әндерін іздеп жүріп тыңдаймын. Ел ішіндегі іріктеуден іркілмей өтіп, халықаралық байқауда ел атынан қатысуға лайық деп танылса, демек ол мықты ғой. Тыңдауға тұрарлық. Көбіне «Славян базары» халықаралық байқауына қатысқан Рухия Байдүкенова, Ернар Садырбаевты бақылаймын.
– Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде Instagram-да 22 мыңға жуық жазылушысы бар «Ташкент қазақтары» атты топтың белсенді жұмыс істейтінін аңғарып, таңғалдық. Қазір Ташкентте оқып жүрген саған жергілікті қазақтар көп қолдау көрсететін болар?
– Әлбетте! Үнемі қолдап жүреді. Жылы лебіздерін аямайды. Бір-бірімізді қолдап жүруге тырысамыз. Жоғарыда айтып өткендей, ARTIST жобасында қазылар алқасында отырған Жеңіс көке жоба барысында маған көп қолдау көрсетті. Дайындық кезінде бар білгенін үйретіп, ойдағыдай өнер көрсетуіме тілекші болды. Ол кісі мемлекеттік концерттерде де қолдауды аямайтын. Сол кісі секілді аянып қалмайтын қазақтар жетерлік. Айтпақшы, ARTIST жобасы кезінде әр турда қазақша сөйлегенімді көрген Өзбекстан қазақтарының үлкені бар, кішісі бар, маған тілектерін жаудыртты. Біле білсеңіз, Ташкентте көп қазақ тұрады. Оның айналасындағы ауылдарға кірсеңіз, көп қазақты кездестіресіз. Әлгі жобадан кейін жасы кішілер «Аға, сізге үлкен рахмет!» деп тілеулестік білдірсе, үлкендеріміз «Балам, саған рахмет! Шыны керек, мында жүріп, қазақша көп сөйлемейтін едік. Бірақ сені көріп, қазақша сөйлегіміз келіп кетті. Бұдан былай қазақша жиі сөйлейтін боламыз» деп ағынан жарылды.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дереккөз: turkystan.kz