Апта соңында Kaznews порталында осындай мазмұндағы ақпарат жарық көрді. Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, байқаудың мақсаты - ел арасында ұмытылып бара жатқан халық ән, күйлерін қайта жаңғыртып, көпшіліктің назарына ұсыну. Сондай-ақ ел ішіндегі дарынды азаматтарды анықтап, насихаттау.
Байқау ел арасындағы дарынды өнерпаздарды іздеу, анықтау, насихаттауға бағытталғандықтан, аймақтық музыкалық драма театры, аудандардың мәдениет орталықтарында жұмыс істейтін кәсіби әншілер мен күйшілер қатыса алмайды. Байқауға тек кәмелет жасына толған қарапайым азаматтар қатысады. Байқаудың шарттары халық және дәстүрлі ән аталымын негіз еткен. Бұл аталымға азаматтар Моңғолия қазақтарының халық және дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындау талап етіледі. Ал күй аталымы бойыншада Моңғолия қазақтарының күйлері мен әуендерін домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай, т.б. ұлт аспаптарының сүйемелдеуімен орындауы керек.
«Жыршы» деп аталатын үшінші аталымында да Моңғолия қазақтарының батырлық, тарихи, ғашықтық жырларын мақаммен орындау талап етіледі екен. Аталған байқаудың төртінші шарты - таңдалып алынған туынды халық арасында көмескіленіп, ұмыт болып бара жатқан ән, күй, жыр болуы керек. Айта кетейік, халық өнерпаздары байқауының жеңімпаздары 1 шілде күні анықталады.