«Атамекен «іскерлік үйі» панельдік сессиясының отырысы өтті

09 Желтоқсан, 2019

«Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстел (кездесу) аясында «Атамекен «іскерлік үйі» панельдік сессиясының отырысы өтті. Қазақ диаспорасы іскер топтарының өкілдері қатысқан екі сағаттық бағдарлама өте тартымды өтті.

Панельдік сессия жұмысын ҚР сауда және интеграция министрлігінің өкілі ашып, елдің сыртқы сауда-экономикалық саясаттағы басымдықтары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді және отандастарды аталған шараларға қолдау білдіруге шақырды.

Негізгі баяндама кезінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Нұрлыбек Мұқанов кәсіпкерлерге соларға арналған ең негізгі әрі өзекті бағдарламаларды таныстырды. Спикер панельдік сессияға қатысушыларды инвесторлар тартуда белсенділік танытуға және оларға арнайы жасалған жеңілдіктерді пайдалануға шақырды.

«Отандастар қорының» Басқарушы директоры Ғазиз Тастаев шетелдік қонақтарды қандастар үшін құрылған ақпараттық-кеңес беру орталығының жұмыстарымен таныстырып, шет елдерде өткізілген іс-шаралардың (форумдардың) нәтижелерінен хабардар етті. Сонымен қатар, «Береке» және «Тұрақты ауыл» жобаларымен таныстырды. Ғазиз Тастаевтың айтуынша, іске асыруы келесі жылдан басталатын жобаларды қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 400 млн.теңге.  Панельдік сессия барысында Түркия, АҚШ, ТМД, ЕО және әлемнің басқа да бірқатар елдерінен келген «Атамекен» іскерлік үйінің өкілдері сөз сөйледі. Ал Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы төрағасы Ресейдегі іскерлік үй өкілдігінің жұмысын ұйымдастырудағы өз тәжірибесімен бөлісті.    

Естеріңізге сала кетейік, «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстеліне әлемнің 26 елінен 150-ден астам делегат қатысуда.

«Атамекен «іскерлік үйі» панельдік сессиясының отырысы өтті